• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Заң мен Тәртіп Бүгін, 09:07

Жемқорлыққа қарсы күрес дәйекті жүргізілуі қажет

20 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамырын тереңге жіберген қоғамдық індет – сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялап, ықпалды шаралар қолданып келеді. Нәтижесінде, «Transparency International» жемқорлыққа қарсы күрес және дүниежүзіндегі жемқорлық деңгейін зерттеу жөніндегі үкіметтік емес халықаралық ұйымы атап көрсеткендей, былтырғы Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі (СЖҚИ) бойынша еліміз өзінің жаңа тарихында алғаш рет 40 балға қол жеткізіп, 180 мемлекеттің ішінде 88-орынға көтерілді.

Осылайша, Қазақстан – Орта­лық Азия мемлекеттерінің ішінде ең жоғары позицияны иеленді. Дегенмен дүниежүзі бойынша орташа балл 43 балл екенін, СЖҚИ бойынша көрсеткіші 50 балдан төмен елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары мемлекет саналатынын ескерсек, қол жеткен ілгерілеуге тоқмейілситін жөніміз жоқ. Сол себепті осы бағытта жасалған келесі маңызды қадам – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылып, тиісті қызмет Ұлттық қауіпсіз­дік комитетінің қарамағына берілгені.

Шынтуайтында, «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деп қазекем айтқандай, жемқорлыққа қарсы күреспен екі мемлекеттік органның қатар айналысуы жұрт күткендей жоғары нәтиже берді деу қиын. Рас, кейінгі жылдары елімізде жасалған жемқорлық қылмыстардың біртін­деп азаю үрдісі барлығын бекерге шығаруға болмайды. Бас проку­ратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметі бойынша жемқорлық құқық бұзушылық саны 2022 жылы – 1 530, 2023 жылы – 1 461, 2024 жылы 1 269 бол­ған. Алайда өңірлердегі жағдай – әркелкі. Өкінішке қарай, былтыр Астана қаласы мен 7 облыс­та осы қоғамдық індет азаймақ түгіл, тіпті үдеп кеткен. Елордада 2022 жылы – 152, 2023 жылы – 196, 2024 жылы 227 жемқорлық қылмыс әшкереленген. Абай облысында 2022 жылы – 8, 2023 жылы 31 жемқорлық қылмыс жасалған болса, осы жөніндегі көрсеткіш былтыр 58-ге жетіп, бұрнағы жылғымен салыстырғанда 87 пайызға ұлғайған. Жамбыл облысында 2023 жылы – 43, 2024 жылы 63 жемқорлық қылмыс әшкереленіп, бұрнағы жылғымен салыстырғанда 46,5 пайызға көбейген. Қызылорда облысында 2023 жылы – 23, 2024 жылы 32 жемқор құрықталған, яғни «өсім» – 39 пайыз. Жемқорлық құқық бұзушылықтар саны өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында – 21 пайызға, Павлодар облысында – 19 пайызға, Алматы облысында – 14 пайызға, Жетісу облысында 8 пайызға артқан.

Құқық бұзушылыққа, соның ішінде жемқорлық қылмысқа ұрынған мемлекеттік қызметшілер саны 2022 жылы 1 049 болса, бұрнағы жылы осы көрсеткіш 489-ға дейін азайған, ал өткен жылы тағы 681-ге дейін ұлғайған. Әртүрлі құқық бұзушылық жасаған шенеу­ніктер саны Түркістан облысында бұрнағы жылғы 24-тен 117-ге дейін шарықтаған. Заңнан атта­ған мемлекеттік қызметшілер қата­ры Павлодар облысында 23-тен 62-ге дейін, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында 13-тен 23-ке дейін, Атырау облысында 15-тен 24-ке дейін, Алматы облысында 28-ден 44-ке дейін, Қостанай облысында 15-тен 23-ке дейін қалыңдаған. Сондай-ақ құқық бұзушылық жасаған прокуратура қызметкерлерінің саны 1-ден 6-ға дейін, судьялар саны 3-тен 6-ға дейін көбейген.

ҰҚК-нің құрамына енгізілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің (Антикор) алғашқы жұмыс нәтижелері Мемлекет басшысы жүргізген реформаның негізділігін айғақтағандай. Ведом­ствоның баспасөз қызметінің мәлі­метіне қарағанда, биылғы шілде айында Қылмыстық кодекс­тің 362-бабы (билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша – 3, 366-бабы (пара алу) бойынша – 5, 367-бабы (пара беру) бойынша – 4, 190-бабы (алаяқтық) бойынша – 2, 147-бабы (жеке өмiрге қолсұғылмаушылық және дербес деректерді қорғау туралы заңнаманы бұзу) бойынша – 1, 361-бабы (лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану) бойынша – 1, 364-бабы (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу) бойынша – 1, барлығы 17 құқық бұзушылық фактісін әшкерелеген. Сотқа 16 қылмыстық іс жолданған. Аяқталған істер бойынша мемлекетке келтірілген 113,6 млн теңге залалдың орны тол­­тырылған. Жалпы сомасы 619,1 млн теңге мүлікке тыйым салынған.

Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін екі адамға 471,84 мың теңге сомасында сыйақы берілген.

Таяуда Антикор Көлік вице-ми­нистрін пара алды деген кү­дікпен ұстап, сот санкциясымен қамауға алды. ҰҚК-нің баспасөз қызметі осы қылмыстың жай-жап­сарын егжей-тегжей баянда­ма­ғанымен, бейресми дерек көзде­рінен құрулы торға түскен «шортанның» бұ­рын Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарғаны мәлім болды. 2023 жылы Қызылжар өңірінің бірінші басшысы лауазымына үміткер ретінде баламалы бәсекеге түскенімен, жергілікті мәслихаттардың депутаттары оған сенім білдірмеген екен. Қызылжарлықтарды құдай қаққан деуге болады. Көмекейі кең шенеунік облыс әкімі һәм «жарты патша» болып тағайындалып кеткен жағдайда өңірдегі онсыз да күрделі әлеуметтік-экономикалық ахуал одан сайын ушықпаса, жақсармайтыны анық еді. Оған сол жолғы жанама сайлауға қатысқан 174 депутаттың 56-сы қолдау білдірген екен.

Антикор шілде айында Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысын пара алды деген күдік­пен ұстады. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жү­ріп жатыр. Сондай-ақ қыз­мет­тік өкілеттіктерін асыра пай­даланды деген күдікпен Энер­гетика министрлігі Энерге­тикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша аумақтық департа­мен­тінің басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол жер қойнауын пайдаланушылар­дан жүйелі түрде пара алуға мүм­кін­дік беретін сыбайлас жем­қор­лық схемасын ұйымдастыр­ды деген күдікке ілініп, қамауға алынды.

«Мың асқанға – бір тосқан». Мансап баспалдағымен жоғары­лап, шешім қабылдау деңгейіндегі биік лауазымдарға қол жеткізген талай шенеунік аяқ астынан жолдан та­йып, ұсталып жатыр. Ардан аттаған жемқорлардың жегені желім, ішкені ірің болатын кез келгені анық. Осы орайда бір ойланарлық мәселе – Үкіметтің биылғы 30 мамыр­дағы №388 қаулысына сәйкес өткен маусым айында құқық қорғау, азаматтық қорғаныс органдарында және мемлекеттік фельдъегерлік қызметте енгізілген полиграфологиялық зерттеуді көп кешіктірмей мемлекеттік қызмет жүйесіне түгел енгізу қажет сияқты.