Сенбі күні елордамызда жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған «Референдум-2026» онлайн марафоны өтті. Алты сағат бойы 100-ге жуық сарапшы, заңгер, қоғам белсендісі мен мемлекет қайраткері ашық диалог алаңында талқылаулар өткізіп, Негізгі заңның мазмұны мен маңызын, қоғам өміріне ықпалын жан-жақты талдады.
Жаңа дәуірге аяқ бастық
Ел көлемінде тікелей эфирде трансляцияланған іс-шара басында сарапшылар қоғам талқысындағы Ата заң жобасының артықшылықтарын атап айтып, жаңашылдықтарының жай-жапсарын тәптіштеп түсіндірді. Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Айдос Сарым бұл реформалар еліміздің бір дәуірден екінші дәуірге қадам басқанын айқын аңғартатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, біз мұнайға ғана тәуелді болып келген заманды артқа тастадық.
«Мұнай өндіру қала беретіні түсінікті. Дегенмен бұдан кейін мұнайдың күш-қуатына емес, адамның күш-қуатына негізделген экономиканы жасауымыз керек. Қазір елімізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ бұдан да артуы керек. Сонда ғана шын мәніндегі тәуелсіз, халық игілігіне жұмыс істейтін экономикаға қол жеткіземіз. Біз бұған дейін «Биліктің қайнар көзі – халық» деп келсек, енді «Егемендіктің қайнар көзі мен қорғаны – халық» дейміз. Бұл ұстаным аталған ел өміріне деген жауапкершілікті бәріне ортақ қылады», деді депутат.
Сонымен қатар А.Сарым цифрландыру саласындағы жетістіктерімізді атап өтті.
«Еліміз ЖИ туралы заң мен Цифрлық кодексті қабылдап, маңызды қадам жасады. Бұл салада қол жеткен жетістіктеріміз аз емес. Енді осы бастамаларды Конституция арқылы нығайту қажет. Бұл – шын мәнінде революциялық жаңалық», деді ол.
Мəжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Айдарбек Қожаназаров көпшіліктен келіп түскен цифрлық дербес деректерді қорғау, жекеменшік мүлікті қорғау, сондай-ақ ашықтыққа қатысты пікірлер мен ұсыныстар жайында айтты.
«Ұсыныстар қатарында көп қозғалған әрі бұған дейін де бірнеше рет көтерілген мәселе – цифрлық деректерді қорғау мәселесі. Азаматтың құқығы офлайн ғана емес, онлайн да қорғалуы керек екенін айтып келе жатырмыз. Мәжілісте Цифрлық кодексті де қабылдадық. Оны Ата заңымызда белгілеу маңызды шешім болды. Екінші мәселе – азаматтардың жекеменшік үйін қорғау, ол соттың шешімінсіз жүзеге асырылмайтынын бекіту. Желілерде түрлі оқиғаны көрдік, соған жол бермес үшін осындай шешім қабылданды», деді А.Қожаназаров.
Егемендік пен тәуелсіздіктің ара-жігі
Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының директоры Құралай Садықова сөзінде жаңа Конституция жобасын нормативтік құндылықтарды айқындайтын Ата заң ретінде қабылдау қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, құжатта еліміздің өзіндік ұлттық мәдениеті мен терең тарихы бар екені нақты көрсетілген. Сондай-ақ преамбулада егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарының айырмашылығы да айқын ажыратылған.
«Ең алдымен Конституцияны заңдық қағидалары бекітілген ресми құжаттан бұрын, нормативтік-құндылықтық қатар анықталатын негіз, Ата заң ретінде қабылдауымыз қажет. «Байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің сабақтастығы» дегеніміз – он немесе жүз жыл емес, мыңжылдық тарихы бар, өзіне ғана тән ұлттық өркениеті мен мәдениеті болған тарихи сабақтастықты білдіреді. Бұл – жаһандық деңгейде қазақ халқының ұлы тарихы болғанын мәлімдейтін норма. Сондай-ақ көп адам егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарын ажырата алмай жатады. Тәуелсіздік сыртқы күштерге бағынбау, дербестік дегенді білдірсе, егемендік – мемлекеттік биліктің басымдығын айқындайтын ұғым. Ал биліктің қайнар көзі халық екенін көрсетілген. Сондықтан тарихи дискурс тұрғысынан ата-бабамыздан жалғасқан мәдени, өркениеттік жетістіктерімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін бізге беріліп отырған ұлы аманат», деп атап өтті сарапшы.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жаһандану үрдісімен бірге елімізге шеттен келіп жатқан жағымсыз тенденциялар жайында пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір Батыстан да, Шығыстан да шекара асып жатқан теріс құбылыс көп.
«Қазақ халқы – ынтымақшыл, ұйымшыл, кішісін құрметтеп, үлкенін сыйлай білетін. Ал шекара асып келіп жатқан үрдістер біздің ұлттық ерекшеліктерімізге сәйкес келмей жатады. Біз ондайлардың жолына тосқауыл қойып отыруымыз керек. Оның ішінде фундаментализм, терроризм, сондай-ақ басқа да теріс тәрбие беретін жайттар бар. Осындайда қазақ халқы бас болып, еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне бағыт-бағдар беріп, елдің теңдігі мен тұрақтылығын сақтап отыруымыз қажет. Бұл тұрғыда конфессияаралық және этносаралық қатынастардың маңызы зор. Еліміздің тәуелсіздігіне, ең біріншіден, қазақ халқы жауапты. Сондықтан салиқалы саясат жүргізіп, азаттығымызды қызғыштай қорғап, өзге ұлт өкілдерін сыйлайтын әрі үлгі көрсететін халық болуымыз керек», деді депутат.
Адам игілігіне бет бұрған жоба
Онлайн-марафон барысында Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Үнзила Шапақ Ата заң преамбуласының ерекшелігі жайында пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның кіріспесі – өткен тарихымызды дәріптей отырып, болашаққа бағдарымызды анықтайтын іргетас.
«Қолданыстағы Конституцияның преамбуласы мен жаңа преамбулада үлкен айырмашылық бар. Біріншіден, қолданыстағы Ата заңды қабылдаған кезде оның кіріспесі азаматтардың ұстанатын құндылықтары, саналық деңгейіне байланысты жазылды. Уақыт өте өзіміздің өткенімізді зерделеп, байырғы қазақ жерінде болған мемлекеттердің мұрагері екенімізді заңды түрде бекіту үшін құжат халықтың мүддесіне бағытталып, жаңа көзқараспен жазылды», деді депутат.
Сонымен қатар Ү.Шапақ жаңа Конституция жобасындағы басты құндылық адам капиталы екенін тілге тиек етті.
«Кейінгі кездегі ғылыми жетістіктерді сараласақ, ғылыми жаңалықтардың 27,4 пайызы коммерцияланған. Соның нәтижесінде 118 млрд-тан аса қаржы түскен. Мұның өзі ғылым, білімге капитал салсақ, мемлекетіміздің байлығы адам капиталы арқылы ғана өлшенетініне дәлел болады. Бұл Конституция жобасы – адам игілігіне бет бұрған жоба. Адам құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуын нақты бекіттік. Басты құндылық – адам капиталы, білім, ғылым, инновациялық жетістіктер», деді ол.
Іс-шара барысында «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, Конституциялық комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы «Қоғамдық диалогтің маңызы қандай?» деген сұраққа жауап берді.
«Жаңа Ата заң жобасында қоғаммен диалог мемлекеттің негізгі құндылықтары қатарында көрсетіліп отыр. Оның басты бағдары – қоғам мен билік арасында алтын көпір болу. Мұның түрлі сатысы бар. Қоғам – белгілі деңгейде атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің, сот жүйесінің әрі сыншысы, әрі сұхбаттастыққа дәнекері», деді ол.
Сонымен қатар Д.Қамзабекұлы азаматтық қоғам мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл да – қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуының құрамдас бөлігі.
«Тұтастай алғанда, халқымызда «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген сөз бар. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген мыңжылдық нақылымыз да бар. Біздің төрт тарапымыздың, төрт құбыламыздың түгенделуіне қоғамдық диалог бірден-бір себепші болады», деді комиссия мүшесі.
Жиын барысында саясаттанушылар Индира Рыстина мен Әйгерім Серікжанова, Қазақстан заңгерлер одағының төрағасы Серік Ақылбай, Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров, Руслан Рүстемов, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев, Жанарбек Әшімжан, Асхат Рақымжанов, Магеррам Магеррамов, т.б. сарапшылар ортаға шығып, пікірлерімен бөлісті.
Айта кетейік, 15 наурызда елімізде республикалық референдум өтеді. Сол күні ел халқы жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасайды.