• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Үкімет Бүгін, 08:07

Конституцияны іске асыру тетіктері нақтыланды

0 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жаңа Конституция нормаларын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Үкімет басшысы алдымен бұл қадамның ел тарихындағы тағдыршешті кезең екенін атап өтті.

«Ең алдымен, барша отандас-тарымызды тарихымыздағы аса маңызды оқиға – жалпыхалықтық референдумда жаңа Конститу­ция­ның қабылдануымен құттық­таймын! Бұл – Қазақстанның зама­науи тарихындағы ел тағ­дырын айқындайтын елеулі кезең. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылы­ғымен, қоғамның белсенді қолдауымен жүргізіліп жатқан ауқымды өзгерістер еліміз­дің кез келген сын-қатерлерге төтеп беруін қамтамасыз етеді. Ата заң саяси тұрақтылықты нығайтып, экономика мен қоғамның барлық саласын одан әрі жаңғыртуға жол ашады», деді О.Бектенов.

Жаңа Конституция бірлік пен әділ­дік, заң мен тәртіп сияқты не­гізгі құндылықтарды орнық­ты­рып, ұлтымыздың ұзақмер­зімді даму бағдарын айқындап, еліміздің саяси өміріне халықтың толыққанды қаты­суына, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарының қор­­ға­луына, адам капиталының, ғылым мен мәдениеттің, цифр­лық орта­ның сапалы дамуына, эко­ло­гиялық қауіпсіздіктің сақталуы­на ке­піл­дік беретіні атап өтілді. Соны­мен қатар құқықтық мемлекет қағи­­дат­тарын нығайту, заң көме­гін алу құ­қы­ғына және дербес дерек­тер­дің қор­ғалуына кепілдік беру Не­гізгі заң деңгейінде бекітіліп отыр.

«Президент атап өткендей, жаңа Конституция елдігіміздің тірегі, егемендігіміз бен тәуелсіздігіміздің тұғыры болады. Ел азаматтары Мемлекет басшысының барлық бас-тамаларын қолдап, өз дауыстарымен нағыз отаншылдықтың үлгісін көрсетті. Бүгінде жаһан жұрты­ның Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың көшбасшылығына, қабылданған Конституциямыз­дың прогрессивті сипатына куә болғанын көріп отырмыз. Бұл Қазақстанның жоғары беделі мен жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін айқын білдіреді», деді Премьер-министр.

Үкімет реформаларды заңна­ма­лық қамтамасыз ету бойын­ша Парламентпен бірлесіп, тез ара­да бірқатар заңдар мен заңға тәуел­ді актілерді жаңа Консти­ту­цияға сәйкес келтіруге тиіс. Атап айтқанда, 5 жаңа және қолданыс­тағы 8 конституциялық заңға, сондай-ақ 60-тан астам заңға, оның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енгізу керек.

Сөз барысында Премьер-ми­нистр Ата заңды жаппай басып шығаруды, оны қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды, білім  саласына әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуді талап ететін Конституцияны ілгері­лету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіту қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ еліміздің жаңа Конституциясы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын күшейту қажеттігі айтылды.

Олжас Бектенов жаңа Консти­туцияда мемлекет пен қоғамның орнықты дамуына берік негіз болатын нормалар мен ережелер түгел қамтылғанын атап өтті.

 Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жаңа Конституция аясында әлеуметтік мемлекеттің жаңа моделі қалып­тасып жатқанын айтты. Оның сөзін­ше, енді әлеуметтік саясатта ке­піл­діктер жүйесімен қатар аза­мат­тардың білімі мен дағды­ларын дамытуға басымдық б­е­рі­леді. Еңбек заңнамасы цифрлық экономиканың дамуына бейімделіп, қашықтан және платформалық жұмыспен қамту тетіктері енгізіледі. Сондай-ақ мүге­дектігі бар азаматтарды әлеу­меттік қорғау мен еңбекке тарту шара­лары жалғасады. Денсаулық сақ­тау саласында мемлекет кепіл­дік берген медициналық көмек­тің көлемі сақталып, оны қаржы­лан­дыруға бюджеттен бөлек халық­аралық ұйымдар мен ұлттық ком­пания­лардың қаражаты тартыл­мақ. Сонымен қатар МӘМС жү­йесінің рөлі күшейіп, бірың­ғай базалық медициналық пакет ар­қылы азаматтардың жоспарлы әрі күрделі медициналық қызметтерге қолжетімділігі кеңейеді.

Ал Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев жаңа Конституцияда азаматтардың дербес деректерін қорғау құқығы нақты бекітілгенін айтты. Оның сөзінше, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Қылмыстық кодекс, дербес деректер мен киберқауіпсіздік­ке қатысты заңдарға түзетулер енгізіліп, деректерді бүркемелеу, хэш­теу сияқты заманауи қорғаныс құ­ралдары қолданылады. Сон­дай-ақ мемлекеттік базалардан мәліметтерді жүктеуге шектеу қо­йылады. Бұдан бөлек, дербес дерек­тер операторларының сынып­талған тізілімі мен сенімді шетелдік ақпарат алушылар тізімі құрылып, операторлар деректердің таралуы немесе өңдеудің басталуы туралы уәкілетті орган мен азаматтарға хабарлауға міндеттеледі. Сонымен қатар дербес деректердің жаппай таралғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіліп, әкімшілік айыппұл көлемін 5000 АЕК-ке дейін арттыру көзделіп отыр.

Жаңа Конституция нормаларын іске асыру аясында Алатау мен Астана қалаларына арналған ерекше құқықтық режімді белгілейтін заң жобалары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады. Вице-премьердің сөзінше, Алатауға «қарқынды даму қаласы» мәртебесі беріліп, инвестиция тарту, цифрлық активтер мен ұшқышсыз көлік бағыттары дамытылады. Ал Астана үшін қала құрылысы, көші-қон мен көлік салаларындағы басқару тетіктері нақтыланады. Алатау жөніндегі заң жобасының екінші оқылымы 27 наурызға, ал елорда мәртебесіне қатысты құжат сәуірдің соңына дейін Мәжіліске енгізілмек.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздің басты құ­қық­тық құжатында білім, ғылым, ин­новация мен технологияны да­­мыту мемлекеттік саясаттың стра­­тегиялық басымдығы ретінде бекітілгенін айтып, осыған сай білім беру мазмұны барлық деңгей­де жаңартылатынын жеткізді. Оның сөзінше, бастауыш білімге дербес мәртебе беріліп, IT мен цифрлық құзыреттерді күшейтуге, іргелі ғылымдарды тереңдетуге, еңбек нарығына бейімделген дағдыларды дамытуға басымдық беріледі. Осыған орай 2026–2028 жылдары кезең-кезеңімен жаңа оқулықтар енгізіліп, 8–9 сыныптарда «Қазақстан географиясы» пәні қайта оқытылады. Ал техникалық және кәсіптік білім беруде дуалды оқыту тетігі күшейтілмек. Сонымен қатар тәрбие жұмысы «Адал Азамат» бағдарламасы, «Конс­ти­туция негіздері», «Заң мен тәртіп» курстары мен эколо­гиялық білім беру арқылы толықтырылады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өзгерістер аясында білім беру енді тек әлеуметтік қызмет емес, эко­номикалық өсім мен иннова­ция­лық дамуды қамтамасыз ететін негізгі өндіргіш күшке айна­ла­тынын айтты. Бұл тәсіл универ­ситет­терді басқару жүйесіне, бюджет­тік басымдықтарға, халықара­лық әріптестікке әсер етіп, ғы­лым­ды қолдау ұлттық эко­но­ми­ка­ның стратегиялық бағы­ты ретінде қарастырылады. Соны­мен қатар мемлекеттік тапсырыс экономиканың нақты сұраны­сына қарай бөлінетін болады. Министр­дің сөзінше, келесі жылдан бастап жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингі іске қосылады. Рейтинг нәтижесіне қарай үздік университеттерге қосымша академиялық дербестік беріліп, кадр даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс сол көрсеткіштер негізінде орналастырылады.

Жаңа Ата заң арқылы экология­лық саясаттың негізгі бағыты алдын алу моделіне көшеді. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтып берді. Енді ластанудың алдын алуға басымдық беріліп, кәсіпорындарға автоматтандырылған мониторинг енгізіледі. Кешенді экологиялық рұқ­саттар жүйесі дамиды, қал­дық­тарды басқару жобаларын жеңіл­дікпен қаржыландыру жал­ғасады. Сонымен қатар 2035 жылға дейінгі биоалуантүрлілікті сақ­тау тұжырымдамасы қабыл­данып, 2 млрд ағаш отырғызу, қорғаныш орман белдеулерін құру және шөлейттенуге қарсы шаралар одан әрі жүзеге асады. Министр сондай-ақ «Таза Қазақстан» аясындағы жобалар мен «Қоршаған ортаның жай-күйі туралы ұлттық деректер банкі», «Табиғат» платформалары арқылы саланы цифрландыру күшейетінін атап өтті.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жаңа Конституциядағы заң мен тәртіп қағидаттарын іске асыру аясында құқық бұзу­шылықтың алдын алу тетіктері күшейтілетінін айтты. Министрдің айтуынша, бұл жұмыс «Құқық бұзушылықтың профилактикасы туралы» жаңа заң негізінде жүргізіледі. Онда ерте әрекет етуге, қоғамды жұмылдыруға, кәмелетке толмағандар мен тұрмыстық зорлық құрбандарын қорғауға баса назар аударылады. Сонымен қатар құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласында жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді кеңінен қолданып, ұлттық бейнемониторинг жүйесі, бейне-талдау, жол қауіпсіздігі мен көші-қон бақылауын жаңғыру көзделген.

Ал Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев заңнаманы кезең-кезеңімен жаңарту жұмысы басталғанын хабарлады. Оның сөзінше, реформаның өзегіне адамға бағдарланған тәсіл алынып, осыған сәйкес «Миранда ережесін» Конституция деңгейінде бекіту, сот шешімінсіз тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға тыйым салу, дербес деректерді қорғауды күшейту мен аумақтық тұтастыққа қатысты жауапкершілікті нақтылау көзделеді. Сонымен қатар 5 дербес конституциялық заң әзірленіп, 8 конституциялық заң мен 60-тан аса заңға өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

Отырыс қорытындысында Олжас Бектенов жаңа Конституция­ны іске асыру мақсатында барлық жауапты органдарға заңнаманы жедел бейімдеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және салалық реформаларды нақты мерзімде орындау жөнінде тап­сыр­ма берді. Үкімет басшысы мем­лекеттік органдар білім, денсау­лық сақтау, еңбек, экология, цифр­ландыру, құқықтық тәртіп және заң шығару бағыт­тарында үйлесімді жұмыс жүргі­зіп, Президент Жарлығында белгілен-­ген шараларды толық әрі жүйелі орындауы қажет екенін айтты.