• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:15

Ауғанстан азаматтарының ықыласы

0 рет
көрсетілді

Ұлттық статистика бюросы бөліскен сандарды сөйлетсек, еліміздегі жоғары оқу орындарында 33,5 мың шетелдік азамат білім алады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,7%-ға көп. Кейінгі үш жылда шетелдік студенттер саны тұрақты өсіп келеді, 2022 жылдан бері жыл сайын 3–3,5 мың адамға артып отыр.

Сол шетелдік студенттердің арасында отандық 34 университетте білім алатын 610 Ауғанстан азаматы бар. Олар негізінен педагогика, гуманитарлық ғылымдар, өнер, әлеуметтік ғылымдар, бизнес, басқару және құқық, жаратылыстану ғылымдары, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы, ветеринария, сондай-ақ денсаулық сақтау салаларында білім алады.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің дерегіне сүйенсек, ауғанстандық азаматтар еліміздің жоғары оқу орындарының қолданыстағы білім бағдарламалары шеңберінде оқиды. Отандық жекелеген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім ұйымдары жасалған шарттар негізінде Ауғанстанның жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты жүзеге асырады. Мысалы, Қазақстан–Америка еркін университеті «Kahkashan-E-Sharq Institute of Higher Education»-пен меморандум жасасты. Кабул политехникалық университеті Халықаралық білім корпорациясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл байланыстар жоғары білім және ғылым саласындағы әріптестік байланыстарды дамытуға бағытталған.

Осындай берік байланыстардың нәтижесінде сонау Ауғанстаннан сапалы білім алуға құштар болып келген студенттермен Алғыс айту күні қарсаңында аз-кем тілдестік. Солардың бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқитын болашақ әріптесіміз Зия Гүл тұлғалық дамуға жетелейтін қолайлы академиялық ортаны қамтамасыз еткен оқу ордасына, ондағы оқытушылары мен замандас­тарына дән риза.

– Мен қазір Қазақстандағы беделді универ­ситеттің журналистика факуль­тетінде оқимын. Бұл мамандық маған сыни тұрғыдан ойлау, ақпарат жинау, зерттеу, байыпты баяндау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Осы дағды­ларымның бәрін болашақта медиадағы мансабымда қолданатыныма үміт­тімін. Тарихы терең басылым бетін пай­­далана отырып, Қазақстан жұр­ты­на, университетіме оқуға әрі тұл­ға­­лық дамуға жетелейтін қолайлы ака­­демиялық ортаны қамтамасыз ет­ке­ніне шын жүректен алғыс айтамын. Сондай-ақ профессорларымның білік­тілігі, кәсібилігі мен академиялық шеберлікке деген адалдығына айрық­ша ризамын. Алғыс айту күні Қазақстанда берік те үйле­сім­ді қоғам­дастықтар құрудағы ынты­мақ­тас­тық пен түсіністіктің маңызын еске салады, – деді З.Гүл.

Зия болашақта сенімді ақпаратты тарату арқылы ашықтыққа, мазмұнды диалогке бастайтын журналистика саласында жұмыс істеуді мақсат етіп отыр.

Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің студенті Шерзада Шоайб арманына жеткізетін маман­дықты Қазақстанда оқып жүр­генін айтады. Болашақта магистратураны да осында жалғастыруды жос­парлап жүр.

– Мен – Ауғанстаннанмын. Қазақ­станда төрт жылдан бері «Ақпарат­тық қауіпсіздік» (IT) мамандығын алып жатырмын. Бұл саланы таңдауыма бала кезімнен бастап хакерлерге қарсы, қолданушыларға қорғаушы болуды, жүйелерді киберқауіптерден сақтауды армандағаным түрткі болды. Осылайша, жайлы ортаға тап болдым. Маған Қазақ­станның ауа райы, табиғаты, қазір тұрып жатқан Астана қаласының әсем­дігі ұнайды. Болашақта «Ақпараттық криминалис­тика» саласында жұмыс істеп, жүйе­лерді хакерлерден, рұқсат жоқ адам­дар­дан қорғағым келеді. Сонымен қатар магистр дәрежесін де осы жерде алуды жоспарлап отырмын», дейді Ш.Шоайб.