Қазақстанның бір топ журналисі мінген ұшақ ару Алматыдан ұзап, 10 миллионнан аса халқы бар Сеул қаласына бет алды. Кореяның ұлттық туризм ұйымы бізге өзін аз уақытта өркениетті ұлт деңгейіне көтере алған, жер-жаһанға технократ, қауіпсіз, заманауи мемлекет ретінде танылған, «Азия жолбарысы» атанған мекенді өз көзімізбен көруге мүмкіндік берді. Осылайша, технология тілімен айтқанда атақты «Kia» мен «Hundai», «LG» мен «Sumsung»-тің еліне табан тіредік. Бейнелеп келтірсек, әуежайдан алыстай бере жасыл барқыт қаптағандай таулы, тұманды түбек таным-көкжиегімізді кеңейтіп, тереңіне тарта түсті. Көңіл алаң, алда – таңсық әлем, бейтаныс бағыт.
Мәдениет – сүйекке сіңген қасиет
Кореяны тану әуежайдан басталды. Кәрістер кезекке сондай тәртіпті тұрды. Бір-бірін итермей, асықпай сапқа тізілгеніне соншалықты сабырлы халық па дерсіз. Сәбиін көтерген кісі әлдеқандай себеппен алға жылжи алмай қалып еді, оның орнына ешкім бара салмады. Алдындағы адамның түсіріп алған затын көтергенін, жылжығанын күтті. Ал отырғызу басталғанын хабарлай салысымен, біздің жұрт кезектің қапталынан кіре кетті. Бірақ бұған корейлер тіпті қабақ шытпады. Сонда барып мұнысы сабырдан гөрі мәдениетке көбірек ұқсайтынын ұқтым. Бұл олардың сүйегіне сіңген қасиет екен. Себебі олар кішкентайынан өзгенің уақытын құрметтеуді, айналасына кедергі келтірмеуді отбасынан, солай қалыптасқан қоғамнан үйреніп өседі. Сеул көшелерін аралағанда да, қоғамдық тамақтану орындарында да, автобус аялдамасында да бастырмалатқан адамды көрмейсіз, байыппен кезегін күтеді. Біз бір дәмханаға кіргенде кіреберістегі тақтаға атымызды, қанша адам екенімізді көрсетіп кезекке жазылдық. Іште орын босағанша кіреберісте күтіп отырдық.
Бұл елде әдеп пен тәртіп қағаздағы ережеден гөрі күнделікті өмірдің өзіне айналып кеткендей. Айталық, 4 жолақты автомобиль жолы бар. Соның бір қатары ақылы жол екен, асығыс адам болса, ақысын төлеп сырғи береді, автобус жолағы біздегідей бөлек. Кептеліс кездеседі, қандай жылдамдық болса да бір-біріне тіреліп тұрған көлікті көрмейсіз. Біз таңертеңгі қарбалас кезінде де бас қаласында жүрдік, журналистерге пресстур ұйымдастырған Кореяның ұлттық туризм ұйымының қызметкері, жолкөрсетуші, гид Саниден «20 млн халық тұратын мегаполиске ұқсамайды ғой, кептеліс қайда, шұбырған жұрт қайда?» деп сұрағанымызда барлығы барынша реттелгенін айтты. Мысалы, атақты «Sumsung» компаниясы таңертең сағат 8-ден, мемлекеттік қызметкерлер сағат 9-дан, шетелдіктермен жұмыс істейтін компаниялар сағат 10-нан бастайды, көп жас онлайн қызмет етеді. Сондайда тәртіп корей мәдениетінің өзегі екен-ау деген ойға келесің.
Оңтүстік Кореяда жаңбыр жиі жауады. Соған қарай қолшатыр олардың ең қажетті құралына айналған. Сол қолшатырды корейлер қайда болса, сонда сүйретіп кіргізбейді. Кафе мен дүкендердің, қонақүйлердің, басқа да халық көп жиналатын ғимараттардың кіреберісінде арнайы қойғыш тұрады. Бәрі қолшатырын үнсіз соған қалдырады. Шығарда ұмытпай алып кету – өзіңді де, өзгелерді де ойлаудың белгісі. Өйткені қолшатыр өзіңе керек, ал ғимарат ішінде қолшатырдың суын сорғалатып жүрмеу әрі келесі адамға қолшатыр қоятын орынды босату – өзгенің де қамын ойлауға итермелейді. Кейбір ғимараттардың алдында тіпті қолшатырды бірден қаптап беретін аппараттар тұрады. Осының бәрін сәтті әрі ыңғайлы ойластырған кәрістердің әдептілігі мен ұқыптылығына қайран қаласың.
Тіршілікте ұстанатын тәртібі, сүйегіне сіңген мәдениеті заңына да еніп кеткен. Көшеде жүріп темекі тартқан адамды сирек кездестіресің. Себебі заң бойынша мектеп пен балабақша маңында, қала көшелерінде жүріп келе жатып шылым шегуге тыйым салынған. Бұл ереже бірнеше мәселені шешеді: біріншіден, жас ұрпақты жаман әдеттен сақтайды; екіншіден, тәуелділіктің таралуын азайтады; үшіншіден, көшеде келе жатқан адамға түтін немесе шоқ тиюдің алдын алады; төртіншіден, зиян затты тұтынбайтындардың, жақтырмайтындардың да құқығын құрметтейді. Өйткені ғылыми зерттеулер көрсеткендей, шылым шеккен адамның жанында жай тұрған кісінің денсаулығына түтіннің кесірі көбірек тиеді. Темекі тартпайтын адам ретінде осындай қауіптен қорғалғаныңды ойлағанда, білгенде, жайлылықты бастан өткізгенде еріксіз өзіңді де сол мәдениеттің бір бөлшегі сезінесің. Кезінде Әл-Фараби бабамыз айтып кеткен «қайырымды қаланың» бір көрінісі осы ма дерсің.
Тарих тұнған түбек
Корея – тарихтан тамыр үзбеген ел. Біз барған Сеул, Андоң, Кенджу қалаларының көшелерінде жүргенде бір сәтте-ақ мыңжылдық тарих пен заманауи өркениеттің тоғысына куә болдық. Әйнекпен қапталған бизнес орталықтарының іргесінде Чосон дәуірінен қалған сарай тұр, ал көше бойындағы қонақүйлердің, аялдамалардың, орындықтардың, мемлекеттік ұйымдар ғимараттарының, оқу ошақтарының интерьерінен иероглифтерін бейнелейтін көне ханок үйлерінің өрнегін табасыз. Таңғаларлығы, жол-жөнекей кірген қарапайым дәретхананың шатыры да Чосон дәуірінің үлгісінде безендірілгенін көрдік. Бұл елдің ерекше қыры – тарихты музейге қалдырып қоймай, күнделікті тіршіліктің өзіне, өзегіне айналдырып жіберуінде, көздің жауын алатын қалалары мен ауылдарындағы әр бұрыштың, әр қиылыстың тарихтан сыр шертіп тұратынында.
Әдетте біз дастарқанда ең алдымен шанышқы мен қасықтың тұрғанына үйренгенбіз ғой. Ал Кореяда көшедегі, қонақүйдегі, әуежайдағы, ауылдағы, мейлі қаладағы тамақтану орындарында шанышқыны тек шетелдік туристер үшін ғана үстелге қояды. Ал жергілікті жұрт металл таяқшамен, қасықпен тамақтанады. Сырттай қарағанда ұсақ-түйек сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде бұл – халықтың тамырынан ажырамауының айғағы. Ас мәзіріне үңілсеңіз де, тарихтың «дәмін» сезесіз. Әрине, бүгінгі Сеулде түрік донері де, америкалық бургер де, еуропалық пицца да табылады. Бірақ жергілікті жұрт үшін басты таңдау – өздерінің теңіз өнімдері мен көкөніс, ашытылған тағамдары. Кимчи, теңіз балдырлары, соя тұздығы, күріш тағамдары – бұлардың бәрі мың жылдан бері өзгермей келе жатқан асхананың негізі. Бір апта болғанымызда кемі 14 түрлі кәріс тағамымен таныстырды, дайындалуы, атауы әртүрлі, бірін-бірі толық қайталамайды. Тарихы мен дәстүрі «аңқитын» ұлттық асханасына адалдығы таңдай қақтырады. Талай ғасырдан сақталып келе жатқан ет пен қуырдақтың ғана үстелімізден табылатынына іштей қынжылып, бәлкім намыстанып та қалғандай күй кештік.
Корейлердің ұлттық киіміне деген құрметі де жылдан-жылға артпаса кемімегендей көрінеді. Өйткені олар бүгінде еуропалық үлгідегі киім кисе де, ұлттық мерекеде міндетті түрде ханбок киеді. Түстердің үйлесімі, өрнектің нәзіктігі – халықтың эстетикалық талғамының биік көрінісі. Мерекеде ғана киюмен шектелмей, кәрістер өз ұлттық киімін туризмде табыс көзіне айналдыруды да білген. Мысалы, ұлттық киімін киіп келгендерге кезіндегі патшаларының ізі қалған тарихи-туристік орындарда тегін жүру мүмкіндігін қарастырып қойған.
Кәрістердің күнделікті өмірінен тарихын танып, тамырына тереңдей түскен сайын бір сұрақ санада сайрады. Бұл халық неге өткенді ұмытпайды? Жауабы да өткенінде жатқан сыңайлы: тарих – олардың тірегі. Жапон отары, Корея соғысы, елдің екіге бөлінуі... Мұның бәрінде корей халқын сақтап қалған бір нәрсе – дәстүр. Сондықтан олар тарихты музейге сақтап қана қоймай, күнделікті өміріне тірілтіп енгізген. Осынысымен де Корея – өзгеше. Бұл ел үшін өткені – ескінің көлеңкесі емес, қазіргі күннің өзегі. Әрбір тағам, әрбір таяқша, әрбір киім мен ғимарат – ата-бабаның аманаты, болашақтың берік іргетасы, келешектің кепілі.
Қарыштаудың құпиясы һәм кілті
Таңғы жетіден бастап, кешкі он бірге дейін сыныптар мен кітапханалардан шықпайтын оқушыларды көрсеңіз, бұл – Корея. Кәрістер үшін білім – болашаққа апарар жалғыз жол, ұлттық идеологияның негізі. Бізге ақпарат беріп жүрген гид Санидің айтуынша, олардың бүгінде ғылым мен технологиясы, экономикасы дамыған елдердің қатарына кіруі дәл осы білімді бірінші орынға қоя білгенінен болды. Соғыстан қираған, кедей елдің қысқа уақытта өркениетті мемлекетке айналуының сыры да – халықтың оқу-білімге жаппай бет бұруында.
Бүгінгі Кореяның білім жүйесі – өте қатаң. Оқушылар мектептен кейін қосымша оқу орталықтарына барады. Бұл орталықтардағы дайындықтар түн ортасына дейін жалғасады. Қоғамда «оқу – еңбек, оқу – міндет» деген түсінік қалыптасқан. Кореяның мақтанышы – PISA халықаралық зерттеуіндегі жоғары көрсеткіштері. Математика, жаратылыстану, оқу сауаттылығы бойынша кәріс оқушылары әрдайым көшбасшылар қатарынан көрініп келеді. Мұның артында үлкен еңбек, тіпті кейде балаларға түсетін ауыр психологиялық қысым да бар.
Жоғары оқу орындарына түсу – әрбір корей баласының басты мақсаты. Сунгюнкван, Сеул ұлттық университеті, Корея университеті, Йонсей университеті сияқты оқу орындары елдің интеллектуалдық орталығы саналады. Әрбір отбасының арманы – перзентін «SKY» университетіне оқуға түсіру. Байқайсыз ба, олардың жоғары білім алатын орынды таңдауында ұлттық патриотизм жатқандай. Әйтпесе, Кореяда мемлекеттік мектептерде оқу тегін болғанымен, колледждер мен униерситетте білім алу – ақылы. Мемлекеттен тегін гранттар берілмейді. Соған қарамастан, мектеп түлектерінің басым бөлігі негізінен өз еліндегі беделді университеттерге түсуді көздейді.
Корей қоғамында білім тек мектеп пен университетте оқумен шектелмейді, «өмір бойы оқу» қағидасы бар. Зейнеткерлер де тіл үйреніп, жаңа дағды меңгеріп жүре береді екен. Бұған мемлекет барлық жағдайды жасап қойған. Көшеде жүргенде кітап дүкендерінің көптігіне, кітапханалардың әрқашан толып тұратынына, кафелердің өзінде студенттердің сабақ оқып отыратынына куә боласыз. Білім – мұнда сән емес, өмір сүру салты. Адам көп жүретін сауда орталығының қақ ортасына кітапхананы орналастырғанын, сол жерде еңбектеген баладан, еңкейген қарияларға дейін кітап «кеміріп» отырғанын көргеніміз соның дәлелі болса керек.
Бір жағынан қатаң білім жүйесінің көлеңкелі тұстары да бар. Балалардың таңнан түнге дейін сабақ оқитыны, ҰБТ-ға ұқсас ұлттық емтиханға дайындалу ауыр күйзеліске әкеледі. Оның үстіне таңның атысы, күннің бастысы оқудан бас алмайтын корей оқушылары мен студенттерінде демалысқа, спортқа немесе өнерге уақыт жетіспей жатады. Солай бола тұрса да, оңтүстік кореялықтар білімнен ешқашан бас тартпайды, халықтың 70 пайызында жоғары білім бар. БҰҰ мен ОЭСР деректері бойынша, Корея – әлемде жоғары білім алғандар үлесі ең жоғары елдердің бірі. Бұл құбылыстың жемісін бүгінде анық көруге болады. «Samsung», «LG», «Hyundai», «Kia» сынды алып компаниялар – тек қаржы мен технологияның ғана емес, білімге деген шексіз құштарлықтың нәтижесі. Жапониядағы «Toyota» сияқты брендтермен бәсекелесіп, әлемдік нарықта иық тірестіре алып отырғанының түп-тамырында білімге сүйенген ұлт саясаты жатыр.
«Сананы билемеген тұрмыс»
Бұл тақырыпқа келгенде де таңғаларлық әрі үлгі боларлық тұсы көп, сондай-ақ ортақ мәселе де баршылық. Тарқатып айтар болсақ, тұрғындардың басым бөлігі (80%-дан аса) мегаполистерде тұрады. Сеул, Пусан, Инчон сияқты қалаларда көпқабатты үйлер, дамыған көлік инфрақұрылымы, цифрлық қызметтер – (барлығын дерлік смартфоннан басқаруға болады) үйреншікті дүние. Кішігірім кенттердің өзінде дәмханаларда әр үстелде орнатылған электронды құрылғымен тапсырыс беру таңсық емес. Шағын қалаларда да халық өмір сүреді, десе де азайып жатыр, бүкіл әлемге ортақ үрдіс бұл елге де тән, яғни көбі, әсіресе жастар жұмыс іздеп ірі қалаға қарай ағылады. Ауылда негізінен егде жастағы адамдар қалады. Шалғайдағы тіршілік баяулау, бірақ соңғы жылдары ауыл шаруашылығын цифрландыру, ауыл туризмі, экологиялық өнім өндіру дамып келеді.
Кореяда IT мен инженерия жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бағдарламалау саласында жалақы өте жоғары. Дәрігерлер, әсіресе хирургтер мен анестезиологтер, банкирлер, заңгерлер де табысы мол топқа жатады. Ал білім беру, өнер, ауыл шаруашылығы сияқты салаларда жалақы деңгейі төмендеу деп саналады екен. Бірақ соның өзінде, гидтің айтуынша, еңбек өтілі көп, санаты жоғары мұғалім танысы 2 млн вонға дейін алады. Бұл біздің теңгеге шаққанда 800 мың теңгеге жуықтайды. Дегенмен мұнда күнкөріс өте қымбат, қарапайым коммуналдық қызмет құнының өзі айына 100-300 доллар, яғни 50-160 мың теңгенің шамасында (су, күзет, камера, қоқыс, кондиционер) шығады. Сол себепті су мен жарықты қатты үнемдейді. Елде 26 атом электр стансасы бар. Тоқ көзіне деген сұранысты осыдан-ақ бағамдай беруге болады. 1971 жылы америкалық компаниямен әріптестікте алғашқы АЭС салынған, қазір бұл салада да өндірісті, жұмысты өздері атқарады.
Әлеуметтік қолдау жүйесі жақсы қалыптасқан. Біздің елдегі кейбір көмек түрлеріне ұқсас тұсы кездеседі. Мысалы, мемлекет жүкті әйелге медициналық тексерістерді тегін жүргізеді. Гид айтқан дерекке сүйенсек, бала туғанда 3 млн вон бір реттік жәрдемақы беріледі, мұны баланың қажетіне ғана жұмсай алады. Тұрғылықты жеріне, ауданына қарай бала мектепке барамын дегенше 150 мың вон (60 мың теңгедей) жәрдемақы қарастырылған, балабақшаға барса, 150 мың вон әлеуметтік көмекті бермейді. Өйткені бұл көмек перзентін үйде тәрбиелеп отырған адамға ғана беріледі. Мемлекеттік балабақша толық тегін, бірақ жетіспейді, жеке мектепке дейінгі ұйымдар қымбат. Бір қызығы, 2 балалы ана көпбалалы болып есептеледі, көпбалалы ата-аналарға әлеуметтік қолдау түрлері, жеңілдіктер көп.
Жастарға жасалған жағдайға келсек, үй алу мүмкіндігі төмен болғандықтан, жалдау ақысына субсидия беріледі. Оларға мемлекет «жұмысқа бейімделу» гранттары мен тегін кәсіби оқуларды ұсынады. Кей аймақтарда жастарға арналған арнайы тұрғын үй кешендері салынып жатыр.
Ұлттық зейнетақы жүйесі бар, бірақ соншалық жоғары емес, орташа 300-400 мың вон (110-150 мың теңге шамасында). Сондықтан мемлекет зейнеткерлерге қосымша жеңілдіктер береді: қоғамдық көлікте тегін жүру, медициналық сақтандыру жеңілдіктері. Ерлер де, әйелдер де 54 жасында зейнетке шығады, алайда олар мүмкіндігінше жұмыс істей береді, себебі зейнетақы аз, күнкөріс қымбат. 65 жастан асқан табысы төмен қарттарға ай сайын базалық жәрдемақы төленеді. Корейлерде «нағыз еңбек ететін уақыт 50 жастан асқанда басталады» деген көзқарас бар екен. Өйткені олардың ұғымынша, бұл жаста адам балаларын жеткізіп алған, тәжірибесі мол, жұмысқа алаңсыз беріліп істей алады. Саяси науқандарда зейнеткерлер өте белсенді, сол себептен де болар елде оларға жақсы жағдай жасалған. Мәселен, біз бір ауылға барғанда әлдебір ғимаратқа көзіміз түсті. Ғимараттың есік алдында зат салып жүруге арналған 4 дөңгелекті арбалар тұрды. Бұл – зейнеткерлер демалатын, өзін дамытатын, орта табатын орталық екен. Олар мұндай орталыққа әдетте мемлекет тегін таратқан осындай арбаларын әрі сүйеніп, әрі жүгін жеңілдете сүйретіп келеді. Айтпақшы, Кореяда сөз бостандығына айрықша көңіл бөлінеді, сондықтан түрлі шешімдер мен көзқарастарға қарсы бейбіт шерулер жиі өтіп тұрады. Біз бір күнде 4 шеруге куә болдық. Солардың қатысушыларына зер салсақ, негізінен зейнет жасындағылар. Олар үйде жай отырғанша, жалауша мен плакат көтеріп аз-маз табыс табуды көздейтін көрінеді. Себебі шеруге шыққандарға ұйымдастырушы тарап 50 мың вон (20 мың теңгедей) төлейді.
Кореяға бізден бұрын барып көрген таныстарымыз әдетте «Ауылы қайсы, қаласы қайсы, ажырата алмайсың», деп пікір білдірген. Біздіңше, айтарлықтай айырмашылық байқалады, әсіресе табиғатында. Ауылында кәдімгідей тыныштық, жайқалған жасыл желек, кептеліс пен көліктің улы газынан ада саф ауа, қаланыкінен еш қалыспайтын жоғары жылдамдықты интернет, тіпті түймесін басып суын ағызуды қажет етпейтін автоматты әжетхана бар. Десе де бәрінде емес, жағдайы өте жақсы отбасы мен тұрмысы төмен отбасының үйін шатырынан-ақ білуге болады. Жақсы тұратындар әсемдеп салынған сарай секілді үйлерде, жағдайы келмегендер сабан үйлерде тұрады және ауладағы әжетханаға барады. Тағы бір айырмашылық, ауылдарда қаладағыдай емес, егін-жайларды көп кездестіруге болады. Сонымен қатар ауылдарда негізінен 1 қабатты, шағын қалаларда 5-9 қабатты, мегаполистерде 50 қабаттан жоғары тұрғын үйлер салынған. Ауылдан қатынау өте ыңғайлы, Сеулдің барлық ауданында метро аялдамасы бар, кез келген ауылынан метро жолағы қосылады. Бір ауылының үсітінен басы үшкір, жүйрік пойыздың зулап бара жатқанын көзімізбен көріп, қызыға қарадық. Дәл осы тұста «ауылы мен қаласын ажырата алмайсың» деген пікірмен келіспеске шара жоқ.
Кореяда жері бар адам бай адам саналады. Өйткені бүкіл корей жұрты біздің Ақмола облысының аумағындай ғана жерде тұрады. Егер ата-бабасынан алақандай ғана жер телімі қалса, оны сатпайды, жалға береді. Себебі жердің құны жылдан-жылға өсе береді. Жердің аздығынан, әсіресе, ірі қалаларда үй, ғимарат салуға орын өте қат. Сондықтан қала ортасындағы, шетіндегі өзен-көлдерді кептіріп тұрғын үйлер салған, бірақ бәрібір халық ондай жерден пәтер алуға жүрексінеді. Байлық демекші, Кореяда да байлар мен кедейлер бар, бізден айырмашылығы – олардың арасы өте қатты алшақ емес және орта таптың қатары көп. Әлбетте барлығы жақсы жағдайға ұмтылады, дегенмен адамдардың көзінен «санасын тұрмыс билемегенін» көруге болатындай.
Әзірге бір мақалаға сыйғаны осы, өз көкжиегімізден қарағандағы Кореяның көрінісі, бет-бейнесі туралы білгеніміз бен түйгеніміз бұдан әлдеқайда көп, оны келесі материалымызға «азық» етпекшіміз.
Астана – Алматы – Сеул – Андоң – Ендок – Кенджу – Сеул – Алматы – Астана