• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Кеше

Ел экономикасы қалай өзгерді?

30 рет
көрсетілді

2025 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстан экономикасының өсімі 6,3 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш елдің тұрақты даму қарқынын айғақтайды, деп жазады Egemen.kz. Бұл туралы экономист Руслан Сұлтанов Tengenomika телеграм-арнасында түсіндірді.

Экономикалық өсімнің басты маңызы – оның халықтың өмір сапасына әсер етуінде.

Соңғы жылдары қазақстандықтардың өмір салты едәуір өзгерді. Ішкі туризм көлемі шамамен 40 пайызға артып, 6,6 миллионнан 10,5 миллион адамға жетті. Шетелге шыққан сапарлар саны үш есе көбейіп, 1,19 миллион адамды құрады.

Көлік саласында да өсім байқалады. Әуе тасымалының көлемі 14,4 миллион жолаушыға жетсе, такси қызметіне сұраныс 35 пайызға артқан: 2018 жылы 54,3 миллион адам такси пайдаланса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 73,3 миллион адамға дейін өскен.

2020 жылдан бері жылжымайтын мүлік иелерінің саны 3,85 миллионнан 4,98 миллионға дейін көбейді. Бұл соңғы бес жылда 1,13 миллион адамның өз баспанасын иеленгенін көрсетеді.

Қазақстандықтардың тұрмыс әдеттері мен тұтыну мәдениеті өзгеруде. Азаматтар сапалы тағам таңдауға көбірек көңіл бөліп, ет пен жеміс-жидек тұтыну көлемін арттырған.

Әлеуметтік осал топтарға арналған азық-түлік себетінің құрамы бұрынғы 20 атаудан 43 позицияға дейін кеңейтілді. Бұл халықтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік теңсіздікті азайту бағытындағы маңызды қадам болды.

Қалалар мен ауылдарда газдандыру, көше жарығын орнату, аулаларды абаттандыру және жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұндай өзгерістер әсіресе өңірлерде айқын байқалады. Бұл тек инфрақұрылымдық жетістік емес, жаңа өмір сапасының негізі саналады.

Экономикалық өсім – ел дамуының маңызды индикаторы. Дегенмен бүгінде басты назар сандық емес, сапалық өсімге бағытталуы тиіс. Яғни, ол халықтың тұрмыс деңгейінің артуы, қызмет көрсету сапасы, білім мен кәсіпкерлік мүмкіндіктерінің кеңеюі, инфрақұрылымға қолжетімділік арқылы бағалануы қажет.

Сарапшының пікірінше, экономикалық өсімнің нәтижесі халықтың күнделікті өмірінде – көлік, тұтыну және инфрақұрылым арқылы сезіле бастады. Ал сапалы өсім – тек сандармен емес, тұрақты жұмыс орындары мен қолжетімді әлеуметтік қызметтер арқылы көрінетін жаңа даму кезеңі.