ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Болатбек Әлиев Қазақстан Үкіметі Ресей тарапымен жедел келіссөздер жүргізіп, халықаралық тасымал жүргізушілеріне қатысты жаңа көші-қон шектеулерінің жойылғанын хабарлады. Бұл шешімнің арқасында мыңдаған жүргізуші жұмыс орнын сақтап қалды, деп жазады Egemen.kz.
Ресейде Қазақстан азаматтарын ұстау жағдайлары көбейіп жатыр. Көрші елге жүк тасымалдап, нәпақасын тауып жүрген қазақстандық жүргізушілер жұмыссыз қалуы мүмкін еді.
Мәжіліс депутаты өзінің Facebook парақшасында жазғандай, бірнеше күндік қарқынды жұмыстың нәтижесінде Қазақстан Үкіметі Ресей Федерациясындағы әріптестерімен келісімге келіп, халықаралық жүк және жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілерге жаңа көші-қон шектеулері қолданылмайтын болды.
Бұл шешімнің нәтижесінде:
қазақстандық жүргізушілер бұл елде 90 күннен артық бола алады;
жаппай депортация мен айыппұлдар тоқтатылды;
шағын автокәсіпорындардағы мыңдаған жұмыс орны сақталды.
Депутаттың айтуынша, жүргізушілер — өз ісінің кәсіби элитасы. Олар халықаралық тасымал жүйесін жетік меңгеріп, ел экономикасының тұрақтылығына тікелей үлес қосып келеді.
«Бұл жай ғана жүргізушілер емес — жоғары деңгейдегі кәсіби мамандар. Егер бұл саланы жоғалтсақ, онда тұтас кәсіби қауымды жоғалтамыз. Сондықтан мемлекет өз азаматтарын қорғауы тиіс», деп жазды депутат.
Сонымен қатар ол Үкімет пен Мәжілістің үйлесімді жұмысының арқасында уақытша шешім қабылданып, қазақстандық тасымалдаушыларды Ресейдің жаңа ережелерінен шығару мүмкін болғанын атап өтті.
«Қазақстан өз азаматтарын тастамайды. Мұндай шешімдер Еуразиялық экономикалық одақ аясында алдын ала келісіліп қабылдануы тиіс. Себебі Одақ – бұл тосқауылдар орны емес, еркіндік пен өзара құрмет кеңістігі», деп түйіндеді депутат.
Айта кетейік, биыл жыл басында жаңа миграциялық ережелер күшіне енген. Енді шетел азаматтары, соның ішінде қазақстандықтар да, Ресей аумағында бір жылда 90 күннен артық бола алмайды. Осы талаптың кесірінен ондаған жүргізушіге айыппұл салынып, депортация жарияланды, тіпті кейбірі қамауға алынған.