АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери әрекеттері туралы хабар тараған соң, әлемдік мұнай бағасы бірден қымбаттады. Соңғы сегіз айда алғаш рет мұнайдың бағасы бір барреліне 80 доллардан асты. Бұған себеп – мұнай жеткізілмей қалуы мүмкін деген қауіп. Ең үлкен алаңдаушылық Парсы шығанағындағы Ормұз бұғазына қатысты. Бұл – әлемге тасымалданатын мұнайдың қомақты бөлігі өтетін маңызды жол. Егер осы бұғаз жабылса немесе қозғалыс қиындаса, мұнай азайып, баға одан әрі өсуі мүмкін деген қауіп бар, деп жазады Egemen.kz.
«Жеткізілімдердің үзілу қаупі бар. Бұған қоса, әлемдік теңіз арқылы тасымалданатын мұнайдың 20-25%-ы өтетін Ормұз арқылы транзиттің қауіпсіздігі де алаңдатады», деп жазады «Альфа-Инвестиции» талдаушылары.
«Қазіргі таңда нарықта белгілі бір артық ұсыныс бар. Дегенмен Ормұз бұғазы толық жабылатын болса, тәулігіне шамамен 10 млн баррельге дейін мұнай тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл – әлемдік тұтынудың шамамен 10 пайызы. Мұндай жағдай бағаны қазіргі деңгейден әлдеқайда жоғары көтеруі ықтимал», дейді Ресейдің «Первая»инвестициялық компаниясының сарапшысы Анна Бутенко.
Балама бағыттар бар болғанымен, олардың мүмкіндігі шектеулі. Сауд Арабиясының шығыс-батыс бағытындағы мұнай құбыры мен Абу-Даби инфрақұрылымы арқылы ағынның бір бөлігін қайта бағыттауға болады. Алайда соның өзінде Ормуз бұғазы жабылса, таза шығын тәулігіне 8-10 млн баррельді құрайды. Мұны Rystad Energy компаниясының геосаяси талдау бөлімінің басшысы Хорхе Леон атап өтеді.
Иранда Али Хаменеинің орнына уақытша көшбасшы тағайындалды
Сайып келгенде, мұнай нарығында бағаны қазір сұраныс пен ұсыныстан гөрі геосаяси қатерлер айқындап отыр. Ал басты тасымал бағыттарының қауіпсіздігіне қатысты белгісіздік жойылмайынша, бағаның құбылмалы сипаты сақтала бермек.
Иранда жүрген қазақстандықтар елге қалай оралады?