• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 08:02

Болашақ журналистер – бас басылымда

20 рет
көрсетілді

Шыны керек, былайғы жұрт «төртінші би­лік» атаған журна­лис­тиканың рөлі қандай деген сауал алдымыз­дан жиі шығады. Цифр­ландыру, әлемдік ауқым, жеделдік, аудито­рия­мен байланыс сияқты құ­рылымдар да жаңарып барады. Ендігі жерде жур­налистер тек контент жасаушы ғана емес, медиаменеджер, ана­литик, фактчекер ре­тінде де өз міндетін ат­қаруы қажет екені күн тәртібіне еніп барады.

Осы мамандықтың қыры мен сырын білгісі келген жас буын көбіне газет-журнал редакциясына арнайы келіп, ондағы қайнап жатқан кә­сі­би өмірді көзімен көруге ын­тығады. Бұл – баяғыдан келе жатқан кәсіптік дағдының бірі. Кеше Мақсұт Нәрікбаев уни­верситетінің Халықаралық жур­налистика мамандығын­да оқитын бір топ болашақ журналист бас басылым «Egemen Qazaqstan» газеті редакциясына атбасын бұрды. Бұйымтайларын сұрасақ, аталған газеттің жұмыс барысымен танысып, материал дайындау дейтін жауапты істің ерекшелігін түсіну екен.

Газет қызметкерлері үшін ең тапшы дүниенің бірі – уақыт. Сонда да талаптанып келген жастарға жөн сілтейік деген оймен сақа журналситер өз тәжірибелерімен бөлісті. «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы қазір журналистиканың беделі арта түскенін айта келе, сонымен бір­ге бұл салаға жауапкерші­лік­тің ауадай қажеттігін алға тартты. «Газеттің ішкі өмірін біл­мей, журналист болу мүм­кін емес. Оның үстіне бұл салада қарым-қатынас та маңызды. Газет журналистикасы адамдарды сауаттылыққа үйретеді. Сол үшін осы мамандықтың қазанында қайнағысы келген адам ең алдымен сауатты болу керек. Бір айта кететін жайт – газеттің қоғамдағы рөлі туралы болмақ. Шындығында, газет – тарих. Осы кәсіптің жұмысын атқарып жүргендер – тарих жасаушылар» дегенді қосты.

Ал бас директордың орынбасары Қамбар Ахмет жас журналистерге ақпарат дайын­дау, оның дұрыс-бұрысты­­ғын қалай тексеру және ағым­да­ғы ақпарларды дер кезінде газетке қалай әзірлеу керек­тігі жөнінде тәжірибесімен бөлісті. «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орын­басары Талғат Батырхан жур­налситиканың жұмысына шы­даған адам ғана осы салада нәтиже шығаратынын айтып, болашақ журналистерге сәт-сапар тіледі.