Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұстаздарын кәсіби мерекелері – Мұғалімдер күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы бұл мерекенің елімізде ерекше мәнге ие екенін атап өтіп, ұстаздарға деген зор құрмет пен алғысын білдірді, деп жазады Egemen.kz.
Салтанатты жиын барысында Президент білім беру саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар педагогты мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында Семей қаласындағы Геологиялық барлау колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Омарбекова Айгүл Төлеутайқызы да бар. Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, бұл марапатты Мемлекет басшысының қолынан алғанын айтты.
Айгүл Омарбекова өз сөзінде бұл марапатты үлкен құрмет ретінде қабылдайтынын айтып, елімізде білім беру саласына, әсіресе соңғы бес жылда ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын атап өтті. Ол педагог мәртебесі туралы заң қабылданғанын, техникалық және кәсіптік білім беру саласына қолдау артып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Биыл жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Біз техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің мамандары ретінде геологиялық барлау саласына қажет мамандарды даярлаймыз. Бүгінде колледжімізде геологтар мен геофизиктерді ағылшын тілінде оқытатын топтар ашылды», деді ұстаз.
Айта кету керек, білім беру саласына Үкімет тарапынан да, Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті білім басқармалары тарапынан да үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Біз жұмыс істеп жатқан барлық білім беру бағдарламалары колледждің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.
«Саламыздағы басты басымдықтардың бірі — колледжімізде геологтар мен геофизиктерді ағылшын тілінде оқытатын топтардың ашылуы. Қазіргі таңда бұл — еңбек нарығында өте өзекті бағыт. Себебі қазіргі заман мамандары тек ағылшын тілін жақсы меңгеріп қана қоймай, шетелдік әріптестермен еркін тілдесе алуы қажет. Бұл өз кезегінде біздің түлектерге ағылшын тілін үйрене отырып, халықаралық білім кеңістігіне енуге және шетелдік жұмыс күшін алмастыра алатын маман ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді», деді Айгүл Төлеутайқызы.