• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң Бүгін, 09:48

Кассациялық сот заңсыз жұмыстан босатылған қызметкердің құқын қорғады

70 рет
көрсетілді

«Жезқазғанцветмет» өндірістік бірлестігіне қарасты «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 10 жылдан астам жерасты кенішінің өндіру учаскесінің шпур бұрғылаушысы Б. есімді азамат денсаулығына байланысты жұмыстан шығарылған, деп жазады Egemen.kz.

Талап қоюшы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы бойынша қызметкерге «пневмокониоз және созылмалы бронхит» диагнозы қойылып, ол жерасты бұрғылаушысы қызметін атқаруға жарамсыз деп танылған. 

Осыған байланысты Б. жұмыс берушінің бастамасымен, денсаулық жағдайына орай атқарып жүрген лауазымына сәйкес келмейтіндігі себепті жұмыстан босатылған. Десе де ол  жұмыстан босату туралы бұйрыққа шағымданып, өзін қайтадан қызметіне қалпына келтіруді, жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыру міндетін жұмыс берушіге жүктеуді, мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін жалақы мен моральдық зиян өтемін өндіріп беруді сұраған. Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюшының талабын қанағаттандырмаған.

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот нақты негіздер бойынша аталған сот актілерінің күшін жойып,  қызметкерді қайта жұмысқа орналастыру шешімін шығарған.

«Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 43-бабына сәйкес, өндірістік жарақат, кәсіби ауру немесе еңбек міндеттерін орындау кезінде алынған өзге де денсаулыққа зақым келтіру жағдайында, не өндірістік қызметке қатысы жоқ өзге де ауру түрі анықталған жағдайда, медициналық қорытынды негізінде жұмыс беруші қызметкерді еңбек қабілеті қалпына келгенге дейін немесе мүгедектік (не кәсіби еңбек қабілетінен айырылу) белгіленгенге дейін денсаулығына қарсы көрсетілмейтін басқа жұмысқа уақытша ауыстыруға міндетті. Еңбек шарты қызметкердің жазбаша түрде уақытша ауысудан бас тартқан жағдайында ғана тоқтатылуы мүмкін. Алайда, іс материалдарын зерттеу нәтижесінде, жұмыс беруші тарапынан талап қоюшыға басқа лауазым ұсыну жөнінде ешқандай ұсыныс жұмыстан босатуға дейін жасалмағаны анықталды», делінген кассасиялық сот хабарламасында. 

Осылайша, жұмыстан босату туралы бұйрық заңсыз деп танылып, қызметкер бұрынғы жұмысына қайта орналастырылған. Ал жұмыс берушіге оның денсаулығына қарсы көрсетілмейтін жеңіл жұмысқа ауыстыру міндеті жүктелген.Егер мұндай мүмкіндік болмаған жағдайда, мүгедектік немесе кәсіби еңбек қабілетінен айырылу белгіленгенге дейін қызметкерді жұмыстан босатпай, ең төменгі жалақы мөлшерін сақтай отырып босатылған күйінде қалдыру міндеттеліп отыр.

Сонымен қатар, мәжбүрлі бос жүрген уақыты үшін талап қоюшының пайдасына алты айлық жалақы мөлшерінде – 3 000 000 теңге және моральдық зиян үшін 200 000 теңге өтемақы өндірілген.