• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ата заң Бүгін, 17:48

Ақсу жастары облыс әкімімен жаңа Конституция жобасын талқылады

10 рет
көрсетілді

Ақсу қаласында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңір жастары­мен кездесу өткізді. Диалог Еуразиялық энергетикалық корпорация алаңында өтіп, адам капиталын дамыту, мемлекеттің әлеуметтік бастамаларын іске асыру және жаңа Конституция жобасын талқылаудағы жастардың рөлі мәселелеріне арналды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Eurasian Resources Group құрамына кіретін кәсіпорын Ақсу МАЭС станциясы мен «Шығыс» кенішін біріктіреді. Ол Қазақстандағы ең ірі көмір мен электр энергиясын жеткізушілердің бірі. Мұнда 4,5 мыңнан астам адам еңбек етеді және ұжымның едәуір бөлігін жас мамандар құрайды. Ең алдымен өңір басшысы назарын соларға аударды.

Кездесуді ашқан Асайын Байханов жаңа Конституция жобасының негізгі қағидасы − адамды, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп тану екенін атап өтті.

«Жаңа Конституция адамды, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп тануға негізделген. Бұл дегеніміз − басты назарда жастар, яғни сіздерсіздер. Елдің Жаңа заңы бойынша өмір сүріп, болашақты құратын да − сіздер. Ертеңгі күннің берік негізі өз қолдарыңызда», деді облыс әкімі.

Өңір басшысы мемлекеттің міндеті − даму үшін жағдай жасау, ал жастардың міндеті − сол мүмкіндіктерді пайдаланып, білім алу, кәсібилігін шыңдау және өз ісіне жауапкершілікпен қарау екенін ерекше атап өтті.

Ақтауда «МузАРТ» тобының қатысуымен жаңа Конституцияны қолдауға арналған форум өтті

Өңір басшысы облыста жалпы сомасы 7,3 трлн теңгеге 107 инвестициялық жоба белсенді жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Оларды іске қосу 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, аумақтарды абаттандыру және жайлы қалалық орта қалыптастыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Кездесу барысында адам капиталын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Өңірде шамамен 750 мың адам тұрады және халықтың елеулі бөлігін жастар құрайды. 100-ден астам ірі кәсіпорын жас мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын. Білім беру және тәжірибеге бағытталған 50-ден астам бағдарлама, 20-дан астам стартап-бағдарлама жүзеге асырылып жатыр, IT-хаб жұмыс істеп тұр, спорттық, мәдени және қоғамдық бастамаларға қатысуға арналған 30-дан астам платформа бар.

«Біздің өңірдің ерекшелігі − қуатты өнеркәсіптік әлеует пен білім беру жүйесі тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл − нағыз мүмкіндіктер мекені. Мықты өңірді мүмкіндіктерді көре білетін және жауапкершіліктен қорықпайтын мықты адамдар қалыптастырады», деп атап өтті әкім.

Диалог барысында жастар өкілдері өңірді дамыту перспективалары және алдағы референдумның маңызы туралы өз пікірлерін ортаға салды.

Референдум және жаңа Конституция: Халық көп жиналатын орындарда ақпараттық жұмыс жанданды

АЭС жылу автоматикасы және өлшеу цехының 3-разрядты электр слесарі Әлихан Аушаихов дауыс беруге қатысатынын айтты.

«Еліміздің болашағы біздің таңдауымызға байланысты. Біз өзімізге жауапкершілік алуға және өңіріміз бен Қазақстанның дамуына үлес қосуға дайынбыз», деді ол.

АЭС жөндеу-механикалық цехының технигі Рысгүл Алтынбекова кәсіби еңбек жолы мен жалпы еңбек өтілі 100 жылдан асатын өзінің энергетиктер әулеті туралы айтты.

«Адал еңбектің және тұрақты жұмыстың арқасында, электр станциясы ұсынған мүмкіндікті пайдаланып, біз жеңілдетілген несие бағдарламасы бойынша жаңа пәтерге қол жеткіздік. Бұл − еңбек адамына көрсетілген қолдаудың нақты нәтижесі», деді ол.

Кездесуге қатысқан өзге де инженерлер, өндірістік бөлімшелердің жұмысшылары, жастар ұйымдары мен білім беру жүйесінің өкілдері азаматтық ұстанымның, референдумға қатысудың және ел болашағына саналы көзқараспен қараудың маңызын атап өтті. Өз сөздерінде олар әлеуметтік әділеттілік, заң үстемдігі, еңбек адамын қолдау, экологиялық жауапкершілікті дамыту және ұсынылған өзгерістердің негізгі бағыттары ретінде мемлекеттілікті нығайту туралы айтты.

Бибігүл Жексенбай: Конституцияны талқылау – қоғамның ортақ жауапкершілігі

Кездесу соңында Асайын Байханов жастарды 15 наурызда өтетін референдумға жауапкершілікпен қатысуға шақырып, өңірдің болашағы − оның барлық тұрғындарының ортақ ісі екенін атап өтті.

«Референдумға қатысу арқылы әркім өзінің азаматтық ұстанымын білдіре алады. Таңдаған жолдарыңыздан таймай, жаңа белестерді бағындырыңыздар. Павлодар Ертіс өңірінің дамуына үлес қосып жатқан әрбір азаматқа алғыс айтамын», деп түйіндеді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар