• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

Жетісу өнімдері елордада сұранысқа ие болды

10 рет
көрсетілді

Өткен демалыста Астанада өткен ауылшаруашылық жәрмеңкесіне Жетісу облысының тауар өндірушілері қатысып, елордалықтарға жалпы салмағы 155 тоннаға жуық 54 түрлі өнім ұсынды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жәрмеңкеге Талдықорған мен Текелі қалаларынан, сондай-ақ Алакөл, Ақсу, Сарқан, Панфилов, Кербұлақ, Қаратал, Көксу және Ескелді аудандарынан ауылшаруашылық өнімдері жеткізілді. Барлығы 154,8 тонна азық-түлік жеңілдетілген бағамен саудаланды. Оның ішінде ет, балық, сүт өнімдері, бал, көкөніс, жеміс-жидек және басқа да тауар түрлері бар.

Әсіресе ет өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Қараталдан әкелінген сиыр етін сатып алған елорда тұрғыны Нұрлан Ахметов: «Дүкен бағасымен салыстырғанда мұнда арзанырақ әрі сапасы көңілге қонады», – деп пікір білдірді.

Ал Ақсу мен Көксу аудандарының зауыттарынан шыққан қант, Ескелдінің алмасы мен жемістері, Кербұлақтың картобы мен балы көпшіліктің көңілінен шықты.

Жәрмеңкеге келген астаналықтар өнімнің табиғилығын ерекше атап өтті. Мәселен, жас ана Әлия Кеңес: «Көксудан алынған сәбіз бен қырыққабаттың жаңа терілгені бірден байқалады. Балаларым үшін осындай сапалы өнім тапқаныма қуаныштымын», – деді. Ал қала тұрғыны Айнұр Садықова болса, «Картоп пен алманың балғындығы мен дәмі дүкендегіден өзгеше» екенін айтты.

Ұйымдастырушылардың дерегінше, екі күн ішінде сатылған өнімнің жалпы құны 128,8 миллион теңгеге жеткен.

Соңғы жаңалықтар