Елімізде автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығы құрылып, саладағы ішкі өндіріс үлесін арттыру көзделіп отыр, деп жазады Egemen.kz.
Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автомобиль жасау саласы өткен жылы рекордтық өсім көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, автокөлік өндірісі машина жасау секторының 41,7 %-ын құрап, 171 мыңнан астам техника шығарылған. Соның 159 мыңы – жеңіл автомобиль.
Елімізде автокөлік өндірісі қарқынды дамып жатыр
Саладағы серпінді даму жаңа өндіріс орындарының ашылуымен жалғасып жатыр. Алматыда Chery, Haval, Changan брендтерін құрастыратын мультибрендті зауыт іске қосылса, Қостанайда Kia Qazaqstan кәсіпорны жұмысын бастады. Жоғары технологиялы бұл өндірістер автокомпоненттерді ел ішінде шығаруға жол ашып отыр.
Өткен жылы Алматы индустриялық аймағында автокомпоненттер технопаркі пайдалануға берілді. Мұнда автокөліктерге арналған мультимедиа жүйелері мен орындықтар шығарылады. Саран қаласында Tengri Tyres зауыты автомобиль шиналарын өндіріп жатыр. Ал Қостанайдағы KamLitKZ кәсіпорнында заманауи автоматтандырылған жүйелерге негізделген шойын құю өндірісі іске қосылған.
Бұған қоса Allur компаниясы автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығының құрылысын бастап кетті. Бұл жоба отандық өндірушілердің технологиялық әлеуетін күшейтіп, қосалқы бөлшектер импортын азайтуға мүмкіндік береді.
Көлік өндірісі: жаңа жобалар және тұтынушы таңдауы
Алдағы 3 жылда жылыту және кондиционерлеу жүйелері, тежегіш тетіктері, салон мен еденге арналған пластикалық бөлшектерді ел ішінде шығару жоспарланып отыр. Осылайша, автомобиль өнеркәсібінде қосылған құн тізбегі кеңейіп, отандық өндірістің бәсекеге қабілеті арта түспек.
Автокөлік өндірісінде өсім бар