1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация» – Қазақ елінің тәуелсіздікке ұмтылысының нақты көрінісі, азаттыққа бастар алғашқы заңды әрі саяси қадамы болды. Бұл құжат – мыңдаған жылдан бері жалғасқан мемлекеттіліктің қайта жаңғыруына, ұлттық сана мен рухтың оянуына жол ашқан тарихи белес.
Декларация еліміздің мемлекеттік билігінің тәуелсіздігін, жер мен табиғи байлықтың иесі – халық екенін заң жүзінде айқындады. Онда республика өз заңдарын қабылдау, ішкі және сыртқы саясатты дербес жүргізу құқығына ие екені атап көрсетілді. Яғни сарапшылар бұл құжаттың заң жүзіндегі тәуелсіздікке алып келгенін бірауыздан айтады. Ал оның ең басты құндылығы – іс жүзіндегі тәуелсіздікке жол ашқаны.
Шын мәнінде Қазақ елі үшін тағдыршешті қадам болған декларация республикамыздың саяси өміріне түбегейлі қозғау салып, тегеурінді реформалардың жүзеге асуына септігі тигені белгілі. 1991 жылғы 10 желтоқсанда Қазақ КСР-інің атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілсе, араға 6 күн салып «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңы қабылданды.
1992 жылдың 2 наурызында еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымына 168-мүше-мемлекет болып қосылды. Бұл – қазақты тәуелсіз мемлекет ретінде айдай әлемнің танығанының анық белгісі еді. Ал сол жылдың 7 мамырында Қарулы күштеріміз құрылып, еліміз бен жерімізді қасық қаны қалғанша қорғайтын айбарлы армиямыз сап түзеді.
Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның айрықша назар аударарлық бір тұсы бар. Ол – «Қазақ КСР-і Республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды» делінген 12-бабы. Таршылық жылдары тарыдай шашылып кеткен қандастар тағдырын тұңғыш рет қозғаған бұл құжат шеттегі қазақтардың атамекеніне оралуына да даңғыл жол ашты. Дәл осы кезден тарихи Отанға қарай қандастар көші түзеліп, демографиялық жағдайымыздың жақсаруына, ұлттық рухани тұтастығымыздың артуына үлес қосқан ұлы құбылыс басталды. Траптан түсе сала топырақ сүйген ағайын Қазақ елінің қанатын кеңге жаюына үлестерін қосып, кетігіне кірпіш болып қалана берді.
Егемендік декларациясы – тек саяси құжат емес, ол – қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған азаттығының заңды түрде бекітілуі еді. Өз тағдырын өзі айқындайтын, еркіндігін қорғауға дайын ел екенімізді дәлелдеді. Мемлекеттілігіміз қайта қалпына келді, мызғымас бірлігіміз баянды болашағымыздың өзегіне айналды.