Талдықорған қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы алаңында «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін» жалпыұлттық коалициясының жұмысы шеңберінде Жетісу облысы активімен кездесу өтті. Іс-шара жаңа Конституция жобасы мен алда болатын республикалық референдум бойынша түсіндіру жұмысының бөлігі ретінде ұйымдастырылды.
Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі, Коалиция төрағасының орынбасары Аида Балаева өз сөзінде реформаның саяси-әлеуметтік мәніне кеңінен тоқтала келе, Мемлекет басшысының ұйтқы болуымен қолға алынған өзгерістер мемлекеттік басқарудың әділ, орнықты әрі тиімді моделін қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Кең көлемді реформалар пакетінің басты ережелерінің бірі ретінде бір палаталы Парламенттің құрылуын тілге тиек етіп, бұл өз кезегінде институттардың жауапкершілігін күшейтіп, заңнамалық үдерісті жеделдете түсетінін айтты.
«Жарты жыл бойы жүргізілген кешенді жұмыс нәтижесінде жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Бұл ретте құжаттың құндылық өзегін айқындайтын Преамбуланың маңызы айрықша.Жаңа мәтінде алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде нақтыланды.Мемлекеттіліктің іргетасы ретінде бірлік пен ынтымақ, ұлтаралық және конфессияаралық келісім бекітілді.Егемендік пен Тәуелсіздік, унитарлық құрылым мен аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылықтар ретінде айқындалды. Сонымен қатар Әділдік, Заң мен тәртіп қағидаттары, табиғатқа жанашырлықпен қарау принциптері ерекше атап көрсетілді.Сондай-ақ «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі – Қазақстан халқы» деген демократияның негізгі қағидаты конституциялық деңгейде бекітілді», деп атап өтті Аида Балаева.
Реформалардың тағы бір маңызды қыры – адам капиталына басымдық беру. Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет пен инновацияны дамытуға ерекше мән берілуі де уақыт талабы.
Мәжіліс депутаты Болат Керімбек жаңа жобаның әлеуметтік және құндылық тұрғысындағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, адамдар Конституцияны қауіпсіздік пен әділдіктің іс жүзіндегі кепілдігі ретінде сезінуге тиіс.
«Референдумда таңдау жасау – өз тағдырың мен мемлекет болашағына бейжай қарамау деген сөз. Өйткені Конституция – мемлекеттің ғана емес, әрбір отбасының да қорғаны», деп атап өтіп, қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды нығайтудың маңызын еске салды.
Жаңа жобаны талқылау жиынына Мәжіліс депутаты Никита Шаталов, Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілеп, «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, Жетісу облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт қатысты.
Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілеп жаңа Конституцияның маңызы мен мазмұны туралы ойымен бөлісті.
«Жаңа Ата заңның мазмұнында «Әділетті Қазақстан» идеясының арман-мұраты, мүмкіндіктері мен жауапкершілігі, сауалдары мен жауаптары көрініс тапқан. Ұсынылып отырған өзгерістердің терең мағынасы мен тарихи маңызын мен осыдан көремін», деп атап өтті ол.
«Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова неке институтын конституциялық тұрғыда нығайту мәселесін көтеріп, мемлекеттің құқықтық және қоғамдық негіздерін нығайтудағы аталған нормалардың маңызын тілге тиек етті.
«Некені ер мен әйелдің еркін әрі тең құқылы одағы ретінде конституциялық тұрғыда бекіту қоғам тарапынан қолдау тауып отырған неке моделін жоғары заңдық күші бар норма ретінде бекітуге, мемлекеттік органдардың құқық қолдану және профилактикалық қызметі үшін бірыңғай бағдар қалыптастыруға, некеге мәжбүрлеудің кез келген формасына қатысты нөлдік төзімділікті қамтамасыз етуге, отбасы институтын ұзақмерзімді орнықты қазақстандық қоғамның негізі ретінде нығайтуға мүмкіндік береді», деп түсіндірді Ж.Ысқақова.
Жетісу облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт Парламент атауының Құрылтай болып өзгеруі жайындағы бастаманың маңызы туралы айта келе, оның тарихи әрі рухани терең мәніне назар аударды.
«Біз де Парламенттің Құрылтай деп аталуы туралы бастаманы жай ғана формасын ауыстыру емес, тарихи тамырымызға қайту әрі ұлттық бірегейлікті бекіту ретінде қараймыз. Бұл – біздің мемлекеттілік дәстүрлеріміздің жаңғыруы мен дамуы», деді ол.
Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева жаңарған Ата заңның басты ережелеріне қатысты ойын білдіріп, мемлекеттің құндылық бағдарларын нығайту мәселесіне ден қойды.
«Әділдік, Заң мен тәртіп, табиғатқа ұқыпты қарау Конституция деңгейінде тұңғыш рет бекітіліп отыр. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі Қазақстан халқы екені айқын жазылды. Басты идея – білімнің, ғылымның, мәдениет пен инновацияның, сондай-ақ адам капиталының дамуына басымдықтың берілуі», деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек, Жетісу облысында өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында Аида Балаева жаңа Конституция жобасының түпкі мәні – әр азаматтың қадір-қасиетін қорғау мен елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтарының мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалуы – осы бағыттағы түбегейлі бетбұрыстың айғағы.
Сонымен бірге бірлік пен өзара сыйластық, ұлтаралық және дінаралық келісім Қазақстан мемлекеттілігінің берік негізі ретінде бекітіліп отыр. Бұл қағидаттар көпэтносты, көпконфессиялы қоғамда тұрақтылық пен сенімді дамудың басты шарты екені анық. Егемендік пен Тәуелсіздік, елдің аумақтық тұтастығы өзгермейтін, мызғымас құндылықтар ретінде белгіленуі – мемлекеттің беріктігіне берілген нақты құқықтық кепіл. Қандай жағдайда да бұл ұстанымдар мемлекет дамуының бұлжымас тірегі болмақ.Жаңа Ата заңда әділдік, Заң мен тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау секілді құндылықтардың конституциялық деңгейде бекітілуі қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл тек бүгінгі күннің емес, келешек ұрпақ алдындағы міндетті де айқындайды», деді Аида Балаева.
Кездесу соңында қатысушылар сұрақтарын қойып, түсіндіру жұмысы бойынша ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, азаматтардың референдумға қатысуының маңызын атап өтті.
Жетісу облысы