Елдегі әр екінші азаматтың мойнында несие бар. Ал 1,5 млн адамның банк шоты берешекке байланысты бұғатталған. Ресми дерекке сүйенсек, халықтың жалпы қарызы 26 трлн теңгеден асып жығылады. Байқасақ, көпшілігі тапқан табысын алдымен несиені өтеуге, қалғанын күнделікті шығынға әрең жеткізеді. Кейде амалсыз оны да несиемен жамайды. Осылай қарыз қамытын киген жұрт күйзелісте өмір сүріп жатыр. Бұл әлеуметтік түйткілдің түйіні қалай тарқайды?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызы туралы айтты. Президент халықтың мойнындағы қарызын азайту ғана емес, азаматтардың табысы тұрақты болуын қамтамасыз ету керек екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ ол «Amanat» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет екенін ерекше атап өтті.
Партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев жоба мәселені бір реттік шарамен емес, жүйелі түрде шешіп отырғанына назар аударды. Яғни халықтың қаржылық сауатын арттырады, алаяқтардан қорғайды, бизнеске жол ашады.
«Біз «жалақы – төлем – жаңа қарыз» шеңберін бұзып жатырмыз. «Қарызсыз қоғам» жобасы адамға үш түрлі тірек болып отыр: білім беру, құқықтық тұрғыда қорғау, берешекті өтеудің ыңғайлы жаңа кестесін әзірлеу. Президент жобаны жалғастыру жөнінде нақты міндет қойды. Біз үшін оқу сертификаты емес, нәтиже маңызды. Отбасылар қарыз шеңберінен құтылуы керек және несиеге өмір сүрмеуге тиіс», деді ол.
«Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев бастаманың ауқымдылығын және азаматтар алдындағы жауапкершілік туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, биыл ақпан-тамыз айлары аралығында 110 мыңнан аса адам заңгерлік көмек алды. Ал Call-орталыққа күн сайын 3 мыңға жуық қоңырау шалынады.
«Amanat» партиясының Астана қаласындағы кеңсесінде 40-қа жуық заңгер жұмыс істейді, өңірлерде тағы ондаған маман еңбек етеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жобамызға бірнеше рет қолдау көрсетті. Оның әрбір айтқан сөзі – біз үшін үлкен жауапкершілік. Былтырдың өзінде 845 мың адамға көмек көрсеттік, ал биыл 1 млн отандасымызды қамтығымыз келеді», деді Д.Мұқаев.
Сондай-ақ жоба жетекшісі «Қарызсыз қоғам» жобасы цифрлық құралдарды белсенді енгізуде үлес қосатынын айтты. Мәселен, жасанды интеллект элементтері бар қанатқақты жүйе азаматтар шалған қоңырауды өңдеуге және тиісті маманға қосуға, кездейсоқ қоңырауларды анықтауға, қолдау көрсетуді қажет ететін адамдарды адвокаттарға жолдауға көмектеседі.
Өз кезегінде, «Қарызсыз қоғамның» атқарушы директоры Олжас Ордабаев жоба қарапайым кеңес беру шеңберінен шығып, азаматтарды толғандырған мәселе бойынша істің бас-аяғына дейін қолдау көрсететін толыққанды жүйеге айналғанын жеткізді. Мамандар телефон арқылы талап-арыздар әзірлейді, ЭЦҚ алуға көмектеседі, банкроттықты рәсімдеу кезінде азаматтарға қолдау көрсетеді, ал алаяқтық фактілері анықталған кезде материалды Қаржылық мониторинг агенттігіне және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жолдайды.
«Биылдың өзінде жалпы қарыз жүктемесі 28 млрд теңгені құрайтын 40 мыңнан аса адам жүгінді. Мамандардың араласуы арқылы миллиард теңгеден аса берешекті есептен шығаруға немесе қайта құрылымдауға мүмкіндік пайда болды. Бірде айыппұлдар мен өсімпұлдар алынып тасталды, енді бірде төлем кестелері түзетілді. Бұл жай ғана сандар емес, келер күнге деген сенімін қалпына келтірген адамдардың тағдыры», деді О.Ордабаев.
Жалпы, жобаның оқу бөліміне ерекше көңіл бөлінеді. Қарыздан құтылу, сауатты бизнес-жоспар әзірлеу және грант бағдарламаларын пайдалану туралы 24 онлайн-сабақ әзірленген. Оқудан соң жеңілдікпен несие берілетін «Ауыл аманаты» жобасы арқылы көп адамға қолдау да көрсетіледі. Осылайша, олар жеке кәсібін ашады.
«Негізі қаржылық сауат мектептен бастап қалыптасуы қажет. Қазіргі уақытта біз қаржылық сауат туралы жеке пән пайда болуы үшін арнайы оқу құралдарын әзірлеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бұл – әр балаға қажет дағды», деді «Қарызсыз қоғамның» атқарушы директоры.
Жоба заңгерлері күн сайын түрлі жағдайға тап болады. Біз тілдескен Нарима Асаинова қайта құрылымдау және банкроттықты рәсімдеу кезінде борышкерлерге көмек көрсеткен. Оның тәжірибесінде банктер қайта қаржыландырудан бас тартқан 11 млн теңге қарызы бар клиент болған. Алайда оның жоғары дайындығы арқылы сот төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасын мақұлдап, қарыз жүктемесі айтарлықтай төмендетіледі. Нарима істі сотқа дейін жеткізу мәжбүрлі шара болғанын айтты. Бұл – бір жағынан Президенттің «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру қадамы. Яғни әр адам қандай жағдай болмасын құқықтық салада әрекет ету арқылы өз мүддесін қорғай алады.
Ал жоба заңгері Нұркен Сегізбай сот орындаушысы бір әйелдің барлық жалақысын ұстаған жағдайды еске түсірді. Жалпы, заңға сәйкес қаражат өндіру қадамы табыстың жартысынан аспауы керек. Жоба командасы жедел шағым әзірлеп, заңсыз әрекеттердің күшін жойды, заңсыз есептен шығарылған қаражатты қайтарды. Бүгінде қарыздарды қайта құрылымдау рәсімі жалғасып жатыр.
Бұл оқиғалар «Қарызсыз қоғам» жобасы тек статистика мен ауқымды цифрларға иек артқан бастама емес екенін дәлелдей түседі. Әрі қаражатты заңсыз ұстап қалу фактісінің алдын алу, сот арқылы қарыз жүктемесін азайту сынды жоғарыда айтылған мысал әр істің артында сенім мен әділдікті қалпына келтірген адамдар тұрғанын көрсетеді. Ал қарыз қамытын киген жұрт үшін бұл – өмірді жаңа парақтан бастау мүмкіндігі.
Айта кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы осыдан екі жыл бұрын 12 банктің және 11 мемлекеттік органның қолдауымен басталды. Сарапшылардың дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және ЖК ашудан бастап, соттан тыс банкроттық кезінде көмектесу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақ бойынша кеңес алады. Бастысы – барлық кеңес тегін.