Екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Жолдауында балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны қатаңдатуды тапсырғаны мәлім. Сол орайда Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп жазады Egemen.kz.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл өз жазбасында осы кезең ішінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды заңдар, бағдарламалар, қаулылар қабылданып, олардың жүзеге асырылуы басталғанын, бұл шаралар, ең алдымен, зорлық-зомбылықтың алдын алу және балаларды қорғау саласында кешенді жүйе қалыптастыруға бағытталғанын атап өткен.
«Бүгінде өңірлерде әкімдіктер жанынан балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылып жатыр, отбасын қолдау орталықтары мен мобильді топтар ашылып жатыр, қамқоршылық органдарының қызметкерлері саны артып келеді. Мемлекеттік байланыс орталығы іске қосылып, мектептерде QR 111 жүйесі енгізілді. Бұл балаларға көмекке тікелей және жедел жүгінуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта басты міндет – қабылданған барлық шараларды тиімді және сапалы іске асыру. Осы бағытта мемлекеттік органдар мен әкімдіктер Мемлекеттік кеңесші Ерлан Тынымбайұлы Қаринның жетекшілігімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатыр», деп жазды Д.Зәкиева.
Динара Зәкиеваның айтуынша аймақтарда шараларды жүзеге асыру барысында шешімді қажет ететін жүйелі мәселелермен қатар, қысқа уақыт ішінде байқалған оң өзгерістер де бар. Бұл нәтижелер – елдегі балалардың құқықтарын қорғау ісінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі.
Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар саны 18%-ға азайған, ал тек өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қалдырылған педофилия фактілері 24%-ға төмендеген.
«Адам өлтіру» және «Ауыр зиян келтіріп, өлімге әкелген» баптар бойынша қылмыстар саны сәйкесінше 22% және 50%-ға азайды.
Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы — қабылданған шаралардың тиімділігінің айғағы екенін жазған Динара Зәкиеваның айтуынша әр статистикалық көрсеткіштің артында – бір баланың тағдыры тұр.
«Біздің мақсатымыз – әр баланың өмірі үшін күресу, мұндай қылмыстардың мүлде болмауы үшін барлық күш-жігерімізді салу.
Балалар арасындағы суицидтің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылуда. Барлық өңірде психологиялық қолдау орталықтарының ашылуы және бірыңғай профилактикалық бағдарламаның енгізілуі жағдайды тұрақтандыра бастады.
Кейінгі 10 жылда алғаш рет Алматы облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицид жағдайларының айтарлықтай азаюы тіркелді.
Дегенмен, алда әлі көп әрі мұқият атқарылуы тиіс жұмыс тұр», деп жазды ол.
Оның айтуынша негізгі себептерді терең зерттеп, тәуекелдерді уақытылы анықтап, балаларға сапалы сүйемелдеу мен психологиялық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажет.
Сонымен қатар, балалар суицидтерінің 60%-ы отбасындағы қиын қарым-қатынастармен байланысты.
«Сондықтан бізге келіп түсетін немесе балалар өз өмірлерін қию алдында қалдырып кететін мыңдаған хаттар мен хабарламаларға сүйене отырып, – отбасынан түсіністік пен жылу таппаған, кінә мен қорқыныштан жалғыз қалған балалардың үнін жеткізе отырып, мен ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу жасағым келеді.
Балаға ең керегі – сіздердің махаббаттарыңыз бен қамқорлықтарыңыз.
Бала әрқашан сіздердің оның қасында екенін, оның жалғыз еместігін, қандай жағдай болмасын отбасының қолдауы мен қорғауын сезінуі керек», деп сөзін түйіндеген Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.