Осы күні әрбір ұялы телефондағы калькулятор атауының тарихы тым әріде жатыр. Ертеректе арифметика мұғалімдерін «калькуляторлар» деп атаған екен.
Бұл сөздің түп-төркіні латынның calculus – «кішкентай тас» деген сөзінен шыққан. Неге тас? Өйткені ол кезде есеп-қисап жүргізудің ең қарапайым құралы ұсақ тастар болған. Адамдар оларды саусақпен жылжытып, қосу мен азайту амалдарын орындаған. Кейін бұл әдіс жетілдіріліп, есепшотқа ұласты. Уақыт өте келе «калькулятор» сөзі өзінің бастапқы мағынасынан алыстап, бүгінде күнделікті қолданатын электронды есептегіш құралға айналды.