• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 08:50

«Қазақстан – америкалық бизнес үшін тартымды ел

20 рет
көрсетілді

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Вашингтонда АҚШ Сауда палатасы жанындағы Қазақстан – Америка іскерлік кеңесінің (USKZBC) дөңгелек үстелі шеңберінде америкалық бизнес­ке еліміздің инвестициялық-экономикалық әлеуетін таныстырды. Іс-шара Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының жыл сайынғы жиналысы қарсаңында өткізіліп отыр.

Жиынға америкалық тараптан АҚШ Сауда палатасы­ның Таяу Шығыс, Түркия мен Орталық Азия істері жөніндегі аға вице-президенті Куш Чокси, «Chevron», «Brownstein», «Bectel», «ExxonMobil», «Citi», «Mastercard», «Boeing», «lanzaJet» және басқа да жетекші корпорациялардың топ-менеджерлері қатысты. 

Серік Жұманғарин кездесуге қатысу­шы­ларға алғысын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық қарым-қатынастар жоғары деңгейін сақтап отырғанын айтты. Елімізде америкалық капиталдың қатысуымен 600-ден аса кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде «Chevron», «ExxonMobil», «General Electric», «Pfizer», «Honeywell», «Coca-Cola», «PepsiCo», «John Deere» және басқа да кәсіпорындар бар. Америкалық бизнес қаржы мен энергетикадан бастап машина жасау, фармацевтика мен логистикаға дейінгі барлық негізгі саланы қамтиды.

«Қазақстан – америкалық бизнес үшін тартымды ел. Биыл елі­міздегі ІЖӨ 330 млрд доллар­дан асады, бұл – Орта­лық Азия эконо­ми­касының шамамен

60%-ы. Был­тырғы қорытынды бойын­ша жан ба­с­ына шаққандағы ІЖӨ 14 мың дол­лардан, ал сатып алу қабілетінің паритеті бойынша 44 мың доллардан асты. Ортамерзімді мақсат – 2029 жылға қарай ІЖӨ көлемін 450 млрд долларға жеткізу»,  деді С.Жұманғарин.

Мемлекеттік қаржының жоға­ры тұрақтылығына айрық­ша назар аударыл­ды. Еліміз­дің мем­лекеттік борышы консер­вативті деңгейде және ІЖӨ-нің 22,2%-ын немесе 61 млрд долларды құрай­ды. Әлем елдерінің 78%-ында мемлекеттік борыштың ІЖӨ-ге қатынасы бұл көрсеткіштен асып кетеді. Кейінгі 20 жылда елімізге 400 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартыл­ды. Бұл жыл сайын орта есеппен 20 млрд доллардан асады.

Инвестиция түрлі секторға бағыт­тал­­ған. Бұл инвестицияның үштен бірінен азы тау-кен өнеркәсібіне тиесілі. Қалғаны – өңдеу өнеркәсібі, қаржы мен сақтан­дыру қызметі, құрылыс және көлік салала­рында. Еліміздің экономикасы үшінші жыл қатарынан 5%-дан жоғары тұрақ­ты өсімді көрсетіп отыр. 2023 жылы – 5,1%, 2024 жылы – 5%, осы жылғы 9 айда – 6,3%, бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Еліміздің несие қабілеттілігін жетекші рейтингтік агенттіктер растады. Қазақ­станның S&P, Fitch пен Moody’s инвести­ция­лық рейтингтері бар, бұл ретте жа­қын­да S&P болжамын «оңға», ал Moody’s өткен жылы «Baa1» деңгейіне дейін көтерді.

Вице-премьер жылына 5-6% дең­гейінде тұрақты даму қарқынын қамтамасыз етуге арналған жаңа белсенді экономикалық өсу саясатының негізгі бағыттарын ұсынды. Бұл өсімді АӨК шикізаты мен өнімін терең және орташа өңдеуде өнімділігі жоғары экспорттық жобаларды кеңінен қаржыландыруға қабілетті қаржылық даму институттары арқылы қол жеткізу жос­парланып отыр.

Аталған бағыттардың жиын­тық инвестициялық әлеуеті 100 млрд доллардан асады деп бағалануда. Өнеркәсіптің ІЖӨ-ге қосқан үлесі қайта өңделген тауар үлесін арттыру мен ел ішінде ең жоғары қосылған құнды құру арқылы өседі деп күтілуде. Өсудің қосымша бағыттарына теміржол машинасы мен автомобиль жасау, тыңайтқыш өндіру, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу, жаңа кен орнын игеру және жерде сирек кездесетін металдарды қосқанда, минералдық-шикізат базасын дамыту кіреді.

Алдағы бес жылда құны шамамен 100 млрд доллар болатын жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырған энергетика мен коммуналдық инфрақұрылымға ерекше назар аударылады.

«Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін біз салалық тәжірибесі бар халықара­лық жетекші компания­ларды шақыра­мыз. Олардың қатысуы өндіріс тиімділігін арт­тыруға ғана емес, адами капи­­тал­ды дамытуға, жаһандық тізбектер­мен интеграциялауға және Қазақстан­ның сенімді әріптес ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етпек», деп атап өткен Серік Жұманғарин америкалық компанияларды өзара тиімді ынтымақтастыққа шақырды.