Бородулиха ауданында орналасқан ЖШС-нің 46 560 000 теңгеден астам сомадағы мүлкін ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ауданның полиция қызметкерлері жан-жақты сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұрлыққа қатысы бар жеті адам анықталды. Олар кәсіпорын қызметкерлері мен аудан тұрғындары болып шықты. Олардың кінәсі куәгерлердің айғақтары, сараптамалар нәтижелері және алынған заттай дәлелдемелердің жиынтығымен толық расталды.
Тергеу-жедел тобының жүйелі жұмысының арқасында қылмыстық іс заңда белгіленген мерзімде аяқталып, сотқа жолданды. Барлық заттай дәлелдемелер толық көлемде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бұл ЖШС-нің мүліктік құқықтарының қалпына келуін қамтамасыз етті.
Сот талқылауының нәтижесінде Бородулиха аудандық соты барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысына 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.