Қазақстандықтар елдегі алғашқы атом электр станциясына 20 мыңнан астам атау ұсынып үлгерді. Ұсыныстар қатарында «Балқаш», «Үлкен» секілді географиялық атаулар да, белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің есімдері де, сондай-ақ энергетикаға қатысты терминдер де бар. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сатқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оның айтуынша, конкурсқа қызығушылық өте жоғары болды.
«Бүгінгі күні 20 мыңнан астам өтінім түсті. Азаматтарымыздың бұл байқауға қатысуға деген ықыласы зор. Біз алдын ала талдау жүргіздік. Ұсыныстар негізінен үш блокқа бөлінеді», деді Сатқалиев Мәжілістегі брифингте.
Бірінші блок географиялық атауларға байланысты. Қазақстандықтар Балқаш, Іле, Үлкен (станция салынатын ауылдың атауына сәйкес), сондай-ақ Мойынқұм АЭС атауларын ұсынған.
Екінші блок – танымал тұлғалардың есімдері. Олардың ішінде академик Шафик Чокин, ақын-ағартушы Абай Құнанбаев, ғалым Қаныш Сәтбаев бар.
Үшінші блок техникалық және энергетикалық тақырыптарға негізделген. Мұнда «Жарық», «Қуат», «Бейбіт атом», «Энергия» секілді нұсқалар ұсынылған.
«Ұсыныстарды талдау жұмысын тиісті комиссия жалғастырады. Оның құрамына этнографтар, историографтар, уран өнеркәсібі өкілдері, блогерлер мен қоғам белсенділері кірген. Барлық ұсыныстар жиналған соң атаулар талқыланатын болады», деп толықтырды агенттік басшысы.