Қытайдың Уси қаласында таеквондодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты аяқталды. Аталған додада 150 мемлекеттен келген 900-ден аса даян шеберлері күш сынасып, 16 жүлде жиынтығын сарапқа салды, деп жазады Egemen.kz.
Аспанасты еліндегі жарыста Қазақ елі намысын ерлер арасында Бекзод Қадірқұлов (54 кг), Темірлан Тілеулес (58 кг), Самирхон Әбабәкіров (63 кг), Дамир Шүленов (68 кг), Бекасыл Ергеш (74 кг), Батырхан Төлеуғали (80 кг), Нұрлан Мырзабаев (87 кг), Бейбарыс Қаблан (87 кг), ал әйелдердің бәсекесінде Айдана Құмартаева (46 кг), Нодира Ахмедова (49 кг), Әзиза Қаражанова (53 кг), Мария Севостьянова (57 кг), Айша Әділбекқызы (82 кг), Нұрай Құсайынова (67 кг), Назым Махмұтова (73 кг) және Евгения Каимова (+73 кг) сынды спортшылар қорғады.
Осы 16 таеквондошылардың арасынан екеуінің бағы жанды. 46 кг салмақта сынға түскен Айдана Құмартаева мен 49 кг салмақта өнер көрсеткен Нодира Ахмедова қола медальді мойындырында жарқыратты.
Жоғарыдағы нәтиженің арқасында жерлестеріміз Ұлыбритания, Иордания және АҚШ құрамаларымен бірге 16-19 орындарда өзара бөлісті. Жалпы командалық есепте Түркия топ жарды. Анадолы елінің өкілдері 3 алтын, 2 күміс және 1 қоланы олжалады. Екінші және үшінші орындарда – Оңтүстік Корея (2+2+2) мен Бразилия (2+2+0). Сондай-ақ, Тунис (2+0+0), Иран (1+1+1), Өзбекстан (1+1+1), Мажарстан (1+1+0), Мысыр (1+0+1), Бельгия (1+0+0), Тайпей (1+0+0) және Таиландтың (1+0+0) қоржынында алтын медаль бар.