• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Университет Бүгін, 14:40

Түркістанда халықаралық қазақ-корей IT университеті ашылды

30 рет
көрсетілді

Түркістан қаласында «Woosong University Kazakhstan» университетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа жоғары оқу орнының ашылуы – Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы білім және ғылым саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдету жолындағы маңызды қадам, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ашылу салтанатына Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжо Тэ Ик, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, сондай-ақ «Вусонг білім қорының» құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Ким Сон Кёнг мырза қатысты.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта түрлі форматта 40 стратегиялық әріптестік жүзеге асырылды, оның 33-і – шетелдік университеттер филиалдары. Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз – рухани бай әрі көне Түркістан қаласында Корея Республикасының жетекші университетінің филиалы ашылды. Бұл жоғары оқу орны жай ғана білім беру алаңы емес, халықаралық ынтымақтастық пен инновациялар орталығы және еліміздің зияткерлік капиталын қалыптастыратын жоғары білікті мамандар даярлайтын ортаға айналады», деді вице-премьер Ермек Кошербаев филиалдың ашылу салтанатында.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші білім беру хабына айналдыруға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті. Елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу осы стратегиялық мақсатқа жетудің маңызды бөлігі екенін айтты. «Woosong University Kazakhstan» директоры Хва Чон Ён университеттің миссиясы, негізгі білім беру бағдарламалары, ғылыми бағыттары және халықаралық серіктестік туралы кеңінен баяндады.

Жалпы ауданы 16 252 шаршы метрді құрайтын университетте екі білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Студенттер «Жасанды интеллект» және «Деректер туралы ғылым» мамандықтары бойынша білім алады. Жоғарыда аталған бағдарламалар аясында «Қос диплом» және «Академиялық ұтқырлық» мүмкіндіктері қарастырылған. «Қос диплом» бағдарламасы аясында студенттер 2 жылды «Woosong University Kazakhstan» университетінде және 2 жылды Woosong University (Корея) немесе Woosong University-дің әлемдегі серіктес оқу ордаларының бірінде оқи алады. Бағдарламаны аяқтаған студенттер екі дипломға ие болады. «Алмасу бағдарламасы» аясында шетелде оқу, тәжірибеден өту мүмкіндіктері бар.

Университетте арнайы профессорлық-оқытушылар құрамы жасақталған. Университеттің материалдық-техникалық базасында 600 орындық жатақхана, Woosong University (Корея) базасындағы электрондық кітапхана бар. Бүгінде Түркістанға Кореядан 100-ге жуық студент арнайы келді. Олар алдағы бір ай бойы осында білім алып, жергілікті жастармен тәжірибе алмасады. Ал Түркістан облысы әкімдігі тарапынан университетке 100 грант бөлініп, олардың басым бөлігі өңір жастарына берілді. Білім ордасының 2000 студентке дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Биыл университетте білім алуға Түркістан облысынан бөлек, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Қызылорда, Жамбыл және Қарағанды облыстарынан 400-ге жуық талапкер құжат тапсырған.