• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ғылым Кеше

Отандық ғылым қашан нақты нәтиже береді?

90 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қыркүйек айында Президент жанындағы Ғылым және технология жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында: «Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Сондықтан елімізде ғылымды дамыту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі», деп айтты. Шынында, ғылым – прогрестің қозғаушы күші. Ғылымсыз қоғамның табысты дамуы да мүмкін емес.

Соңғы жылдары отандық ғылымды дамытуға қомақты қаржы бөлініп, оның көлемі ұдайы өсіп отыр. Әсіресе мақсатты бағдарламаны қаржыландырудың нәтижесінде, көптеген ғылыми-зерттеу институты мен жоғары оқу орны заманауи құрал-жабдықпен қамтылды. Жас мамандарды шетелдегі ғылыми орталықтарда кәсіби деңгейде даярлауға жол ашылды. Сондай-ақ әлемге танымал ғалымдармен байланыс нығайып, мамандарды шетелде оқытудың арнайы бағдарламасы жүзеге асты. Жоғары оқу орындары (ЖОО) мен ғылыми-зерттеу институтының (ҒЗИ) ғылыми әлеуетін нығайту қажет. Алайда мемлекет пен қоғам ғылымнан нақты табыс күтуге құқылы. Бір жағынан, елдің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосуы тиіс.

Бүгінде Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ғылымды дамытуға байланысты ауқымды жұмыстарды қолға алды. Ақиқатында, ғылым мемлекет дамуының өзекті мәселелерінен оқшау бола алмайды. Ғылыми әзір­лемелер – жаңа технологиялар, жаңа жабдықтар, жаңа фарм және биопрепараттар, экологиялық таза азық-түлік өнімдері өндіріске енгізілуі керек. Өкінішке қарай, қазір ғылыми зерттеулер ел экономикасының дамуына айтарлықтай үлес қоса алмай отыр. Санаулы ғана ғылыми жобалар мен бағдарламалар практикалық қолданысқа енді. Ал елімізде өндіріске бағытталған заманауи отандық әзірлемелердің саны өте шектеулі. Сондықтан ғылыми зерттеулердің нәтижелерін түбегейлі өзгерту қажет. Әрине, іргелі ғылымсыз қолданбалы зерттеулерді дамыту және оны тәжірибеде қолдану мүмкін емес. Сондықтан елімізде ғылымды дамытуға бағытталған қаржыландыруды бөлу кезінде іргелі зерттеулермен қатар қолданбалы зерттеулерге де мұқият назар аудару қажет. Яғни ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізуге аса көңіл аударылса деймін. Жалпы, ғылымға бөлінген қаржыландырудың 25%-на дейін іргелі зерттеулерге, ал 75%-ын қолданбалы зерттеулерге бөлу орынды болар еді деп есептейміз. Қолданбалы зерттеулер ғылыми қаржыландырудың негізгі бағыты болғанда ғылым нақты нәтиже беріп, мемлекет пен халыққа өз пайдасын тигізеді.

Осыған байланысты ғылыми зерт­теулердің нәтижелерін түбегейлі іріктеу қажет. Әзірлемелер барлық сапа стандартына сәйкес, бәсекеге қабілетті, бағасы қолжетімді болуы тиіс. Бұған қоса, өндіріске қажетті базасы болуы керек. Осылайша, бірінші кезекте, отандық ғылымды қажет ететін өндірісті дамытып, табыс әкелетін қолданбалы ғылыми жобалар мен бағдарламалар қаржыландырылуы тиіс. Қазіргі таңда ғылыми жобаларды коммерцияландыру Ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру конкурсының жеке операторы ретінде «Ғылым қоры» АҚ («ҒҚ» АҚ) ұйымының қаражаты арқылы жүзеге асады. Алайда «ҒҚ» АҚ бөлген қаражат коммерцияландыру жобаларын іске асыруға жеткіліксіз екені анық. Ал бүгінгі жағдайда «ҒҚ» АҚ бөлінген қаражатпен өндірісті іске қосу мүмкін емес. Осыған орай «ҒҚ» АҚ-ны таратып және оның бюджетін мақсатты-бағдарламаны қаржыландыруға (МБҚ) бөлінген бюджетпен біріктіруді ұсынамыз. Осы бағдарламаларға арналған барлық өтінімді қаржыландыру сомасы сараланғаны дұрыс. МБҚ өтінімдері 3 млрд теңгеге дейін немесе өтінімдері 3 млрд теңгеден жоғары. Осы қаржы екі бөлікке бөлінген жағдайда ғана өз нәтижесін береді.

Ғылыми жұмыстарға сараптаманы сапалы түрде жүргізу – ғалымдар үшін ең маңызды. Бұл, ең алдымен, ғылыми жобалар мен мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша өткізілетін конкурстарды қаржыландыруға қатысты. Қазіргі таңда мұндай сараптаманы толығымен Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы (ҰМҒТСО) ұйым­дастырады. Бұған шетелдік және отандық сарапшылар қатысады. Ғы­лыми сараптаманың объективтілігі мен қаржыландыру шешімінің деңгейін арттыру үшін Президент жанындағы ҰҒА осы үдеріске белсенді қатысуы қажет. Мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламалары бо­йынша сараптаманы толығымен ҰҒА-ға тапсырған жөн. Сондай-ақ гранттарға сараптаманы ішінара Президент жанындағы ҰҒА қатысуымен мынадай схема бойынша жүргізуге болады: 1 шетелдік сарапшы, 1 ҰМҒТСО сарапшы және 1 ҰҒА сарапшысы. Яғни ҰМҒТСО бұл жұмысты үйлестіріп, бірінші кезеңде барлық бағдарлама мен жобаға ресми түрде сараптама жүргізуі керек. Ғылым және жоғары білім министрлігі мен  ҰҒА бірлесе отырып іріктелген жобалар мен МБҚ қаржыландыру туралы түпкілікті шешімді ұлттық ғылыми кеңестердің (ҰҒК) отырысында қабылдануға тиіс. Біздің ойымызша, аталған жұмыс функцияларының мұндай бөлінуі сараптамалық бағалаудың және қаржыландыруды қамтамасыз етудің объективтілігі мен ашықтығын арттыруға көмектеседі.

Өкінішке қарай, әзірге ЖОО-лар базасындағы ғылыми зерттеу нәтижелері ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған жоқ. ЖОО-ның негізгі бағыты білім беру болғандықтан, олар уақытының басым бөлігін білімге жұмсайды. Ғылымға өз дәрежесінде көңіл бөле алмайды. Осыған байланысты, ғылымға бөлінген қаражатты игере алмай бюджетке қайтару жағдайы ішінара кездеседі.

Ғылымды қажет ететін өндірісті да­мытуға жұмсалған қомақты бюджеттік қаржының қайтарымдылығының төмен екенін, еліміздегі биотехнология сала­­сының жай-күйінен көреміз. Кеңес одағы кезінде Степногорск қаласында жартылай қорғаныс, ішінара бейбіт мақсатта биотехнологиялық өнімдер шығаратын қуатты кәсіпорын кешені болды. КСРО ыдырап, кәсіпорын конверсияланғаннан кейін бұл кешен іс жүзінде жұмысын тоқтатты. Өндірістің бағытын өзгертуге көптеген талпыныс жасалды, технопарк құрылды, оның инфрақұрылымы мен жабдықталуына қомақты инвес­тиция құйылды. Дегенмен бұлардың ешқайсысы ойдағыдай нәтиже бермеді. Кейін Астанада Ұлттық биотехнология орталығы құрылды. Оған жаңа ғимарат салынып, соңғы үлгідегі замануи жабдықтар сатып алынды. Өкінішке қарай, аталған орталықтың қызметі әлі де тек зертханалық әзірлемелермен шектеліп, еліміздің биотехнологиялық өндірісі дамымаған күйінде қалып отыр.

Осыған ұқсас жағдай фармацевтика өнеркәсібінде де байқалады. Қазіргі уақытта еліміздегі фармацевтика өнеркәсібін дамытуға қомақты ресурстар жұмсалды. Мысалы, Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар кентінде орналасқан биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының биофармацевтикалық зауытының құрылысын келтіруге болады. Бұл кәсіпорында отандық тұмауға қарсы, коронавирустық инфекцияға қарсы, тубер­кулезге, бруцеллезге және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналарды қоса алғанда, медициналық өнімдердің кең ауқымын шығаруы жоспарланған болатын. Бұл нысана бірнеше жыл бұрын жүзеге асырылуы керек еді, бірақ зауыт бүгінге дейін іске қосылған жоқ. GMP стандарттарына сәйкес аккредиттациядан да өтпеген.

Тағы да айта кететін жағдай, бұл бар­лық ғылыми ұйымның басты проб­лемасы десек болады. Конкурстық ірік­теу аяқталғаннан кейін ведомстволық бағы­ныстылығына қарамастан, қар­жы­лық ресурстармен уақтылы қамта­ма­сыз етілмейді. Әдетте, конкурстарды өткізу және қаржыландыру туралы шешім қабылдау үдерісі өте баяу жүргізіледі. Жобалар 6 айдан 9 айға дейін кешігіп қаржыландырылады. Бұл жоспарланған зерттеу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Осылайша, соңғы үш жылда жаңа жобалар мен бағдарламаларды қыркүйек-қазан айында ғана қаржыландыруды бастап отыр. Ал өтінімді қабылдау жұмысы жыл басында болды. Сондықтан тендерлік ұсыныстарды қарау үдерісін түбегейлі өзгертіп, жоба мен бағдарлама жетекшілеріне жұмыс мерзімін ұзартуға мүмкіндік беру керек.

Сондай-ақ еліміздегі барлық ғылыми ұйымдар тең бәсекелестік ортада жұмыс істеу керек деп есептейміз. Тағы бір маңызды мәселе – ғылыми кадрларды даяр­лау. Қазір ғалымдардың көпшілігінің жасы үлкен. Еңбекке қабілетті орта жастағы ғалымдардың саны айтарлықтай аз. Айта кетейік, соңғы жылдары ғылымға келген жастардың қатары көбейіп, олардың дені магистратура мен PhD білім алып жатыр. Дегенмен көптеген институтта жас ғалымдардың жетпейтіні анық. Бұл мәселені, талантты жастарды ынталандыру, соның ішінде оларға лайықты еңбекақы ұсыну арқылы шешілсе деймін. Жоғары білікті кадрларды даярлау ЖОО мен ҒЗИ бірлесе отырып шешкен жөн. Жасыратыны жоқ, барлық ЖОО-да білікті ғалымдарды даярлауға арналған қажетті кадрлық және материалдық ресурстар жетіспейді. Мұны жас ғалымдарды шетелде оқыту арқылы ішінара шешуге болады, бірақ бұл өте қымбат. Оған балама ретінде, жас мамандарды ғылыми-зерттеу институтында даярласақ. Өйткені онда ғылыми қызметкерлердің негізгі әлеуеті шоғырланған.

Қазір еліміздегі ғылымды дамытудың басты басымдығы – цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика, биомедицина, ауыл шаруашылығы болуы керек. Ал өз кезегімде биомедицина мен ауыл шаруашылығына баса назар аударғым келіп отыр.

Биомедицина – биология, медицина, жұқпалы аурулар, тұқым қуалайтын ауру­лар, басқа да әлеуметтік маңызы бар аурулар, гендік инженерия, биотехнология, фармакология, фармацевтика, биопрепараттар және т. б. сияқты ірі зерттеу бағыттарын қамтиды. Осы зерттеулердің өзекті бағыттары әлемде белсенді түрде дамып келеді. Сондай-ақ фармацевтика саласын ерекше атауға болады. Қазақстанда импорттық фармацевтикалық препараттардың үлкен ағыны түсіп отыр. Отандық фармацевтикалық өнімдер оның аз ғана бөлігін құрайды. Ал импортталатын дайын фармацевтикалық препараттардың көлемі тұрақты өсу үстінде. Шындығында, елімізді өз дәрі-дәрмектерімен қамтамасыз ету тек экономикалық және денсаулық сақтау саласының ғана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздігіміздің мәселесі. Еліміздің фармацевтикалық компания­лары дәрі-дәрмектерді шетелден сатып алынған шикізаттардың (субстанция) негізінде ғана шығарып, оларды, буып-түюмен ғана айналысады. Отандық ғалымдар әзірлеген және клиникалық сынақтардың барлық сатысынан өткен отандық түпнұсқалық дәрілердің өндірісі жоқтың қасы. Фармацевтиканың ғылыми жетістіктерді практикада қолдану дең­гейінің төмендігі қоғам тарапынан да, үкімет тарапынан да орынды сынға ұшырады. Сондықтан жалпы биомедицинаны, оның ішінде фармацевтика саласын дамыту – елімізде басты басымдыққа айналуы тиіс.

Қазақстандағы тағы бір маңызды сала – ауыл шаруашылығы. Агроөнеркәсіп кешені ел экономикасында шешуші рөл атқарады. Оның дамуы елдің тұрақты дамуының, оның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің, экспорттық әлеуетін арттырудың шешуші факторы. Мәселен, елімізде өндірілетін отандық тұқым материалының тапшылығы өте зор. Сондықтан, тұқым материалын шетелден сатып алуға мәжбүрлі болып отыр. Ал тұқымдардың басым бөлігі көзге көрінбейтін жұқпалы микроорганизмдермен немесе зиянды жәндіктермен зақымданған. Осындай сапасыз тұқымдық материалдар республикамызға шетелден әкелініп отыр. Фитосанитарлық зерттеулерге сәйкес, тұқымдардың ауруы 70-тен 100% -ға дейін жетіп отыр, яғни осы аурулардың салдарынан ауыл шаруа­шылығы дақылдарының өнімділігі айтар­лықтай төмендейді. Отандық тиімді микробтық препараттар өндірісінің дамуы бұл мәселені шешіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортына тәуелділікті азайтады.

Қорыта айтқанда, барлық ғылыми зерттеуді қаржыландыру кезінде Ғылым және жоғары білім министрлігі маңызды ғылыми бағыттарды нақты тұжырымдап, жаһандық ғылымды дамытудың басым­дықтары мен еліміздегі қазіргі жағдайға сәйкес келетін МБҚ жобаларды және мегагранттарды қолдауы тиіс екенін атап өткен жөн. Бастысы, ел экономикасы мен өнеркәсіпті дамыту үшін қысқа және орта мерзімде нақты пайда беріп, іс жүзінде жүзеге асатын ғылыми-зерттеуге назар аударылса деймін. Ақиқатында, біз жоғарыда айтқан мәселенің барлығы бірнеше жыл қатарынан көтерілді. Бірақ әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.

 

Аманкелді САДАНОВ,

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, академик