Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті. Жиында депутаттар күн тәртібіндегі 10-нан аса мәселені қарады.
Жеке профилактика шаралары нақтыланады
Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Оқу-ағарту министрі қызметіне ауысқан Жұлдыз Сүлейменованың орнына келген жаңа депутат ант берді. Бұған дейін «Amanat» партиясының саяси кеңес бюросы Мәжілістегі партиялық тізім бойынша бос мандатты Президент жастар кадрлық резервінің мүшесі Әбутәліп Мүтәліге беру туралы қаулы қабылдағанын хабарланған еді.
Партия таратқан мәліметке сүйенсек, «Amanat» фракциясының жаңа депутаты «Болашақ» бағдарламасының түлегі, бұған дейін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект бағытында еңбек етіп келген. Сондай-ақ Әбутәліп Мүтәлі Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің құрамына сайланды.
Одан кейін Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Бұл – «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске енгізілетін түзетулер, «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер, Көлік құралдары иелері мен тасымалдаушылардың жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері бойынша заң жобасы, Денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы, Қазақстан мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау жобасы.
Күн тәртібіндегі келесі үш заң жобасы да өзара байланысты болғандықтан, ортақ баяндама жасалып, жеке-жеке шешім қабылданды. Осылайша, депутаттар «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа бірыңғай заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобаларын Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының халық арасында заңға бағынатын мінез-құлық қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау және құқық бұзушылыққа бейім тұлғалармен мақсатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін әзірлеген.
– Бір бағытта 5 заң біріктіріледі. Бұл – профилактика туралы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, кәмелетке толмағандар, азаматтардың тәртіпті сақтауға қатысуы және әкімшілік қадағалау туралы заңдар. Профилактика барлық деңгейде қамтамасыз етілуі керек. Бұл тәсілдер заң жобасында көзделген. Біріншіден, ортақ жауапкершілік енгізіледі. Әкімдер өңірдегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін, мемлекеттік органдар құзыреті бойынша профилактика үшін, мәслихаттар олардың есебін тыңдау бойынша және ақсақалдар, жұртшылық кеңестері секілді жергілікті қоғамдастықтардың рөлі күшейтіледі, – деді құжатты таныстырған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов.
Сондай-ақ профилактика жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәртебесі жоғарылайды. Енді комиссияның құрамы мен құзыретін Президент бекітеді. Баға ұлттық баяндамада беріледі. Бұған қоса профилактика жасалатын субъектілер тізбесі 13-тен 26-ға дейін кеңейтіледі. Олардың идеологиялық түсіндіру және тәрбие жұмысы, әлеуметтік бейімдеу және оңалту, цифрлық шешімдерді енгізу бойынша құзыреттері нақтыланады. Сондай-ақ азаматтардың, кәсіпкерлердің профилактикаға қатысу тәсілдері бекітіледі. Енді барлық құқық қорғау органдары қоғамдық көмекшілер тарта алады.
– Жеке профилактика шаралары күшейтіледі. Профилактикалық бақылауға жататын есепке алынған адамдардың тізбесі 6-дан 16-ға дейін кеңейтіледі. Әкімшілік қадағалауды қолдану саласы ұлғайтылады. Жаңа тетіктер де енгізіледі: ресми ескерту, өмірлік қиын жағдайдағы адамдарды есепке алып, олардың әлеуметтік бейімдеу және оңалту, жоғары назарды талап ететін жасөспірімдерді педагогикалық сүйемелдеу, жақындауға тыйым салу, ілеспе заң жобалары шеңберінде әкімшілік жауапкершілік, құқыққа қарсы контентті жариялау және тарту үшін енгізіледі, – деді министр.
Заң жобасы қоғам қайраткерлерінің, құқық қорғаушылардың, ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен әзірленген. Көпшілік тыңдаулар өтті, сараптамалар жүргізілді, Президент Әкімшілігімен келісілді, Парламенттің қоғамдық палатасының отырысында қаралған.
Талқылау барысында депутат Нартай Сәрсенғалиев кейінгі үш жылда 270 сарбаздың қаза тапқанын айтып, әскердегі әлімжеттік пен заңсыздықтардың жойылмай отырғанына назар аударды. Ол талқыланып жатқан «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңда бұл мәселеге қатысты нақты жаңа тетіктер бар-жоғын сұрады. Депутаттың айтуынша, 17-бапта бұрыннан бар жалпы ережелер ғана көрсетілген, ал әскердегі заңсыздықтарды түбегейлі жоюға бағытталған нақты механизмдер қажет.
– Бұл мәселені түбегейлі шешуге арналған профилактикалық механизмдер қарастырылды ма, әлде тағы да сол 17-баптағы стандартты ережелермен шектелеміз бе? – деді Н.Сәрсенғалиев.
Министрдің айтуынша, қайғылы оқиғалар профилактиканың жоқтығынан емес. Ол әскердегі алдын алу шаралары күшейтіліп жатқанын, депутаттармен бірге нақты ұсыныстар енгізілгенін және қосымша бастамалар болса, олар да қарастырылатынын жеткізді. Е.Сәденов бұл шаралар дұрыс орындалса, мұндай келеңсіз жағдайлар қайталанбайды деп ойлайтынын айтты.
Ал депутат Бақытжан Базарбек қоғамдық көмекшілер жайлы мәселені көтерді. Оның айтуынша, қоғамдық көмекшілер материалдарды ұсынғанмен, көп жағдайда полиция іс қозғамайды, жабулы күйде қалдырады. Керісінше белсенділердің өзін қысымға алады.
– Қоғамдық көмекшілер көтерген істер қозғалмай жатыр. Қазіргі заман қылмыскерден емес, полициядан қорқатын заман болып тұр. Тау бөктеріндегі ағаштарды заңсыз кескен, Алматыдағы заңсыз жер пайдалану сияқты фактілерді ашып жатыр. Бірақ қылмыстық іс қозғалмайды. Қайта бай, ығай-сығайлар қоғамдық көмекшілерге қысым жасайды. Алматыдағы Еңбекшіқазақ, Талғар, Қарасай ауданындағы заңсыз ағаш кесуден бюджетке 15 млрд теңге шығын келген. Өзім Алматы қаласы бойынша 12 фактіні анықтадым, бірде-бір қылмыстық іс қозғалған жоқ. Неге мен көріп отырғанды, комиссия көріп отырғанды полиция көрмейді? Неге полицейлер қол қусырып отыр? Заңсыз өндіру фактілері туралы бірнеше рет айттым, материалдарды Бас прокуратураға жібердім, бірақ сіздің ведомствоңыз тарапынан ешқандай жауап жоқ. Дәл сіз өзіңіз менімен байланысқа шығамыз дегенсіз, алайда Ішкі істер министрлігінен әлі ешкім хабарласқан жоқ, – деді Б.Базарбек.
Шешім қабылдауда қоғам мүддесі ескеріледі
Депутаттар 1992 жылғы Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану жөніндегі конвенцияға Су және денсаулық проблемалары туралы хаттаманы ратификациялады. Құжатқа 1999 жылы 17 маусымда Лондонда қол қойылған. Бұл – сумен қамтамасыз ету, санитария, гигиена және денсаулық сақтау мәселелеріне бағытталған әлемдегі алғашқы әрі жалғыз шарт. Оның мақсаты – су ресурстарын тұрақты басқару, сумен байланысты аурулардың таралуын болдырмау және халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау.
Қазақстан бұл хаттаманы ратификациялау арқылы мойнына бірқатар міндеттеме алады. Атап айтқанда, сумен жабдықтау, санитария, гигиена және денсаулық сақтау бойынша нақты және өлшенетін нысаналы көрсеткіштерді белгілеу; сумен байланысты ауруларды қадағалау және олардың ерте алдын алу жүйесін құрып, жетілдіру; төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл жоспарларын әзірлеу; халықты қолданыстағы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай сумен қамтамасыз ету бағытындағы өзара іс-қимылды күшейту; шешім қабылдау үдерісіне жұртшылықты тарту және су шаруашылығы қызметінің барлық кезеңінде халықтың хабардар болуын арттыру; су ресурстарын қорғау және пайдалану, санитария және денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Бұл хаттаманың ратификациясы еліміз үшін қауіпсіз ауызсу дайындау, сарқынды суды кәдеге жарату саласындағы озық технологиялар мен білімге жол ашады.
Жалпы отырыстағы түйінді құжат – «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Челябі мемлекеттік университеті» жоғары білім берудің федералдық мемлекеттік бюджеттік білім беру мекемесі Қостанай филиалының жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы. Құжат жөнінде Ғылым және жоғары білім министрінің міндетін атқарушы Талғат Ешенқұлов баяндама жасады. Оның айтуына қарағанда, келісімді жүзеге асыру республикалық бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді. Әрі бұл бастамалар ұзақмерзімді байланыстарды қалыптастырып, академиялық өзара ықпалдастықты нығайтады және Қазақстанның халықаралық беделін арттырады.
Мүгедек жандардың жәрдемақысы көбейтілгені жөн
Жиында депутаттық сауалдарға кезек беріліп, бірқатар мәселе Мәжіліс мінберінде айтылды. Мәселен, депутат Нұрлан Әуесбаев Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға мүгедектігі бар жандардың проблемалары жөнінде сауал жолдады. Ол қолданыстағы заңнамада мүгедектікті анықтауға қатысты бірқатар әділетсіздік барын айтты.
– Қолы немесе аяғы жоқ адаммен қолының бір саусағы не аяғының бір башпайы жоқ адамға бірдей – үшінші топтық дәреже беріледі. Қолы немесе аяғы мүлде жоқ, тіпті туабітті ақыл есі кем жандар өз мүгедектігін растау үшін тексерістен өту керек. Өзінің мүгедектігін ресми мекемелерге тіркете алмай жүргендер де бар. Мұндай өңір тұрғындарының қатарында – Семей полигонынан зардап шеккен Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тумасы Сапа Сарыпбеков есімді азамат. Оның мұрын қуысына полигон салдарынан зақым келгені ресми түрде дәлелденгенімен, түрлі себептермен үшінші топ мүгедектері тізімінен шығарылған. Енді мүгедектігін қайта рәсімдей алмай, талай табалдырықты тоздырып, ақыр соңында сонау Түркістаннан бізге көмек сұрай келген. Сондай-ақ қазір үшінші топтағы мүгедектің жәрдемақысы – 55 474 теңге. Ал бүгінгі инфляция 12,9% деңгейіне жетіп, әлеуметтік маңызы бар өнімдерге, дәрі-дәрмектерге баға күрт өсті. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысын кем дегенде ең төменгі жалақы 85 мың теңге көлеміне дейін көтеру қажет, – деді Н.Әуесбаев.
Мәжіліс депутаты Айдос Сарым кейінгі уақытта елде кеңінен таралып кеткен эзотерикалық, псевдопсихологиялық жалған ілімдер мен секталардың әсіре белсенділігі қатты алаңдатып отырғанын жеткізді. Ал «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Қарақат Абден түйе шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік қолдауды күшейту керегін айтты. «Respublica» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смолякова туризмді дамытудағы жүйелі мәселелер туралы сауал жолдады. Депутат Жигули Дайрабаев су үнемдеу мәдениетін насихаттау үшін кең көлемді науқандар ұйымдастыру қажет деген ұсыныс тастады.