• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Бизнес Бүгін, 08:50

Зергерлік бизнес жайын зерделесек...

30 рет
көрсетілді

Қосылған құны жоғары зергерлік бұйым өндірісі – экономиканы әртараптандырудың тиімді тетіктерінің бірі. Әлемдік тәжірибе шикізат қоры шектеулі елдердің өзі әшекей индустриясын табыс көзіне айналдыра алғанын көрсетеді. Ал бағалы металға бай еліміз үшін бұл бағыттың мүмкіндігі тіпті ауқымды. Қазір елде зергерлік бұйым саудасымен айналысатын 4 542 кәсіпкер бар, оның 445-і – өндіруші. Былтыр өндіріс көлемі 2,8 млрд теңгеге жетті. Дегенмен сала әлеуетіне сай серпін алды деуге әлі ерте – шешімін күткен түйткіл де, жүйелеуді қажет ететін мәселе де баршылық.

Зергерлік бұйымдар өндірісі саласындағы былтырғы рекордтық өсім 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бір жарым есе көп. Бұрнағы жылы да салада дәл осындай қарқын байқалған. Осылайша, сектордағы өнімнің ақшалай көле­мі екі жыл қатарынан жедел өс­кен. Сауалы­мызға берген жауабында Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистр­лігі зергерлік өнеркәсіптің өң­­деу өнеркәсібіндегі үлесі 0,01%-ды құрай­тынын атап өтті. Былтырғы 11 ай­дың қорытындысында ішкі нарық көлемі 2,4% төмендеп, 136,5 млн долларды құраса, импорт көлемі 31,6%-ға өсіп, 190,8 млн долларға жеткен. Ал отандық өндіріс 37,8% өсім көрсетіп, 4,7 млн долларға жетті.

Мұндай өсімге мемлекеттік қолдау шараларының да үлкен ықпалы бар. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Олжас Әлібеков мемлекет тарапынан қарастырылған қолдау туралы егжей-тегжейлі баяндап берді.

«Атап айтқанда, отандық күмістен жасалған зергерлік бұйымдарға ішкі нарықта міндетті сынама таңбасын қою талабы алынып тасталды. Сонымен қатар жылына 300 кг-ға дейін түйіршік түріндегі алтынды сатып алуға квота бөлінеді. Алтынның осы түрін сатып алу кезінде отандық зергерлер қосылған құн салығын (ҚҚС) төлемейді», дейді ол.

Сондай-ақ «Астана арнайы экономикалық аймағының» (АЭА) басым қызмет түрлерінің қатарына бағалы металдар мен асыл тастардан зергерлік бұйымдар өндіру енгізілген.

АЭА режімі аясында әлеуетті инвес­тор­ларға бірқатар жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған. Олар­ға корпоративтік табыс салығынан, тауар­ларға кедендік баж салығынан, жер мен мүлік салықтарынан босату кіреді. Бұған қоса АЭА аумағында өткізілетін тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі – 0%. Шетелдік жұмыс күшін квотадан тыс, арнайы рұқсатсыз тарту мүмкіндігі де бар.

Аталған саладағы басты мәселенің бірі – контрафакт пен «сұр» импорт. Ел нарығына заңсыз кірген сапасыз тауарлар отандық кәсіпкерлердің қызметіне айтарлықтай кедергі келтіріп отыр. Бұл жерде тұтынушылар құқы да жиі бұзылады. Осындай әрекеттерге жол бермеу мақсатында министрлік бірқатар шараларды қолға алған.

«Көлеңкелі айналымды азайту, адал, ашық бизнесті жүргізуге тең жағдай жасау мақсатында әкелінген, өндірілген тауар­ларды қадағалауға арналған бірың­ғай автоматтандырылған жүйе құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Осы бағытта министрлік «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалау жүйесін енгізуге кірісті. Аталған шараны 2026 жылдың аяғына дейін іске асыру жөнінде тиісті тапсырма бар», дейді О.Әлібеков.

Министрлік өкілінің мәліметінше, ел аумағында зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалауды енгізу мемлекеттік органдар мен қоғам үшін зергерлік өнімдердің заңды айналымын, бұйымдардың түп­нұс­қа­лығын бақылаудың тиімді тетігіне айналады. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың сенімін арттырып, нарықтағы әділ бәсеке­лес­тікті қамтамасыз етеді.

«Министрлік зергерлік саланы дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Отандық өндірушілерді қолдау мәселелері тұрақты бақылауда. Саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, өндіріс көлемін ұлғайтуға, экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған нақты шаралар қарастырылып жатыр», деді О.Әлібеков.

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Алтын бағасының қымбаттауына байланысты зергерлік сала қазір құбылмалы кезеңді бастан өткеріп жатыр. Былтыр жылдың басында алтынның бір грамы 44,8 мың теңге болса, бүгінде ол 78,4 мың теңгені құрайды. Биылғы қаңтардың аяғындағы 89 мың теңгеден құлдыраған көрсеткіш еді бұл. Салдары да жоқ емес. Мәселен, елде кейінгі 17 ай қатарынан алтын неке сақиналарының бағасы өсіп келеді. Былтырдың өзінде алтын сақиналар 38,2%-ға қымбаттаған. Бұл сәйкесінше бұйымдарға деген сұранысты азайтады. Мұның үстіне басқа мемлекеттерден импортталатын контрафакт өнімдерді қосыңыз. Осы мәселелерге байланысты елде зергерлік өндіріспен айналысып келе жатқан кәсіпорындардың хал-ахуалын білдік.

Астана қаласындағы «KazynaGold» зергерлік үйі 2014 жылдан бастап жұ­мыс істейді. Бүгінде ол – сала көшбас­­шы­ла­ры­ның бірі. Өндірістің негізгі ерекшелігі – инновациялар мен шебер­лікті тоғыстыратын заманауи тәсілді пайдалану. Компания қарапайым кор­поративтік аксессуарлардан бастап, бірегей арт-нысандарға дейінгі кез келген бұйымдарды жасайды. Зергерлік үй өкілдері алтын нарығындағы жағдай өндіріске үлкен сынақ болып тұрғанын жеткізді.

«Шикізат бағасының күрт өсуі өндіру­шілерге де, тұтынушыларға да күт­пеген соққы болды. Бизнестің тұрақтылығын сақтау мақсатында біз баға саясатын үнемі қайта қарауға мәжбүрміз. Сұраныс та өзгеріске ұшырады. Сатып алушылар талғампаз бола бастады. Ал шешім қабылдау үдерісі бұрынғыдан ұзарды. Табыстылықты сақтап отырғанымызбен, жұмыс істеу қиындай түсті. Қазір біз ішкі үдерісті оңтайландыру арқылы шикізат құнының өсуін тұтынушыға барынша жеңілдетуге тырысып, тиімділіктің әрбір пайызы үшін күресіп жатырмыз», дейді олар.

Ал импорт мәселесіне келгенде «KazynaGold» Түркия, Қытай мен Ресейден келетін, төмен бағасымен ерекше масс-маркет өнімдерінің қысымын сезінетінін мәлімдеді. Бұған қоса, табысы жоғары клиенттер негізінен «Tiffany» немесе «Chopard» сияқты әлемдік алпауыттардың өнімін сатып алуды құп көреді.

«Дегенмен де нарық заңына бейім­деліп, өз мәртебемізден таймай, барынша жұмыс істеп жатырмыз. Біздің клиенттер – мағыналы дизайн мен ұлттық кодты бағалайтын жандар. Олар бізді көбіне отандық сапалы тауар өндіруші ретінде таңдайды», дейді компания өкілдері.

Сонымен қатар өндіріс орнынан мемлекеттік қолдау шаралары туралы пікірін сұрадық. «Қазір бизнесті қол­­­дау құралдарын белсенді зерттеп жатыр­­­­мыз. Әсіресе бұл әлемдік нарық­қа шығу жоспарымыз аясында өте маңыз­­­­­ды. Біз брендті экспортқа шығару мақ­­­сатында «KazTrade» компаниясымен тығыз жұмыс істеу мүмкіндігін қарас­тырып жатырмыз. Шетелдік нарық­қа талдау жасау, серіктестер іздеу, әлем­дік ірі көрмелерге қатысу шығын­­­­да­рын субсидиялау – отандық зергерлік өнердің әлемге танылуына көмектесетін маңызды тетіктер. Жеке бизнес пен мемлекеттік даму инсти­туттарының бірігуі – жаһандық табыс­қа жетудің кілті деп білеміз», дейді олар.

Сондай-ақ кәсіпорын ішкі нарықты қорғау, толық циклді өндірушілерге жеңіл­діктер жасау жағынан мемлекеттен батыл қадамдар күтетінін жет­кізді. Айтуларынша, бірегей тастар мен жабдықтарды импорттауға салық жүк­­те­месін азайту, зергерлерге арналған білім беру бағдарламаларын қолдау саланың серпінді дамуына көмектеседі.

Еске салсақ, елде таңбалау талаптары күшейтілді. Сынама таңбасы жоқ алтын бұйым сату – ауыр құқық бұзу­шылық. Мұндай жағдайда 50-150 АЕК айыппұл салынып, бұйым сараптамадан өтеді. «KazynaGold» таңбалау үдерісі – өндірушінің мемлекет пен клиент алдындағы адалдығын растайтын қажетті сүзгі екенін айтады.

«Біз ашықтықты қолдаймыз. Алайда өндіруші ретінде бюрократиялық рә­сім­­­­­дер­дің жеңілдетілгенін қалаймыз. Оны цифрландыру уақыт шығынын айтарлықтай азайтып, жаңа топтамаларды нарыққа тезірек шығаруға мүмкіндік берер еді», дейді компания өкілдері.

«Отандық брендтердің әлемдік нарық­қа шығу әлеуеті қандай?» деген сұраққа компания бұған тек сеніп қоймай, оны басты мақсат ретінде белгілегенін жеткізді. Сөздерінше, отандық брендтерде жаһандық масс-маркетте жоқ заманауи үлгідегі көшпенділердің жаны мен бірегей эстетикасы бар.

«Жаңа технологиялардың арқасында біз әлемге тек мағынасы емес, орындалу сапасы жағынан да бәсекеге қабілетті өнім ұсына аламыз. Әлем «Made in Kazakhstan» өнімін қабылдауға дайын, ал біз бұл сы­наққа да­йынбыз», дейді «KazynaGold» өкілдері.

Қорыта айтқанда, зергерлік нарық бүгінде бір мезетте өсім мен сынақ кезеңін бастан өткеріп жатыр. Өндіріс көлемі артқанымен, алтын бағасының құбылуы мен импорт қысымы сезіледі. Мемлекеттік қолдау шаралары мен таң­­ба­­­лау жүйесі нарықты реттеп, отан­­­дық өндірушілерге жол ашуға тиіс. Ал­­­дағы уақытта нарықтың беталысы тех­но­­­­логиялық жаңару мен жаһандық экспортқа бейімделу қабілетіне тікелей байланысты болмақ. 

Соңғы жаңалықтар