Соңғы жылдары елімізде балалар арасындағы буллинг белең алып келеді. Қатарластары тарапынан мазаққа ұшырап, әлімжеттік пен дөрекілік көргендері томаға тұйықталып, қоғамнан оқшауланып жатыр. Кейбірі тіпті тығырықтан шығатын жол таппай, өз-өзіне қол жұмсайды. Технология дамып, әлеуметтік желінің ықпалы күшейген сайын киббербулингке ұшырайтын балалар саны да артып отыр, деп жазады Egemen.kz.
Мәселен, 2025 жылдың қарашасында Түркістан қаласында 9-сынып оқушысы сыныптастарының соққысынан қаза тапты. Қайғылы оқиға 3 қарашада қала шетіндегі зират маңында болды. Төрт оқушы бірігіп, марқұмды жүрек тұсынан соққыға алған, соның салдарынан бала тіл тартпай кетті.
Осыған ұқсас жағдай Алматы облысының Самсы ауылында тіркелді. Былтыр 10 қарашада 13 жастағы оқушы өзіне қол жұмсады. Марқұмның анасының айтуынша баланың өліміне мектеп тарапынан көрсетілген психологиялық қысым себеп болған. Оқушылар арасында мектептен тыс жерде болған төбелестен кейін психолог балаға ауыр, қорлайтын сөздер айтып, «сен сияқтыларды балалар колониясына қамау керек» деп жекіген. Сонымен қатар «ертең видео тараса, ата-анаң құқығынан айырылады» деп қайта-қайта қорқытқан. Осы жағдай баланың тұйықталып, ақыр соңында өмірімен қош айтысуына себеп болған.
Ал жуырда Атырау облысы Құлсары қаласында А.С. Пушкин атындағы №6 мектепте 10-сынып оқушысы мектепте балтамен өзге оқушыларды қуып, қауіп төндірген. Бұл оқиғадан соң қызметтік тексеру жүргізіліп, оқу орнының басшысына қатаң сөгіс берілді. Ал келесі күні мектеп директоры қызметінен босатылды. Баланың анасының айтуынша жасөспірім мұндай әрекетке өзге балалар тарапынан жасалған әлімжеттік пен қысымнан кейін барған.
Буллинг бар, бірақ ресми көрсеткіште бәрі жақсыҚазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева өткен жылы Алматы облысының жеті ауданында жүргізілген анонимді сауалнама нәтижелерімен бөліскен болатын. Сауалнама Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Бала құқықтарын қорғау комитетімен және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп, Қарасай, Балқаш, Талғар, Іле, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарындағы мектептерде өткізілген.
Сауалнамаға жауап берген оқушылар мектепте ақша бопсалау, тамақ тартып алу және мұғалімдер тарапынан күш қолдану кездесетінін айтқан. Еңбекшіқазақ ауданында мұғалімдер тарапынан болған зорлықтан кейін екі оқушы ауруханаға түскен.
Шу ауданының мектептерінде тоғызыншы сынып оқушылары ұрып-соғу арқылы бопсалау, электр шокер, кастет қолдану барлық жерде кездесетін құбылыс екенін жазған.
Омбудсменнің айтуынша, мектептерде жүргізілген сауалнамада балалар буллинг пен бопсалау бар екенін айтылғанымен, ресми есептерде бұл көрсеткіш 0% деп көрсетілген. Бұл мектеп әкімшілігінің буллингті барынша жасыруға бейім екенін білдіреді.
Буллинг пен жай жанжалдың айырмашылығы неде?Педагог-психолог Данагүл Тұяқбаеваның айтуынша, жай жанжал – екі тараптың тең жағдайда туындайтын, уақытша келіспеушілігі. Ал буллинг – бір немесе бірнеше адамның бір баланы ұзақ уақыт бойы әдейі, жүйелі түрде қорлауы, кемсітуі және психологиялық не физикалық қысым көрсетуі. Буллингте күш теңсіздігі болады.
Егер онлайн ортада қорлау, мазақтау, қорқыту немесе беделін түсіру әрекеттері жүйелі түрде қайталанса және бала өзін қорғансыз сезінсе, бұл буллинг түрі болып есептеледі.
Баланың буллингке ұшырағанын қалай байқауға болады?Баланың мінез-құлқындағы өзгерістер, тұйықталу, мектепке барудан бас тарту, мазасыздық, көңіл күйдің төмендеуі, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы және өзін-өзі бағалаудың төмендеуі – буллингтің алғашқы белгілерінің бірі.
«Балалар ұялып, қорқып, ересектер түсінбейді және жағдай одан сайын ушығып кетеді деп қауіптенуі мүмкін. Кейбірі өзін кінәлі сезінеді. Ұзақ буллингтің салдары мазасыздық, депрессия, өзін төмен бағалау, әлеуметтік оқшаулану, оқу үлгерімінің төмендеуі, тіпті психосоматикалық ауруларға әкелуі мүмкін. Егер балада ұзаққа созылған күйзеліс, қорқыныш, өзіне зиян келтіру ойлары, мінез-құлқындағы күрт өзгерістер байқалса, міндетті түрде психолог немесе психотерапевт көмегіне жүгіну қажет», дейді психолог.
Агрессор баланың өзі де көмекке мұқтажПсихологтың айтуынша агрессия көрсететін балалардың өзі де психологиялық көмекке мұқтаж болуы мүмкін.
«Мұндай балалар да эмоционалдық қолдауға, дұрыс қарым-қатынас дағдыларын үйренуге мұқтаж. Сабырлы түрде баланы мұқият тыңдап, оның сезімдерін қабылдау маңызды. «Сен жалғыз емессің, мен сені қолдаймын» деген сенімді жеткізу қажет. Ата-ананың түсінігі мен сенімі – баланың ең үлкен қорғаны. Баланың сөзін жоққа шығару, «өзің кінәлісің» деп айту, агрессиямен жауап беру немесе мектепке ашумен бару жағдайды күрделендіруі мүмкін. Ата-ананың өзара және өзгелермен қарым-қатынасы – балаға тікелей үлгі екенін естен шығармау маңызды», дейді Данагүл Қабдырашқызы.
Психологтың пайымдауынша, мұғалімдер жағдайды жан жақты зерттеп, барлық тарапты жеке тыңдап, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет. Одан кейін алдын алу және түзету жұмыстары жүргізіледі.
Сыныпта тұрақты түрде психологиялық профилактикалық жұмыстар жүргізу, эмпатия мен өзара құрметті дамыту – ең тиімді әдістердің бірі.
Кибербуллинг неге буллингтен де қауіпті?Кибербуллинг тәулік бойы жалғасуы мүмкін. Оның аудиториясы кең, жазбалар ұзақ сақталады. Бұл баланың қауіпсіз кеңістігіне психологиялық қысымды күшейтеді.
«Ғаламтор кеңістігіндегі қауіп-қатердің алдын алу кезінде ата-ананың атқаратын рөлі ерекше. Баланың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-анасы жауапты болуы тиіс. Сол себепті олар ұл-қыздарына интернеттегі қауіптер туралы түсіндіріп, мінез-құлқындағы өзгерістерге мұқият назар аударғаны жөн.
Егер ата-ана баласының күмәнді сайттарға кіріп, алаяқтар немесе зиянын тигізетін адамдардың ықпалына түскенін байқаса, оны жазғырып, ұрысу дұрыс емес. Керісінше, барынша қолдау көрсетіп, түсіністік таныту қажет. Бала өзін түсінетінін сезініп, сабырға келуі үшін жылы сөз айтып, жанынан табылу маңызды. Кейін мәселені бірге шешіп, қажет болған жағдайда психолог көмегіне жүгінген абзал.
Қамқорлық пен қолдауды сезінген бала тығырықтан шығуға болатынына сенеді. Өкінішке қарай, кейбір ата-аналар баласымен жеткілікті деңгейде тілдеспейді. Олардың ішкі күйзелісін дер кезінде аңғармай жатады. Ал мәселе асқынған соң, бәрін түзету қиындай түсуі мүмкін», дейді психолог.
Мемлекет қандай шара қолданды?Қазақстан буллингтің алдын алу мақсатында 2025 жылы мектептерде ұлттық антибуллинг бағдарламасы – DosbolLIKE енгізді. Бұл бағдарлама баланың қауіпсіз ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Мемлекеттік саясат аясында балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған, әкімшілік жауапкершілік, қауіпсіздік шаралары (QR коды, 111 желісі), психологиялық қолдау орталықтары іске қосылды.
Сонымен қатар балалар арасында буллингтің алдын алу және азайту мақсатында мектептерде KiVa сияқты халықаралық бағдарламалар да енгізіліп жатыр.
Елімізде мектептегі буллинг үшін ата-анаға айыппұл салынады. Егер буллинг алғаш рет тіркелсе, айыппұл көлемі 10 АЕК немесе 39 320 теңге болады. Қайталанған жағдайында сома 30 АЕК-ке (117 960 теңге) дейін өседі.
Педагог-психологтердің жұмысы жетілдіріледіМемлекет басшысының тапсырмасы аясында Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтары жөніндегі уәкіл және салалық министрліктермен бірлесіп 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын әзірледі.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова үкіметтегі брифингте осы тұжырымдаманың мазмұнын таныстыру барысында мектептердегі буллингке қарсы қабылданып жатқан шаралар мен оқушылар арасындағы жанжалдарға қатысты пікір білдірді.
Министрдің сөзінше, бұл мәселе жүйелі түрде зерттелген. Осы мақсатта Жамбыл облысында 100 мектеп кездейсоқ іріктеліп, тексерілген.
«Тексеру қорытындысы бойынша облыс әкімі мен Ішкі істер министрлігі өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізілді. Бұл мәселе бақылауда. Мектептердегі буллингке қатысты түйткілдер бар, алайда біз заңнамалық деңгейде бірқатар жүйелі шаралар қабылдадық. Соның бірі – 111 байланыс орталығы. Буллингке ұшыраған әрбір бала осы нөмір арқылы көмекке жүгіне алады», деді Сүлейменова.
Министрдің айтуынша, 2027 жылдан бастап педагог-психологтердің жұмысы жүйелі түрде жетілдіріледі.
«Қазіргі таңда педагог-психологтерге балалармен тікелей жұмыс істеуге бар болғаны бір сағат қана бөлінеді. Бүгін қандай да бір үдерісті енгізіп, ертең немесе бір айдан кейін бәрі бірден жақсарып кетеді деп айта алмаймыз. Дегенмен бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр», деп толықтырды министр.
Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланған.