• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Басылым Бүгін, 08:30

«Күншығыс» баспасынан шыққан кітаптар

0 рет
көрсетілді

Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан жарық көрген бірнеше қазақ кітабының жарық көргеніне биыл бір ғасыр толады. Баспаның атауы ресми түрде «КСРО халықтары кіндік баспасының қазақ-қырғыз бөлімі» деп аталды. 1922 жылы кеңес халықтарына арналған ортақ баспа ретінде ашылды. Баспа КСРО-ға қарасты автономиялық республикалар мен облыстарға арналған кітаптар шығарумен айналысты. Жүз жыл бұрын «Күншығыс» баспасынан қандай кітаптар шықты?

Мәскеудегі Алаш зиялылары осы баспаның айналасына топталды. Себебі 1922–1928 жылдары баспаның төрағасы әрі қазақ басқармасының басшысы қызметін Нәзір Төреқұлов атқарған еді. Баспаның қазақ басқармасында Әлихан Бөкейхан – әдеби қызмет­кер, Мағжан Жұмабаев аудармашы болып жұмыс істеді.

Зерттеуші Абай Мырзаның айтуынша, 1926 жылғы қаңтардан 1927 жылғы шілдеге дейін жарық көрген 212 қазақша кітаптың 81-і Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан шыққан екен. «Олардың басым көпшілігі денсаулық сақ­тау, жұқпалы аурулар мен олардан сақтану жолдары, халық ша­руашылығын көркейту, т.б. тақы­рыптарға арналды. Ең азы – 2 мың, ең көбі 36 мың таралыммен басылып, Алтайдан Астраханға дейінгі қазақ даласына таралды» дейді ол.

1926 жылы «Күншығыс» бас­пасынан Нәзір Төреқұловтың араб-парсы және Еуропадан енген сөздерге арналған «Жат сөздер туралы» кітабы шықты. Бұл кітап – қазақ терминтану ғылымына қосылған құнды еңбек. Нәзір кітабында: «Біз білген тілдерде жат сөздерге қойылған бөгет емес серт, заңдай қазақ та өз тілінде бір белгілі көше салып қоюы керек. Қазақ тіліне кіретін жат сөз болса, қазақтың тымағын киіп, жалпақ қазақ сөзі болып кірсін», – деп жазды. Ғалым Шерубай Құрманбайұлы айтқандай, «бұл еңбекте бүгінгі терминологиялық жұмыстарды жүргізу барысында, шет тілдерінен термин қабылдауда назарға алатын құнды пікірлер аз емес». Сонымен қатар осы жылы Нәзірдің «Ұлт мәселесі мен мектеп» жинағы жарық көрді. Бұл оның орыс тілінде сөйлеген сөзі болатын. Жинақты қазақ тіліне Мағжан Жұмабайұлы аударды.

«Күншығыс» баспасынан 1926 жылы Әлихан Бөкейханның «Денсаулық сақтықта», «Жамандат – топалаң» кітаптары жарық көрді. Сонымен қатар Әлихан «1916–1926 жыл» кітабын А.Шестаковтан, «Жердің қысқаша тарихы» жина­ғын Т.Тутковскийден, «Дүниенің құрылысы» кітабын Д.Кребеден аударып, жинақ қылып шығарды. Кітаптардың бәрі де «Қыр баласы» бүркеншік атымен шықты. «Әлихан Бөкейхан «Күншығыс» баспасынан ұлт мұрасына қатысты көптеген кітап, жаратылыстану ғылымдары бойынша оқулықтар, әдеби салада аудармалар аударып, құрастырып басып таратты. Басқарма атынан кейбір кітаптарға алғысөз, сын жазды. Сол кезеңде кітаптар мен оқулықтарға ең көп сын жазғанның бірі – Әлихан Бөкейхан» дейді зерттеуші Абай Мырза. Әлиханның «Денсаулық – сақтықта» жинағында айтылған ескертпелер әлі күнге маңызын жой­ған жоқ. Ол тазалықтың не­гізі көбірек жуынуда екеніне оқыр­ман назарын аударады. «Таза­лық­тың іргесі – су мен сабын» дей ке­ліп, «Моншада жуынғанды әдет қылмай, біздің елден бит жоғал­майды. Бит тұрғанда елден қай­талама, теңбір сүзек шық­пай­ды» деп жиі жуынған жанға жұқпалы кесел жоламайтынын атап өтеді.

«Күншығыс» шығарған тағы бір кітап – «23 жоқтау». Бұл кітапты Әлихан Бөкейхан (Қыр баласы) Ахмет Байтұрсынұлымен бірігіп жинақтады. Аты айтып тұрғандай, бұл – жоқтаулар жинағы. Кітапқа Қараүлек ананың баласы Мамай батырды, Қамқаның әкесі Қазыбек биді жоқтауынан бастап, Шәңгерей Бөкеевтің «Сыршы» деген жоқтау өлеңі, Абай Құнанбайұлының баласы Әбдірахманды жоқтаған өлеңі секілді 23 жоқтау үлгісі енген. Алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы жазғандай, «...алақайлап «социализм құрамыз», «бай тұқымын тап ретінде жоямыз» деп жатқан кезеңде сұлтан мен батыр, би мен қожа – жалпы бұрынғы­ның игі жақсылары туралы жоқтау­лар жинағын шығару – ерекше қадам» болды. Рас, әдеби мұра ретін­де дайындалған 23 жоқтау Әлихан мен Ахметтің азаттықты аңса­ған үні болатын.

«Күншығыс» баспасынан 1926 жылы Мағжан Жұмабайұлының да кітаптары шықты. Мағжан ересектердің сауатты болуына қолқабыс ететін «Сауатты бол!» деген жинағын шығарды. Сонымен қатар «Жаңбыр дегеніміз не?» жинағын Матерннен, «Маркс пен Ленин» кітабын Горовтан, «СССР» жинағын Верещагиннен аударды. Сондай-ақ 1926 жылы осы баспадан Халел Досмұхамедұлының «Аламан» кітабы шықты. Бұл кітапқа қазақтың ел әдебиетінен алынған сөздері енді.

Соңғы жаңалықтар