Елімізде келер жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл туралы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін таксистер мен курьерлердің салықтары мен әлеуметтік төлемдерін енді сол платформалардың өздері аударады. Яғни, Яндекс Go, Glovo сияқты сервистер орындаушылардың табысынан 4%-ын ұстап қалып, бюджетке жіберіп отырады.
Мемлекеттік кірістер комитетінің түсіндіруінше, бұл жүйе салық төлеушілерді есеп жүргізуден, чек беруден, есеп тапсырудан босатады. Барлық үдеріс автоматтандырылады.
«Қолданыстағы кодексте олар жеке кәсіпкер ретінде 3% төлейді немесе жалдамалы жұмысшы болса 10%, оған қоса әлеуметтік жарналар, зейнетақы аударымдары бар. Ал жаңа кодексте барлығы 4% ғана – әр бағытқа 1%-дан. Бұл ең төменгі мөлшерлеме әрі ашық жұмыс істеуге мүмкіндік береді», деді Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Ерқанат Шынберген.
Жаңа тәртіп бойынша табыстың 4%-ы әлеуметтік төлемдерге бөлінеді: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, Әлеуметтік сақтандыру қорына, әлеуметтік аударымдарға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға. Сонымен қатар жалдамалы жұмыс күшін пайдалануға тыйым салынады, айлық табыс 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс (2026 жылы шамамен 1,3 млн теңге), әрі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеу қажет.