• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Білім Бүгін, 08:42

Адалдығымен абыройлы

20 рет
көрсетілді

Ертіс-Баян өңірінің әдебиеттану ғылымы Тәуелсіздікпен бірге жаңарып жаңғырды. 1990–2000 жылдары осы саланы көрнекті ғалым, жазушы Қуандық Мәшһүр Жүсіп дамытса, бүгінде бұл дәстүрді филология ғылымдарының докторы, профессор Сейфитден Сүтжанов сәтті жалғастырып келеді. Қуандық Фазылұлы әйгілі ҚазПИ-дегі академиктер Қажым Жұмалиев пен Мәлік Ғабдуллиннің шәкірті болса, ҚазМУ-дың түлегі Секең едәуір жыл Алматыдағы Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты мен Қыздар мемлекеттік педагогика институтында қызмет істеп, Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішұлы, Рымғали Нұрғали сынды майталмандардан тәлім алды.

Павлодардағы Абай атын­­дағы жал­ғыз қазақ мек­те­бін үздік бітірген Секең шы­ғар­машылыққа жастай жақын болды. Университетті тәмамдаған соң Мем­лекеттік кітап палатасында он бес жыл библиограф, аға редактор қызметін ат­қарды. Көркем туындылары әдеби ортада жақсы бағаланып, «Қазақ әдебиеті» га­зетінен бастап республикалық басы­лым­дарда әдеби-сын мақа­ла­ла­ры­мен танылды.

Нәтижесінде, ақыл тоқ­тат­қан шағын­да ғылымға келді. М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтына біртуар ғалымдар Серік Қирабаев, Зәки Ахметов, Рахманқұл Бердібаев, Сейіт Қасқабасов, Мүсілім Базарбаев, Шамшиябану Сәтбаева, Шерияздан Елеукенов тәрбиесін алып жетіл­ді.

Алғашқы жетекшісі профессор Бейсенбай Кенжебаев еді. Ол кісі бақиға озған соң, профессор Серік Негимов қосымша жетекшілік етті. 1994 жылы «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және оның әдеби мұрасы» атты кан­ди­даттық диссертациясын сәтімен қорғап шықты.  Туған жері Керекуге қоныс аудар­ған соң, зерттеуін сәтті жалғастырды. 2006 жылы академик С.Қирабаевтың кеңесшілігімен «XX ғасыр басындағы қазақ және түркі халықтары әдебиетінің типо­ло­гиялық сипаты» атты док­тор­лық диссертациясын қор­ғап, тың тақырыпты игер­ді. Әдебиеттану абызы Серік Смайылұлы: «Сейфитден адал­ды­ғы­мен, момындығымен сүй­кімді» деп оты­ратыны да есі­мізде. Ғалымның «М.Ж.Көпейұлының шығар­ма­­шылық өмірбаяны», «Қазақ-түркі әдеби байланыс­тары», «Алаш және түркі руханияты» атты еңбектері әдебиеттануға үлес болып қосылды.

Профессор Сейфитден Назымбек­ұлы­ның ғылыми-педаго­гикалық әлеуе­ті С.Торай­ғыров атындағы Пав­ло­дар мемлекеттік университеті мен Ә.Мар­ғұ­­лан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогика униерситетінде тең көрінді. Ұзақ жыл қазақ әдебиеті кафедрасын басқарып, «Мәшһүртану», «Абайтану», «Аймақтық тұлғатану» курстарын жаңа­ша оқытуды жүзеге асырды. Әдебиет­танудың өзекті мәселесін көтеріп, он­даған ғылым кандидаты мен магистрін дайындады. Педагогикалық тәжірибесі ескеріліп, мемлекеттік «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантын жеңіп алды.

Қаншама жыл Л.Н.Гуми­лев атын­дағы Еура­зия ұлттық университеті Док­торлық диссертация кеңе­сінің мүшесі болып, орталық және солтүстік Қазақстан өңірі ғылыми мамандарын әзір­леудің басы-қасында жүр­ді.

Ұстаздық пен ғалымдық жолы жемі­сін беріп, «Мәшһүр мұрасы», «Ру­хани алмасу арналары», «Әдеби байла­ныс негіздері», «Мәшһүртану курсы», «Сопылық таным тағылымы», «Әдебиет­тік өлкетану», «Түркі халықтары әдебие­ті» (Б.Құралқановамен бірге), «Тұлға­лар тағылымы» кітаптары жарық көріп, Кереку әдебиеттану мектебін байытты.

«Қазақ-түркі әде­би бай­­ланыстары» еңбе­гін­де ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі түркі халық­та­рының қарым-қаты­на­сы, жәдит бағытын­да­ғы ой-пікір сабақтастығы, туындылардың концепция бірлігі, ислам ілімі аясындағы алмасулар, сюжеттік, идеялық са­рын­­дас­тық тарихи-генетикалық, топо­­ло­­гия­лық тұрғыдан зерттелсе, «Мәш­һүр­тану курсы» кітабында аса тылсым Мәше­кең әлемі, құбылысы, мұрасы, тағы­лымы байыпталады. Ғалымның «Со­пылық таным тағылымы» атты оқу құралында Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп сынды әдебиет алыптарының шығар­машылығындағы сопылық сарын сараланады.

Біздің түсінігімізде Сейфитден Назым­бек­ұлы­ның «Әдебиеттік өлке­­та­ну» еңбегі – отан мен өңір үйлесімін тең­ ұстаған, отарсыздандырудың жолын­ көрсеткен елеулі жұмыс. Ертіс-Баян өңі­рінен шыққан елге танымал саңлақ­тар, би-шешендер, әнші сазгерлер, ақын-жазушылар, ғалымдар өмірі мен шы­ғармашылығы тарихи таным аясында дәйектелген. Автор әйгілі Шоң, Торайғыр би, Жаяу Мұса, Иманжүсіп, Естай, Майра, Нұрлыбектен бас­тап Ж.Шанин, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Д.Әбілов, З.Шашкин, Қ.Бекхожин, Е.Бекмаханов, Б.Шала­баев, АШамкенов, М.Әлімбаев, Ш.Шөкин, М.Жаман­ба­линов, Қ.Ыды­рысов, Е.Ерботин, Қ.Исабаев, Ж.Әб­ділдин, Ш.Сәтбаева, Б.Уахатов, Р.Тоқтаров, А.Жақсыбаев, Қ.Жү­сіпов, Н.Оралбаеваға дейінгі тұл­ғалар­дың ғұмырбаяны мен мұрасындағы тың дүние­лер­ді, тосын сәттерді байыптаған.

Ғалымның «Алаш арыс­та­ры­ның жолында», «Ұлылар мұрасын ұлықтаған», «Ұлт тарихын тереңнен таныт­қан», «Өлең болып өрілген өмір», «Өршіл жырлар иесі», «Мұхтар мектебінің мақтанышы», «Ақын ағаның ақ көңілі», «Ұстаз үлгісін үл­пектеп», «Дәуірмен үндес дарын», «Тектінің тегі­нен», «Ұстазын ұлық тұтқан тұлға», «Мағауин және «Мен», «Атадан ұл туса игі...», «Тәуел­сіздік толғаулары», «Тұнықтан туған тұлпар жырлар», «Сыл­дырлап сыршыл келісім», «Жерлес жазушының жазбалары», «Біз оны «Бөкең» дейтініміз», «Өлкетану ілімін өрістеткен», «Шәкәрім мұра­­сының шырағданы», «Сырлы әлемнің сырын ашқан» т.б. ой-толғамдары оқырманды бір­ден өзіне баурайды. Сезімін де, сенімін де арттырады.

Мерейлі белеске көте­ріл­ген белгілі ғалым, ұс­таз, әдіскер,  Білім беру ісі­нің құрметті қызметкері Сейфетдин Назымбекұлы қазір де Кереку әдеби-мәдени ордасының, жоғары мек­тебінің жуан ортасында. Оқыған қауымға абыройлы, шәкірттеріне қадірлі. Ауыл-аймағы, отбасы-әулеті әз тұта­ды.

Тынбай еңбек ететін ақ­жүрек зиялы­ның азаматтық, ұстаздық, ғалымдық қасиеті жас буынға жұғысты болсын деп тіледік.

 

Сағымбай ЖҰМАҒҰЛ,

филология ғылымдарының докторы, профессор