Төртжылдықтың басты додасында ел намысын қорғайтын саңлақтардың арасындағы ең атақтысы – Юлия Галышева. Ол – қазіргі ұлттық құрама сапында Олимпиада жүлдесіне ие болған жалғыз спортшы.
Кенді Алтайда туған 33 жастағы спортшы халықаралық аренадағы алғашқы жүлдесіне 2008 жылдың ақпанында қол жеткізді. Германияның Шлирзе қаласында өткен турнирде күміс медальды мойнында жарқыратты. Арада бірер күн өткенде Швейцарияның Энгельбергiнде могул мен параллельді могулдан топ жарды. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жеңістері Юлияны қанаттандырғаны сонша, ересектер бәсекесінде де бірден көзге түсті. Ұлттық құрама бапкерлері 17 жастағы фристайлшыны Ванкувер Олимпиадасына қосуды жөн көрді. «Үйеңкі жапырақтар еліндегі» доданы жерлесіміз 11-орынмен қорытындылады.
2014 жылы Сочи Олимпиадасына аттанғанда оның шеберлігі толық шыңдалған болатын. Ресей жерінде отандасымыз тамаша өнер көрсеткенімен, төрешілер оны үздіктер қатарына қоспады. Жетінші орынды місе тұтпаған Галышева мен бапкерлері шағым түсіргенімен, нәтиже өзгермеді. Десе де, алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз төрт жылдан соң дегеніне жетті. Оңтүстік Кореяның Пхёнчхан Олимпиадасында қола медаль иеленіп, еліміздің фристайл шеберлері тарихындағы тұңғыш жүлдені елге сыйлады.
Олимпиададан бөлек, өскемендік спортшы – әлем чемпионы (2019), күміс (2017, 2021), қола (2021) жүлдегер. Дүниежүзілік Универсиадада үш мәрте (2015, 2017), Азия ойындарында үш рет (2011, 2017) топ жарып, бір күміс (2017) медаль еншіледі. Сондай-ақ оның қоржынында басқа да ірі халықаралық турнирлердің жүлделері бар.
Саңлақ спортшының ендігі мақсаты – Олимпиада ойындарында тағы бір мәрте атой салу.