13 қазан күні Ішкі істер министрлігінің ғимаратында көшпелі Үкімет сағаты өтті. Онда қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды. Тақырып бойынша Ішкі істер министрі Ержан Сәденов баяндама жасап, Мәжіліс депутаттарының сауалдарына жауап берді, деп жазады Egemen.kz.
Депутат Болатбек Нажметдинұлы Үкімет сағатында қалалар мен облыстар, республикалар арасында қатынайтын автобустардың ескіріп бара жатқанын айтып, автопаркті жаңарту ісі тоқтап қалғанына назар аударды. Оның айтуынша, Өндіріс министрлігі 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап қолданыста болған автобустарды елге кіргізуге тыйым салған.
«Біздің тасымалдаушылар шетелде 2–3 жыл қолданылған автобустарды сатып ала алмай отыр, өйткені оларды әкелу үшін зауыттан немесе оның ресми өкілінен сертификат талап етіледі. Ал Қазақстандағы ресми өкіл жеке тасымалдаушыдан (мысалы, Германия немесе Польшадағы) сатып алынған көлікті растай алмайды. Нәтижесінде жаңа автобустар тым қымбатқа түсіп, автобустар паркі ескіріп барады. Бұл өз кезегінде жол апаттарының көбеюіне әсер етіп отыр», деді Болатбек Нажметдинұлы.
Ол жауапты министрліктерге мәселені сертификаттау, техникалық тексеру және бақылау арқылы шешудің нақты тетіктерін атап өтті. Депутат жол-көлік оқиғаларының артуына Toyota Alphard, Hiace сынды шағын автобус иелерінің заңсыз жолаушы тасымалымен айналысып отырғаны да түрткі екенін алға тартты.
«Бұл көліктер ресми түрде тасымалдаушы ретінде тіркелмеген, сақтандыруы жоқ, тахографтармен жабдықталмаған және заңсыз жұмыс істейді. Жүргізушілердің басым бөлігі 14–20 сағаттап жол жүреді, ал рұқсат етілген норма - бар болғаны 8 сағат. Бұл – тікелей апат тудыратын себептің бірі. Көлік министрлігі тиісті функцияларын толық атқармай отыр. Шағын автобустардың жолаушы тасымалына жарамдылығы сертификатталмайды, тахографтардың бар-жоғы, сақтандыру мен еңбек-демалыс режимі бақыланбайды. Ал ІІМ қолданыстағы заңға сәйкес көзге көрінерлік бұзушылық болмаса, мұндай көліктерді тоқтата алмайды. Бұл - нағыз тұйық шеңбер», деді Болатбек Нажметдинұлы.
Мәжілісмен Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке осы мәселелерді жауапты министрліктермен бірлесе шешуді ұсынды.