Қабиболла Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасының балалар бөлімі ай сайын «Артық білім – кітапта» атты сайыс өткізіп тұрады. Бұл жолғы байқау 12–13 жастағы балалар арасында ұйымдастырылды. Кішкентай оқырмандарға Бақтыбай Жайлаудың «Әбіш Кекілбайұлы кім?» деген кітабын үйден мұқият оқып келіп талдау және сұрақтарға жауап беру ұсынылды.
Үш кезеңнен тұратын жарысқа аудандар мен қалалардағы мектептерден 24 оқушы қатысты. Олар алдымен экраннан өздері таңдаған ұяшықтардағы сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңге 12 қатысушы іріктеліп алынды. Талап бойынша олар кітаптағы мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің мағынасын ашып, ойын жеткізді. Үшінші кезеңде тест тапсырмаларын орындады. Үздік шыққан жеті оқушы жүлделі орындарды бөлісті. Бас жүлдені Ақтау қаласы Т.Әшімбаев атындағы №11 лицей мектебінің оқушысы Гүлназ Жеткізген жеңіп алды. 1 бірінші орын, 2 екінші орын, 3 үшінші орын және 4 ынталандыру сыйлығының иегеріне дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді. Қатысушыларға да алғысхаттар мен кітаптар табысталды.
Жақында жарық көрген кітаптың авторы Бақтыбай Жайлау: «Әбіш атасының шығармалары балалар мен жастардың ақыл-ойын арттырады, тәлім-тәрбие береді, саналы азамат болып өсуіне оң ықпал етеді. Зейінді, зерек, зерделі, зияткер, зиялы тұлға етіп қалыптастырады. Біздің бұл кітабымыз кішкентай оқырмандарды сол Әбіш әлеміне бала жастан қызықтырудың амалы» дейді.
Балалар бөлімінің меңгерушісі Қалдыгүл Жылқыбаева бастаған кітапханашылар, оларға осындай сайыс өткізуді ұсынған Маңғыстау облыстық Бекет Ата мешітінің бас имамы Әнуарбек Ізімбайұлы, байқауға демеуші болып қаржылай жүлде тағайындаған «Маңғыстау қажылары» қауымдастығының өкілдері кішкентай оқырмандар арасындағы жарысты алдағы уақытта да жалғастыра беретінін айтты.
Маңғыстау облысы