• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 16:30

Қарағанды облысында рұқсат берілмеген 472 қоқыс алаңы жойылды

40 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында санитарлық талаптар мен абаттандыру ережелерін сақтау мақсатында ауқымды экологиялық іс-шаралар қолға алынды. Бұл жұмыстар республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Жыл басынан бері өңірде 32 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіш экологиялық мәдениетті арттыру және заң талаптарын сақтау мәселесінің өзектілігін айқын көрсетіп отыр.

Полиция қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзған нысандарды анықтау бойынша тұрақты рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Ереже бұзғандар қатарында ірі сауда орталықтары, дүкендер, шағын дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен құрылыс нысандары бар.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына қауіп төндірген 472 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі жойылды.

Рұқсат етілмеген қалдықтар орнын анықтау мақсатында полиция заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған дрондарды белсенді түрде пайдаланып келеді.

Аулалар мен кіреберістердің тиісті күтімін қамтамасыз етпеген 36 ПИК (ОСИ) төрағасы мен 14 үй старшинасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ өз аумағын қоршамай, қоқыс жиналуына жол берген 20 жер иесіне бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Белгіленбеген орындарға қалдық төккен 74 жүргізушіге қатысты шаралар қабылданды. Олардың көліктері айыппұл төленіп, ластанған аумақ тазартылғанға дейін айыптұраққа қойылды.

Тек соңғы апта ішінде облыс аумағында 500-ден астам құқық бұзушылық анықталып, 4 жүк көлігі мен 33 жеңіл автокөлік ұсталды.

Полиция департаменті өңір тұрғындарын қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады.