Саңлақ әнші, Қазақстанның халық әртісі Майгүл Қазтұрғанова 74 жасында өмірден озды. Қаралы хабарды Мәдениет және ақпарат министрлігі жеткізіп, марқұмның отбасы мен туысқандарына, тұтас қазақ халқына көңіл айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Майгүл Ибрагимқызы – қазақтың дәстүрлі ән өнерін өркендетуге үлес қосқан қайталанбас дауыс иесі, ұлт мақтанышы еді. Ол халықтық және кәсіби композиторлардың таңдаулы туындыларын асқан шеберлікпен орындап, ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын әлемге танытты.
Өнер жолын әйгілі Нұрғиса Тілендиевтің жетекшілігіндегі «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінде бастаған Майгүл Ибрагимқызы өмір бойы қазақ өнерінің абыройын асқақтатуға адал қызмет етті.
Оның орындауындағы шығармалар ел жүрегінен орын алып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды.
Өмірін ұлттық мәдениет пен руханиятқа арнаған абзал жанның адамдық болмысы, өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен ізгілігі кейінгі буын жастарға өшпес өнеге болып қала бермек.
Майгүл Ибрагимқызының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы ұлт жадында мәңгі сақталады деп сенеміз», делінген хабарламада.
Майра Қазтұрғанова Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиевтің авторлығымен жазылған «Қайран менің, жүрегім» әнімен халыққа кең танылған еді. Ол әннің алғашқы орындаушысы.