• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әскер Кеше

Жауынгер журналист

20 рет
көрсетілді

Өскемен қаласындағы Ұлттық ұланның №5518 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген жетісулық журналист, мерзімді әскери қызметші Әділ Құттыбаев – жауынгерлік борышын өтей жүріп, шығармашылықтан қол үзбеген талантты жас. Ол әскери өмір мен журналистиканы шебер үйлестіріп келеді, деп жазады Egemen.kz.

Қызметке шақырылмас бұрын Әділ туған өңіріндегі «Жетісу» телеарнасында журналист болып еңбек етіп, бірнеше телебағдарламаны жүргізген. Қазіргі таңда жауынгер «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтей жүріп, Өскемендегі «ALTAI» телеарнасының «Алтай таңы» атты таңғы бағдарламасында жүргізуші ретінде көрерменмен қайта қауышқан.

– Ұлттық ұлан сапында жүрген уақыт мені рухани да, физикалық тұрғыдан да шыңдады. Әскери бөлім сарбаздары күн сайын қала тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде ерлік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүр. Сол еңбектің ішінде менің де үлесімнің бар екенін сезіну – зор мақтаныш, – дейді қатардағы жауынгер Әділ Құттыбаев.

Бос уақытында Әділ мамандығынан ажырамай, телеарна ұжымымен бірге тікелей эфирде бағдарламалар жүргізіп жүр.

– «Алтай таңы» бағдарламасының тоғыз шығарылымында жүргізуші болдым. Тікелей эфир барысында өскемендік әріптестеріммен жақсы тіл табысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алдым. Бұл – мен үшін әскерде жүріп те шығармашылықты жалғастырудың үлкен қуанышы. Осындай жағдай жасап, қолдау білдірген әскери бөлім басшылығына алғыс айтамын, – дейді ол.

Болашақта Әділ Құттыбаев әскери тақырыптағы жобаларды қолға алып, мерзімді қызметін аяқтаған соң әскери журналистика саласында еңбек етуді мақсат тұтып отыр.