Шымкент халықаралық әуежайы жүк тасымалдау саласында Еуропалық одақтың қатаң авиациялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетінін растайтын сертификатты алды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты мәлім етті.
Әуежай RA3 (Regulated Agent Third Country) мәртебесіне ие болды.
Әуежайға KZ/RA3/00004-01 деген бірегей тіркеу нөмірі беріліп, ресми түрде Еуропаның RA3 деректер базасына енгізілді. Осы мәртебе Еуропа елдеріне тікелей жүк тасымалдауды транзиттік бекеттерде қосымша тексерусіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
— Бұл жүк жеткізу уақытын жеделдетіп, логистикалық тізбектерді жеңілдетуге, серіктестердің уақыттық және қаржылық шығындарын азайтуға, сондай-ақ қаланың халықаралық әуе тасымалдаушылар мен логистикалық компаниялар үшін тартымдылығын арттыруға жол ашады.
Шымкент үшін бұл оқиғаның стратегиялық маңызы зор. Жаңа мәртебе әуежайдың Орталық Азиядағы ірі жүк хабтарының бірі ретіндегі орнын нығайтып, шетелдік әуе компанияларымен ынтымақтастық аясын кеңейтеді және Қазақстанның сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызады, — делінген хабарламада.
RA3 сертификатын алу — Қазақстанның халықаралық көлік және сауда дәліздеріне ықпалдасу жолындағы маңызды қадам саналады. Сонымен қатар ол өңірдің инвестициялық және іскерлік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, Шымкент әуежайында екінші ұшу-қону жолағы салынады. Жоба — әуежайды халықаралық деңгейдегі заманауи мультимодальды хабқа айналдыру бағдарламасының маңызды бөлігі.
Жаңа жолақтың ұзындығы — 3500 метр, ені — 60 метр болады. ПСН-80 санатындағы төсемнің беріктігі жоғары жүк көтерімді әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді.
Халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестікке ерекше назар аударылған. Жолақ шектеулі немесе мүлде көрінбейтін жағдайда да әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік беретін жүйелермен жабдықталады. Бұл әуе қатынасының тұрақтылығы мен сенімділігін айтарлықтай арттырады.