Таяу Шығыстағы ахуал күрт шиеленісті. АҚШ президенті Иранға қарсы әскери операцияның күшейе түсетінін мәлімдеп, өңірдегі жағдайдың күтпеген бағытта өрбігенін айтты. Оның сөзінше, ең үлкен тосын жайт – Иранның араб елдеріне жасаған шабуылдары, деп жазады Egemen.kz.
Дональд Трамп CNN телеарнасына берген сұхбатында америкалық әскер Иранға жойқын соққы жасап жатқанын, алайда негізгі кезең әлі басталмағанын жеткізді.
«Біз оларды тас-талқан етіп жатырмыз. Меніңше, бәрі өте жақсы жүріп жатыр. Бұл өте қуатты әрекет. Біздің армия – әлемдегі ең мықты армия, және біз оны пайдаланып отырмыз. <...> Біз оларға әлі шын мәнінде күшті соққы жасаған жоқпыз. Үлкен толқын әлі алда. Ал үлкен толқын жақын арада келеді», деді Трамп CNN жүргізушісі Джейк Тапперге берген сұхбатында.
Президенттің айтуынша, өзі үшін «ең үлкен тосынсый» Иранның өңірдегі араб мемлекеттеріне жасаған шабуылдары болған. Атап айтқанда, Бахрейн, Иордания, Кувейт, Қатар және Біріккен Араб Әмірліктері аталды.
Трамп Иранға қарсы операция мерзімін атады
Ақ үй басшысы командасының Тегеранмен келіссөз жүргізуге тырысқанын, алайда мәмілеге келе алмағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, Иран уранды байытуды тоқтатуға келіспеген. Әрбір жаңа ұсыныс алдыңғы келісімдерден бас тартумен аяқталған.
New York Post басылымына берген сұхбатында Трамп қажет болған жағдайда Иран аумағына америкалық әскер жіберу мүмкіндігін де жоққа шығармады.
«Құрлықтағы әскер енгізуге қатысты менде ешқандай алаңдаушылық жоқ. Көптеген президенттер: «Құрлықтағы әскер болмайды» деп айтады. Мен олай демеймін. Мен: «Мүмкін, қажет болмас немесе егер қажет болса" деймін», деді Дональд Трамп.
Бұған дейін ол Иранға қарсы шабуыл шамамен төрт аптаға созылуы мүмкін екенін айтқан еді. Кейін операция жоспарланған мерзімнен де ұзаққа созылуы ықтимал екенін меңзеді.
Иран Нетаньяхудың кеңсесіне соққы жасады
Бүгін Трамп қаза тапқан төрт америкалық сарбазды Құрмет медалімен марапаттау рәсімін өткізеді. АҚШ-тың Орталық қолбасшылығы бірлескен америкалық-израильдік шабуыл кезінде әскери қызметшілердің қаза болғанын растаған.
28 ақпанда Трамп Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи қаза тапқанын мәлімдеді. Кейін бұл ақпаратты Иран тарапы растады.
Иран Аятолла Хаменеидің қазасын растады: елде 40 күндік аза тұту жарияланды
Таяу Шығыстағы ахуал осылайша жаңа кезеңге өтті. Вашингтон қатаң әскери сценарийден бас тартпайтынын аңғартса, өңір елдері геосаяси тепе-теңдіктің бұзылу қаупін жіті бақылап отыр.