Көкшетауда сүт және оны қайта өңдеу өнімдерінің өзіндік құнын арзандатуға арналған мемлекеттік субсидияларды заңсыз иемдену дерегі бойынша сот үкімі жарияланды. Айыпталушыларға 152 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің мәліметінше, екі жыл бойы «МолПродЖаркаин» СПК директоры Ефимкина мен «Рассвет» шаруа қожалығының басшысы Маслов заңсыз субсидия алып отырған.
Тергеу дерегіне сәйкес, «Рассвет» қожалығында көрсетілген көлемде сүт өндіруге жеткілікті мал басы болмаған. Соған қарамастан, электрондық шот-фактуралар ақпараттық жүйесінде «МолПродЖаркаин» мекемесіне 3 млн килограмнан астам шикі сүт жеткізілді деген жалған құжаттар рәсімделген.
583 млн теңгеден астам залал: Түркістанда мектеп қаржысын жымқырған 14 адам сотталды
Осы құжаттардың негізінде сүтті сары май мен қатты ірімшікке өңдеу туралы есеп жасалып, субсидия алуға өтінімдер берілген. Өтінімдер мақұлданғаннан кейін қаражат кәсіпорын шотына аударылған. Мемлекетке келтірілген жалпы шығын 152 млн теңгені құрады.
Тергеу барысында алынған субсидияның бір бөлігін Ефимкина туысының депозиттік шотына аударғаны анықталды. Бұл қаражатқа жылжымалы ғимарат сатып алынып, кейін ол жалға беріліп отырған.
Қылмыстық іс аясында 6 жер телімі, 4 пәтер, 11 автокөлік, жылжымалы ғимарат және өндірістік нысанға тыйым салынды.
Ақтөбеде прокурор ұсталды: Шенеунік 10 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді
Сот шешімімен Маслов пен Ефимкина әрқайсысы 6 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жылжымалы ғимарат мемлекет кірісіне тәркіленді. Қалған мүлікке салынған тыйым азаматтық талап бойынша шығын толық өтелгенге дейін сақталады.
Үкім заңды күшіне енді.