Бурабай баурайында нәзік те нұрлы поэзия әлемінің өкілі, ақын, Мәдениет қайраткері Марфуға Бектеміроваға арналған мазмұнды кеш өтті, деп жазады Egemen.kz.
Щучье қаласындағы Марфуға Бектемірова атындағы көшеде білімнің қара шаңырағы санатындағы қазақ мектеп-интернаты орналасқан. Ақын осы мектепте білім алған. Туған жерге деген перзенттік пейілі, таңның мөлдір шығындай махаббаты мөлдіреп тұрған жырларымен танымал Марфуға Бектемірова оқыған кабинетке ақынның аяулы есімі берілді. Онда автордың шығармасымен танысып, рухымен сырласуға арналған кездесу болды. Ақын атындағы қайта жабдықталған кабинеттің ашылу салтанатында Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мерей Рамазан құттықтау сөз сөйлесе, этнограф, тарих ғылымының докторы Жамбыл Артықбаев, Қазақстан Республикасы Орталық ардагерлер кеңесінің мүшесі Болат Темірбаев, ел ағасы Серік Сәбитов Марфуға мұрасы туралы тереңнен толғап сыр шертті. Ақынның жары, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Есенгелді Сүйінов Марфуға мұрасын насихаттау барысындағы атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды. Көкірегінде жатталып қалған жан тебірентерлік әдемі естеліктерімен бөлісті.
Ақын өмірі ізгіліктер әлемі. Өнегелі өмір жолынан өрілген есті естеліктер кейінгілер үшін ғибрат. Кабинетте білім алып жатқан оқушылар ақын өлеңдерін, өздерінің тырнақалды жырларын оқып, көпшілік көңілін бір серпілтіп тастады. Бар ғұмырын боз даланың бозторғайы іспетті туған топырағын жырлауға арнаған Марфуғаның өзі «түсінсе ұрпағыма мәңгі өлмейтін, өлеңнен бір ескерткіш қалдырамын» депті. Айтса айтқандай, өміршең өлеңдерімен ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа өнеге еткені де шындық. Заманында шығармашылығы туралы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақселеу Сейдімбек пайымды пікір білдірген екен. «Марфуға Бектемірова шынайы сезімнің ақыны. Оның өлеңдерінің алтын арқауы – адам, қоғам, табиғат. Түптеп келгенде, өнер атаулының тұғыры да осы үштаған. Бір-бірімен ұлы тұтастықта болатын осы үштаған құбылыстан Марфуға бәрін-бәрін де таба алған, тани алған. Оның өлеңдерін оқығанда жүрегің тазарады, үлкен арманның әлдиіне бөленесің. Туған жеріңнің қадір-қасиетін тереңірек сезіне түсесің».
Ақын шығармашылығының шынайы бағасы осы. Кеш соңында білім ошағының өнерпаздары Марфуға Бектемірованың сөзіне жазылған әндерді, төл әндерін орындап, жиналған қауымның көңілін бір көтерді.
Ақмола облысы