• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қылмыс Бүгін, 08:10

Алаяқтар айылын жияр емес

10 рет
көрсетілді

Ебін тапқандар интернет дәуірінің игілігін көріп жатыр. Сан түрлі әлеуметтік желіден бастап, қандай да бір затқа тапсырыс рәсімдеу, ақша аудару секілді көптеген жұмыс дәл осы ғаламтор арқылы жүзеге асатыны баршаға белгілі. Әйтсе де мұның қарапайым халық үшін пайдасымен қатар зияны да бар. Алаяқтықтың түрлі жолымен жұрттың қалтасын қағып жүргендер әлі де азаяр емес.

Кейінгі жылдары оңай ол­жаға кенелгісі келетін, еш қиын­дық­сыз қаражат табуды мақ­сат еткен алаяқтардың жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені анық. Олар құрған алаяқтық жүйенің қақпанына түсіп, артынан аһ ұрып жатқан қарапайым халық аз емес. Құзырлы орган өкілдері шағын аудандардағы аулаларды шарлап, қауіпсіздік шараларын жан-жақты жүргізіп жатса да, нәпақасын алаяқтардың шотына аударған аңғал жұрт азаяр емес.

«Ел азаматтарын алдап соғып, қара­жа­тын қалтасына басатын алаяқтарға қарсы күрес кейінгі бірнеше жылдың бедерінде қарқынды жүргізіліп жат­қаны мәлім. Бұл – қоғамдағы өзек­ті мәселенің бірі. Өкінішке қарай, жыл сайын жерлестеріміз әлеу­меттік желілердегі, интернет-ресурс­­тардағы, YouTube арналар мен мессенджерлердегі жарнамалардың құрбанына айналып жатыр. Жұрт көбіне қаржылық пирамидалар құрған алаяқтық жүйенің құрбаны болады. Мұндай дерек жиі қайталанатынын байқап жүрміз. Мәселен, 2024 жылы жәбірленушілерден түскен арыздар негізінде облыста қар­жылық мониторинг агенттігі 3 қылмыстық іс тіркеген еді. Ал өткен жылы 4 бірдей қылмыстық іс анықталды. Оның ішінде Қылмыстық кодекстің 217-1-бабында көзделген қаржылық пирамиданы заңға қайшы жарнамалау дерегі де бар», дейді облыс бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметов.

Департамент басшысының орынбасары кел­тірген дерекке жүгінсек, халықты алдау мен тонауды әдетке айналдырған алаяқтардан зардап шеккендер саны сиремей тұр. Нақтырақ айтсақ, кейінгі үш жылда өңір бойынша 200-ден аса азамат қаржылық пира­мидалардың құрбанына айналыпты. Бұл тек ресми дерек. Құзырлы орган­­дарға жүгінбегендер қанша екені белгісіз.

«Алаяқтардың құрығына ілінген азаматтар қылмыскерлер уәде еткен көзсіз пайда ешқашан қайтарылмайтынын қаперден шығармағаны абзал. Ал тұр­­ғын­дар алаяқтық дерегі бойынша арыз түсіріп, құзырлы органдарға жедел жүгінсе, қара­жат­ты қайтару ықти­малдылығы жоға­­рылай түседі. Жұртшылық осыны естен шығармаса дейміз.

Департамент қызметкерлері келті­рілген залалды өтеу және ұйымдас­ты­­ру­шы­лар алған қылмыстық кірісті анық­­­­тау мақ­са­тында қолдан келген ша­­­­­ра­­­­ның бәрін қабылдап жатыр. Мәселен, 2025 жылғы тергеп-тексеру барысында департамент қыз­меткерлері қабылданған шаралар нәти­жесінде зардап шеккен азаматтарға 11 млн теңгеден аса келтірілген залал өтелді. Жал­пы, кейінгі 3 жыл аралығында 56 млн теңге көлемінде залал өтелгенін айта кеткен жөн», дейді Н.Рахметов.

Қаржылық мониторинг агенттігінің кең ауқымды операциясының нәтиже­сінде бірнеше қаржылық ұйымның жолы кесіліпті.

«2025 жылы еліміздің барлық өңірінде тұтыну кооперативінің атын жа­мыл­ған «Асар Баспана» қаржылық пира­мида ұйымының заңсыз қызметі тоқ­та­тылды. Жалпы алғанда, компания­лар­дың кеңселерінде және күдіктілердің тұр­ғы­лық­ты жері бойынша жүргізілген тінту бары­сында 1,1 млрд теңгеден аса қолма-қол ақша және арасында пре-миум кластағы көліктер бар 10 автокө­лік тәр­­­кі­лен­ді», дейді департамент басшы­сының орынбасары.

Қалай десек те сана жаңғырмайынша, аңғал халық әккілер қазған апанға түсуді тоқ­татпайтын секілді. Алаяқтардың арба­уы­на түскен азаматтардың саны жыл өткен сайын азаймай отырғаны осыны аңғартады. Өкі­ніштісі де – сол.

 

Жамбыл облысы