Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында «EcoClub» ЖШС-ның өндірістік нысаны – ірі қара мен жылқы терісінен жоғары ақуызды, сапалы протеинді жемдік қоспа өндіретін жаңа зауыт іске қосылды.
Бұл бастама өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, мал шаруашылығындағы өнімділікті арттыруға, сондай-ақ импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Серіктестік басшысы Бауыржан Сабанов тың жобаны жүзеге асыру үшін «Ақжайық» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген несие алған. Жобаны жүзеге асырушылар зауыттан шығатын қоспа төрт түлік мал ғана емес, құс фабрикалары мен балық шаруашылығында да ерекше сұранысқа ие екенін айтып отыр. Яғни бұл табиғи қоспаны пайдаланған кезде бордақы малдың салмағы еселеп артып, уақыт пен қаржы үнемделіп, мал шаруашылығының тиімділігі арта түспек.
Жобаның жалпы құны 630 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын толық қуатына көшкенде айына 200 тоннаға дейін дайын өнім өндіре алады. Мұнда 20-ға жуық адам тұрақты жұмысқа тартылады. Өндіріске қолданылатын заманауи жабдықтар Солтүстік Қазақстан облысынан жеткізілген. Олар технологиялық тиімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, өнім сапасының жоғары болуына жол ашады. Өндірісті автоматтандыру еңбек өнімділігін арттыруға және кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.
Зауыттың ашылу салтанатына арнайы келген облыс әкімі Нариман Төреғалиев былтыр өңірдің өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі 112,2 пайызға ұлғайып, 379,7 млрд теңгені құрағанын атап өтті.
«Кәсіпкерлікті қолдау бағытында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында кәсіпкерлік саласына айрықша мән беріп, оның ел экономикасындағы маңызын нақты атап өтті. Соның нәтижесінде өңірімізде кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаржы бөлініп жатыр. 2025 жылдың қорытындысында Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығына арналған түрлі бағдарлама арқылы 50 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтарға берілді. Сонымен қатар 32 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз субсидия бөлінді. Яғни өңірге ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға барлығы 82 миллиард теңге бағытталды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026 жылдың соңына дейін ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көрсеткішін 70%-ға жеткізу міндеті қойылды. Халықпен кездесу барысында жиі көтерілетін мәселенің бірі – мал терісі мен жүнін кәдеге жарату болатын. «Қайда өткіземіз? Қалай өңдейміз?» деген сұрақ көп қойылатын. Енді, міне, сол мәселенің нақты шешімі қолға алынып отыр. Бұл кәсіпорында тері өңделіп, мал азығына қажетті өнімдер, яғни протеин өндірілетін болады. Бүгінгі теріні өңдеп, сапалы өнім шығаруға бағытталған зауыттың басшысы Бауыржан Қанатұлына, серіктесі, Солтүстік Қазақстан облысынан келген Асылбек Айкеновке алғысымызды білдіреміз. Жобаның сәтті жүзеге асатынына сеніміміз мол. Бұл кәсіпорын өңір экономикасының дамуына серпін беріп, жаңа белестерге жол ашады деп сенеміз», деді Н.Төреғалиев.
Жаңа зауыт басшысы Бауыржан Сабанов бұл кәсіпорынның елімізде үшінші болып ашылғанын, алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімді ішкі нарықпен қатар экспортқа шығару жоспары бар екенін айтады. Бұған Жәнібек кентінің Ресеймен шекарада, теміржол бойында тұрғаны да оң әсерін тигізбек. Тіпті облыс әкімі де Батыс Қазақстан облысында өндірілетін тері өнімдерін ішкі нарықпен қатар, халықаралық деңгейде экспортқа шығаруға да мүмкіндік бар екеніне сенімді.
Айта кетейік, былтыр ирандық инвесторлармен жүргізілген келіссөз нәтижесінде Оралда үш жылдан бері жұмысы тұралап қалған тері өңдеу зауыты да қайта іске қосылған еді. Жергілікті атқарушы орган бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, бұл бағыттағы жұмысты жүйелі жалғастырып жатыр. Осылайша, ауылда мал баққан ағайынның мал шаруашылығындағы қосалқы өнімді – тері мен жүнді, сүйекті кәдеге асыру жөніндегі талабы іске асып келеді.
Батыс Қазақстан облысы