Еліміздің бірқатар өңірінде көктемгі су тасқынының алдын алу және оның салдарын азайтуға бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр. Негізгі мақсат – елді мекендерді, инфрақұрылым нысандарын қорғау және тасқын кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, деп жазады Egemen.kz.
Абай облысы аумағында су басу қаупі бар учаскелер мен гидротехникалық құрылыстарға аэровизуалды тексеру жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов жетекшілік еткен жұмыс тобы Төтенше жағдайлар департаменті, Ертіс бассейндік су инспекциясы және «Қазгидромет» өкілдерімен бірлесіп Ертіс пен Оба өзендерінің арналарын, қар қорын және су шаруашылығы нысандарының жай-күйін бағалады. Тексеру нәтижесінде гидрологиялық ахуал тұрақты екені, Шүлбі ГЭС штаттық режимде жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Сонымен бірге су тасқыны кезеңінде барлық қызметтің үйлесімді әрекет етуі үшін қосымша алдын алу шаралары белгіленді.
Президент су тасқыны мен құрғақшылық қаупіне алдын ала дайындалуды тапсырды
Ақмола облысында 15 ақпан мен 15 наурыз аралығында өтіп жатқан су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы аясында Көкшетау қаласында сенбілік ұйымдастырылды. Оған ТЖД қызметкерлері, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары және волонтерлер қатысты. Олар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтар тұратын үйлердің аулаларын қардан тазалап, инертті материал салынған қаптарды дайындауға көмектесті. Жалпы 60 зейнеткерге, 30 көпбалалы отбасыға және 57 жалғыз тұратын азаматқа қолдау көрсетілді. 403 аула тазартылып, 1138 адам қамтылды, қауіпсіздік бойынша 583 ұсыным таратылды. Қыс басталғалы жергілікті атқарушы органдар 979 мың текше метр қар шығарып, 225 400 қап инертті материал дайындаған.
Өңірлер ықтимал су тасқынына дайын ба?
Шығыс Қазақстан облысында су қоймаларын тұрақты бақылау жалғасып жатыр. Өңірде 258 мың текше метрден астам қар шығарылды. Су тасқыны қаупіне жедел әрекет ету үшін 3677 адамнан тұратын жеке құрам, 234 мотопомпа, 75 жүзу құралы және 500-ден астам техника әзірлікке келтірілді. Бұдан бөлек, 58,7 мың қап, 9957 тонна инертті материал және 386 тонна жанар-жағармай қоры дайындалды. Өңірлік ТЖД тұрғындарды көктемгі кезеңге алдын ала қамдануға, аула мен арықтарды қар мен мұздан тазартуға шақырады.
Жетісу облысында су тасқынының алдын алу мақсатында инженерлік жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп жатыр. 2025 жылға жоспарланған 26 жобаның 24-і орындалды. Нәтижесінде 3 шақырым қорғаныш бөгет салынды және жөнделді, 14,8 шақырым су ағызу арналары қазылды, 11 шақырым өзен арналары тазартылды, 13 шақырым аумақта арнаны тереңдету мен жағалауды бекіту жұмыстары атқарылды. Өңірдегі гидрологиялық жағдай тұрақты, су деңгейі орташа көпжылдық көрсеткіштерге сай, мұз кептелістері тіркелмеген. Қауіптің алдын алу үшін 2965 адам, 534 техника, 193 мотопомпа және 27 жүзу құралы дайын тұр. Сонымен қатар 130 мың қап, 5,5 мың тонна инертті материал, 82 тонна жанар-жағармай және 235 эвакуациялық пункт әзірленді.
Индонезияда су тасқынынан 13 адам көз жұмды
Жалпы өңірлерде қабылданып жатқан бұл шаралар көктемгі су тасқыны кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, гидрологиялық ахуалды тұрақты ұстауға бағытталған.