• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Несие Бүгін, 18:10

Кредит пен микрозаймды төлей алмасаңыз не істеу керек?

20 рет
көрсетілді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарызын төлей алмай жүрген азаматтарға арналған арнайы тетіктер бар екенін еске салды. Заңға сәйкес, қарыз алушы банктермен, микроқаржы ұйымдарымен (МҚҰ) және коллекторлық агенттіктермен келісе алады, деп жазады Egemen.kz.

 

Шартты өзгертуге болады

Егер қаржылық жағдайыңыз қиындап кетсе, кредитті төлеу шарттарын өзгертуге өтініш бере аласыз. Ол үшін банкке, МҚҰ-ға немесе коллекторлық агенттікке жазбаша өтініш тапсыру керек. Өтінішке жағдайыңызды дәлелдейтін құжаттарды қоса бересіз. Бұл құжаттар – жұмыссыз ретінде тіркелгеніңіз туралы анықтама, жұмыстан босатылғаныңызды растайтын акт, жалақысыз демалысқа шыққаныңызды көрсететін құжат, жақын туысыңыздың ауырғанын немесе қайтыс болғанын дәлелдейтін анықтама, мүгедектіңтің бар екенін айқындайтын құжаты немесе сот актілері болуы мүмкін.

Толық тізім Агенттіктің сайтында бар. Өтінішті банкке немесе МҚҰ-ға барып жеке тапсыруға болады. Кей жағдайда мобильді қосымша немесе электрондық пошта арқылы жолдауға мүмкіндік бар. Кредитор өтінішті 15 күн ішінде қарауға міндетті.

Шағымдануға да құқылысыз

Егер банк немесе МҚҰ қабылдаған шешім көңіліңізден шықпаса, омбудсманға шағымдануға құқығыңыз бар. Банктік қарыздар бойынша – bank-ombudsman.kz сайты арқылы, ал МҚҰ қарыздары бойынша – mfombudsman.kz сайты арқылы өтініш жолдауға болады.

Шағымға қарыз шарты, төлем кестесі, банкке немесе МҚҰ-ға жазған өтініштің көшірмесі, олардың жауабы және қиын жағдайыңызды дәлелдейтін құжаттар қоса берілуі тиіс. Омбудсман қызметі тегін әрі шешімі міндетті түрде орындалады. Бірақ омбудсманға тек кредиторға ресми өтініш жасап, жауап алғаннан кейін ғана жүгіне аласыз.

Банкроттық та көмектеседі

Егер қарызды мүлде төлеу мүмкін болмаса, «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң бойынша банкроттық рәсімін бастауға болады. Ол үшін бірнеше шарт орындалуы қажет: қарыз көлемі 1600 АЕК-тен асуы; табыс жетіспеуі; сатуға болатын мүлкі болмауы; 12 ай бойы төлем жасалмауы; қарыз алушы жеке кәсіпкер болмауы; кейінгі 7 жылда банкроттықтан өтпеген; кейінгі 5 жылда қарызын қайта құрмаған болуы тиіс. Рәсім тегін және оны eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-ға барып бастауға болады.

Банкроттық рәсімінен кейін борыштар кешірілгенімен, оның салдары бар. Қарыз алушы 5 жыл бойы жаңа кредит пен қарыз ала алмайды, 3 жыл бойы мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарда қаржы басқаруға байланысты қызмет атқара алмайды. Сонымен бірге банкроттық туралы мәлімет ресми тізілімде сақталып, болашақтағы қаржылық беделге әсер етуі мүмкін. Сондықтан банкроттықты бастамас бұрын оның барлық артықшылығы мен салдарын мұқият ойлану қажет.