Мемлекеттік қызметшілердің құқықтық кепілдіктері күшейтіледі. Мәжілістің жалпы отырысында қаралған заң жобасында оларды тәртіптік жауапкершілікке тартудың жаңа тетіктері енгізіліп, оны жеңілдететін не ауырлататын және жоққа шығаратын жағдайлар айқындалды.
Ата заңды заңнамалық тұрғыдан бекіту маңызды
Отырысты ашқан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов алдымен референдум нәтижесіне қатысты пікірімен бөлісті. Ол еліміз қуатты, әділетті және прогрессивті Қазақстанды құру жолында батыл қадам жасағанын айтты.
– Референдум еліміздің Президент бағдарының маңайына ұйысып, барынша тұтастана түскенін көрсетті. Жұртшылықтың осы тарихи іске белсене қатысып, жаңа Конституцияны 87% қолдап да-уыс беруі – халықтың Президентке деген зор сенімінің айқын дәлелі. Ата заңға тікелей ұйытқы болып, оған көптеген прогрессивті новелла енгізген Президенттің нағыз жеңісі. Бұған әлем елдері де назар аударып, лайықты бағасын берді, – деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ Мәжіліс спикері Мемлекет басшысының атына шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар жаңа Конституцияның халықтан жаппай қолдау тапқаны – Парламентке де үлкен мерей екенін жеткізді.
– Депутаттар коалиция құрамында барлық аймақты аралап шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа Ата заң мәтінін әзірлеуге де әріптестеріміз бір кісідей атсалысты. Сол үшін бүкіл депутаттық корпусқа шынайы алғысымды білдіремін, – дей келе Мәжіліс төрағасы депутаттар қысқа мерзім ішінде конституциялық өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді қамтамасыз етуі керек екенін атап өтті.
Жақын арада бірқатар заң жобасы Парламент қарауына енгізіледі. Президент, Құрылтай, Халық кеңесі, Астананың мәртебесі, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылданады. Е.Қошановтың айтуынша, Парламент тағы 8 конституциялық заң мен 60-тан аса түрлі заңға түзету енгізеді.
Мемлекеттік қызмет сапаланады
Күн тәртібіне сәйкес, салалық комитеттер «Мамандандырылған мекемелердің артықшылықтары мен иммунитеттері туралы конвенцияға Қазақстан Республикасының ескертпесі мен мәлімдемесін алып тастау» және «ел Үкіметі мен БҰҰ арасындағы Қазақстанда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы келісімді ратификациялау» туралы, осыған ұқсас тағы бір заң жобасын жұмысқа қабылдады.
Бұған қоса, Мәжіліс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттар Мемлекет басшысының мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген.
Ондағы негізгі жаңашылдықтарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай түсіндірді. Оның ай-туынша, заң жобасында мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар мен олардың міндеттері айқындалған. Олардың қатарында патриотизм, кәсібилік, ашықтық, әдептілік, мінсіз бедел, құқық бұзушылықтар мен мүдделер қақтығысына төзбеушілік бар.
Мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру де көзделген. Осы мақсатпен төменгі және басшылық лауазымдарға (ерте кәсіби бағдарлау аясында) мемлекеттік қызметке кіруге дайындық институты енгізіледі. Сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жаңа қызмет құрылады.
Заң жобасында жауапкершілікті жеңілдететін (теріс салдардың болмауы) және ауырлататын мән-жайлар (қызметтік міндеттерді өрескел бұзу, тәртіптік теріс қылықты алкогольдік, есірткілік, не өзге де мас күйде жасау) нақты айқындалады. Тәртіптік теріс қылықтың ауырлығы мен кінә дәрежесін ескере отырып, тәртіптік жазалардың қолданылу мерзімі 2 айдан 6 айға дейін сараланады.
Жаңа редакцияға сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметіне негізсіз қысым жасауға, араласуға, дәлелсіз айып тағуға жол берілмейді.
– Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік қорғалуына да ерекше назар аударылады. Заң жобасы қызметтік ауыстырулар (передислокация, ротация, ауысу) кезінде кепілдіктерді, демалыс және мереке күндері жұмысқа тартылғаны үшін міндетті өтемақыны, сондай-ақ мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне байланысты қосымша демалыс күндерін бекітеді. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі кемінде 25 жыл болған қызметшілерге зейнетке шыққанда 4 лауазымдық жалақы мөлшерінде міндетті төлем қарастырылған, – деді Д.Жазықбай.
Мансаптық өсудің жаңа тұжырымдамасы енгізіледі. Енді вертикалды өсу ғана емес, лауазым шеңберінде кәсіби даму қарастырылады.
Кәсіби даму көкейкесті
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мемлекеттік қызметшілердің өзін-өзі дамытуына арнайы күн бөліп, оларды жұмыс міндеттемесінен босатуды ұсынды.
– Жаңа заң жобасы аясында немесе кейінірек аптаның бір күнін, мысалы жұманы немесе кез келген күнді толықтай ағарту күні, шығармашылық күн ретінде белгілеу керек. Мұндай тәсіл шенеуніктердің мәдениеті мен кәсібилік деңгейін арттыруға көмектеседі, – деді Б.Базарбек.
Ал Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков көптеген мемлекеттік қызметші жұмыс уақытынан тыс қосымша жұмыс істеуге мәжбүр екенін айтып, мәселе көтерді.
– Еңбек кодексіне сәйкес, апталық жұмыс уақыты 40 сағаттан, яғни күніне 8 сағаттан аспауға тиіс. Алайда кейбір салалардағы мемлекеттік қызметкерлер артық жұмыс істеуге мәжбүр, – деді ол.
Д.Жазықбай бұл мәселе бо-йынша нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, 2020 жылы тиісті заң қабылданған. Бұған дейін жұмыс уақытын бақылау міндеті Еңбек министрлігіне жүктелген болса, 2023 жылдан бастап бұл құзырет Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне берілген.
– Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлердің жұмысқа келуі мен кетуі «Е-қызмет» жүйесіне тіркеледі. Осы жүйе арқылы агенттік қызметкерлердің жұмыс уақытын бақылап, мониторинг жүргізеді. Егер қызметкерлердің артық жұмыс істеген уақыты үшін қосымша демалыс берілсе немесе ақы төленсе, ешқандай мәселе туындамайды. Ал егер өтемақы қарастырылмаса, агенттік аппарат басшыларына қатысты әкімшілік құқық бұзушылық бойынша іс қозғауға құқылы, – деп түсіндірді агенттік төрағасы.
Еңбек құқығы қорғалады
Отырыс барысында Парламент депутаттары бастамашы болған еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау кепілдіктері күшейтіліп, еңбек қатынастарының жекелеген рәсімдері жетілдіріледі.
– Жұмыскерлердің заңды мүдделерін қорғау мақсатымен еңбек саласында ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғау жөніндегі нормаларды бекіту ұсынылады. Түзетулер қызметкердің бастамасы бойынша еңбек шартын бұзу тәртібін де реттейді, – деді заң жобасы төңірегінде баяндама жасаған депутат Арман Қалықов.
Жиында депутаттар Қазақстан мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификаттады.
Өзекті депутаттық сауалдар
Заң жобалары қаралған соң депутаттық сауалдарға кезек берілді. Депутат Мархабат Жайымбетов бір реттік қолдануға арналған қаптаманың экологиялық кері әсері туралы мәселені көтерді.
– Онлайн сауданың кеңеюі бір жағынан халыққа үлкен қолайлылық әкелсе, екінші жағынан экологиялық мәселелерді де алға шығарып отыр. Біріншіден, тауарды зақымданбай жеткізу үшін пластик, пленка, картон секілді көптеген «шығын матер-иалы» қолданылады. Жеткізілгеннен кейін олардың басым бөлігі қоқысқа тасталады. Салдарынан тұрмыстық қатты қалдықтар құрамындағы қаптама үлесі артып, полигондарға түсетін жүктеме жылдан-жылға көбейіп келеді. Осыған байланыс-ты экологиялық жүктемені азайту және қалдықтарды тиімді басқару мақсатында нақты ұсыныстарды қарастыру керек, – дей келе депутат бір реттік қаптаманы қысқарту бо-йынша нақты нормативтік талаптар енгізуді ұсынды.
Депутат Әбутәліп Мутәлі сапасыз білім беретін университеттерді бақылау мәселесіне қатысты ұсыныс айтты.
– Кейбір жекеменшік университет, колледждерде студенттерді ресми тіркейді, бірақ әрі қарай «студент оқу үдерісіне қатысып жатыр ма», «оқу бағдарламасын меңгеріп жүр ме» – бұл жағынан білім беру мекемесі салғырттық танытып отыр. Бұл ретте студенттер оқуға қабылданғандар тізімінде болғанымен, іс жүзінде сабақтарға қатыспайды немесе бағдарламаларды аяқтамайды, бірақ дипломдарын маман болып шықты деп кедергісіз алып жатыр. Болашақта мұндай қағаз жүзінде ғана кәсіби мамандар жетістікке жете қояды деп сену қиын, – деді Ә.Мутәлі.
Мәжілісмен Үкіметтен жасанды интеллект базасында прокторингті, жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіруді, талдамалық жүйелерді, сонымен қатар жоғары оқу орындарында білімді бақылаудың цифрлық технологияларын міндетті түрде пайдалана отырып, жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарына өзгерістер енгізуді қамтамасыз етуді және «Мемлекеттік бірыңғай прокторинг жүйесін» енгізуді сұрады.