• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Театр Бүгін, 08:35

Сағынышқа толы соңғы қойылым

10 рет
көрсетілді

Өнер айды­нын­дағы «ең балаң ұжым» деп «Жаңа ғасыр» ­театрын айтар едік. Ашылғанына сегіз жыл ғана толды. Бірақ қазір­дің өзінде театр қор­жынында 8 қо­йы­лым болса, соның ішін­де жастыққа тән романтикалық сарында қойылған М.Әуе­зовтің «Қара­гөз» трагедиясы, И.Штраустың «Жар­қанат» комедиясы, С.Өтешев аударған И.Миччидің «Король Лев» музыкалық драмасы, Е.Ташкенбайдың «Соңғы қоңырау» атты поэтикалық драмасы, Н.Гогольдің «Вий», Ф.Фицджеральд­тің «Гэтсби» драмалары, К.Гольдонидің «Айлакер жесір» комедиясы, Р.Томның «Сегіз әйел – ол жалғыз» музыкалық спектаклі бар.

Асанәлі Әшімов атындағы бұл ­театр 2018 жылдың желтоқсан айын­­да Алматы қалалық Мәдениет және архивтер басқармасына қарасты «Алматы әуендері» КМҚК құрамында ашыл­ған. Көзі тірісінде шығармашылық ұжым­ға театр тарланы, КСРО Халық әр­тісі, Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің өзі жетекшілік етті. Театрдағы қазіргі ­53 актердің дені осы кісінің шәкірттері, өз түлектері.

Қазақстан сыншылар бірлестігі жыл сайын жүргізіп отыратын мони­торингке көз жүгіртсеңіз, «Жаңа ғасыр» театры гастрольдік сапарларға шығуға келгенде отандық театрлардың ондығына кіретінін көресіз. Мысалы, өткен 2025 жылдың өзінде бұл театр еліміздің Талдықорған, Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз және Астана қала­ларын «Тағдыр тақтасы», «Алматы – махаббатым» қойылымдарымен гас­трольдік іссапармен аралап шыққан.

Ақпанның аяз қарыған соңғы күндерінде «Жаңа ғасыр» театры «Алматы – махаббатым» атты сағыныш пен сырға толы сахналық туындысын тарту етті.

Республика сарайын махаббат пен албырт сезімдерге бөлеген концерт-спектакль қалың көрерменге кешегі күндерін оралтып, алып-ұшқан жастық шағына қайта жетектеп әкелгендей әсер сыйлады.

 Рухани кешке айналған қойылымда шаһардың әсем келбеті ғана емес, түрлі тағдыр иелерінің өмірі, олардың махаббаты мен сағынышы әдемі әнмен өріліп, сахналық көріністермен астасып жатты.

Кеш барысында ескі болса да есті, жүрекке жақын әндер шырқалып, көрермен өткен мен бүгіннің арасына сапар шекті. Әр ән – бір тағдыр, әрбір әуен – бір ғұмыр іспетті өріліп, кәсіби өнердің құдіретін сезіндірді.

Бұл спектакльдің құндылығы да сонда, дәл осы «Алматы – махаббатым» сахна абызы Асанәлі Әшімовтің соңғы қойылымы еді. Аталған концерт идеясы ұстаздарымен бірге дүниеге келіп, өзі дүниеден озғаннан кейін сахналанған қойылым. Сондықтан да осынау концерттік қойылымды аңыз актердің соңғы да алғашқы спектаклі деп айтуға болады.

Концерттік туындыны көруге аңыз әртістің жары Бағдат Әшімова келіп, жүрекжарды лебізін білдіріп, спектакльдің әсерлі шыққанын атап өтіп әрі өнер ұжымына деген рия­сыз алғысын жеткізді. Жиналған жұртты толқытқан кешке Алматы қа­лалық Мәдениет басқармасының бас­шысы Данияр Абзалиденұлы мен «Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева, пьеса авторы Бейбіт Сарыбай сынды зиялы қауым өкілдері де қатысты.

«Алматы – махаббатым» тек кон­церттік бағдарлама емес, бұл – қалаға деген шынайы сүйіспеншілік, адам жанының нәзік иірімдерін бейне­лей­тін сахналық туынды. Спектакль арқылы көрермен Алматының ру­хын терең сезініп, оның көшелері мен таулы табиғатына деген сағыны­шын жаңғыртты.

Мазмұны бай, сезімге толы кеш ұлттық өнеріміздің байрағын көтеріп, көрермен жүрегінен орын алған әсерлі мәдени оқиға ретінде есте қалады.

 

АЛМАТЫ