• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Саясат Бүгін, 15:33

СІМ ресми өкілі: Таяу Шығыста зардап шеккен Қазақстан азаматтары жоқ

10 рет
көрсетілді

Сыртқы істер министрлігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан Қазақстан азаматтарын елге қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдардың, резидент және резидент емес әуе компанияларының көмегімен 8 585 отандасымыз елге қайтарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімізді жұмсап, кез келген жағдайда жан-жақты қолдау көрсетіп келеміз. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер немесе қаза болғандар туралы ақпарат түскен жоқ», деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев.

Эвакуация басталғалы бері уәкілетті мемлекеттік органдардың, резидент және резидент емес әуе компанияларының көмегімен 8 585 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.

Алдағы күндері:

• Израильден – 78 азаматты,

• Қатардан – шамамен 350 адамды,

• Біріккен Араб Әмірліктерінен – шамамен 550 адамды,

• Сауд Арабиясынан – шамамен 300 адамды эвакуациялау жоспарланып отыр. Көрсетілген деректер өзгеруі мүмкін.

Әуе рейстерінен бөлек, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Әзербайжан, Армения және Түрікменстанның құрлықтағы шекаралары арқылы эвакуациялау жүргізілуде. Осы жолмен Ираннан 66 азаматымыз елге қайтарылды.

«Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуациялау жұмыстарын үйлестіруді жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыс орнатып жатыр. Азаматтардан Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен тиісті елдердегі дипломатиялық мекемелердің ресми хабарламаларын үнемі қадағалап отыруды сұраймыз. Қазақстан азаматтарының қауіпсіз түрде елге оралуы мемлекет үшін басым міндет болып қала береді», деді Ерлан Жетібаев.

Еске сала кетейік, Израиль 28 ақпанда таңертең Иранға соққы жасады. Дубай, Абу-Даби және Рас-эль-Хаймада жүрген Қазақстан азаматтары рейстердің тоқтатылуына байланысты елге қайта алмай қалған. Ал «Қазпошта» Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты халықаралық пошта жөнелтілімдеріне уақытша шектеулер қойылғанын мәлімдеді.

Бүған дейін Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан 13 рейс тоқтатылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына байланысты Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жедел байланыс және «жедел желі» нөмірлерінің іске қосылғаны хабарланған еді.

Ал қазір еліміздің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдерінен азаматтарымызды эвакуациялау жұмысын белсенді атқарып жатыр. 

Соңғы жаңалықтар