Қазақ даласында тұңғыш театр шымылдығы Абай ауданы Ойқұдық жайлауында түрілді. Дәлірек, 1917 жылғы 7 маусымда заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі «Еңлік–Кебек» пьесасын киіз үй сахнасында қойды. Сол тарихи бастау «тұңғыштар мекені» саналатын Семей қаласында театр өнерін жүйелі дамытуға арналған жоғары көркемдік кеңес құрылды.
Абай облысында өткен жоғары көркемдік кеңестің алғашқы отырысы өңірдің мәдени-рухани өміріндегі жаңа кезеңнің басталғанын аңғартты. Қазақстанның халық әртісі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов, жазушы Асқар Алтай, Қазақстанның мәдениет қайраткері Отантай Кәрібжанұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс, Әсет Иманғалиев, актриса Гүлмира Жакилина, режиссер Ерлан Кәрібаев, драматург Әлішер Рахат (бақылаушы) көркемдік кеңестің мүшесі болып бекітілді. Кеңес мүшелерінің ұсынысымен, облыс әкімінің келісімімен Берік Уәли жоғары көркемдік кеңестің төрағасы болып тағайындалды.
«Бүгін Абай облысында алғаш рет өтіп отырған жоғары көркемдік кеңестің отырысы – өңіріміздің мәдени-рухани өміріндегі маңызды қадамдардың бірі. Өйткені мұндай көркемдік кеңестер еліміздің басқа өңірлерінде жоқтың қасы. Абай облысы әкімінің жанынан құрылған жоғары көркемдік кеңестің негізгі мақсаты – театр өнерінің дамуына серпін беру, шығармашылық үдерістердің сапасын арттыру, өңірдегі мәдени саясатты жүйелі түрде жетілдіру», деді өңір басшысы.
Алғашқы отырыста Тұңғышбай Жаманқұлов, Отантай Кәрібжанұлы, Дариға Тұранқұлова, Бекжан Тұрыс сөз сөйлеп, театр өнерінің қазіргі ахуалы, шығармашылық бағытты жетілдіру, саланың өзекті мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Облыста театр ұжымының вакансиясын көбейту, айлық-жалақысын арттыру, қызметкерлерге баспана беру туралы ұсыныстар айтылды.
«Бұл кеңес тек Абай еліндегі театрдың ғана емес, еліміздегі театрлардың мұң-мұқтажын жоқтайтын жағдайға жететін көркемдік кеңес болуға тиіс», деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Ал Семейдегі «Дариға-ай» жастар театрының негізін қаласқан театр саласының білікті ұстазы Дариға Тұранқұлова облыс жастарын театр мамандығына оқытуға грант бөлу туралы ұсынысын айтты. Сондай-ақ жиында Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театрының директоры Нартай Сауданбекұлы облыстық театрдың жай-күйі туралы баяндады. Кеңесте театр репертуарының көркемдік деңгейін қалыптастыру, мәдени қызметтердің сапасын бағалау және шығармашылық ұжымдарды қолдау бағытында жұмыс жүргізілмек.
Айта кетейік, Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театры – еліміздің мәдени кеңістігінде өзіндік орны бар, тарихы терең өнер ордасы. 1934 жылы мемлекеттік театр ретінде құрылған ұжым ұлттық сахна өнерінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Алайда облыста содан бері, 80 жылға жуық уақытта бірде-бір жаңа мәдени нысан салынбағанын айтады жергілікті жұртшылық.
Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театры сахнасында өткен шараға өңір басшылығы мен белгілі өнер қайраткерлері қатысты. Өңір басшысы өнер иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірде театр өнерін қолдауға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында жаңа театр салу туралы тапсырма бергенін білесіздер. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама шығармашылық ұжымдарға тың серпін беріп, ұлттық театр өнерінің жаңа биіктерге көтерілуіне жол ашатынына кәміл сенеміз. Бүгін Семейде театр өнерін қолдау мақсатында құрылған жоғары көркемдік кеңестің алғашқы отырысы өтті. Жиында Дариға Тұранқұлова талантты жастарды театр мамандығына оқыту жөнінде ұсыныс айтты. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына облыс әкімінің грантымен оқуға жолдама беретін боламыз», деді Берік Уәли.
Мәдени іс-шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дариға Тұранқұлова, сондай-ақ жергілікті театрдың бірқатар қызметкері «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, облыс әкімінің Алғысхаттарымен, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов «Дара» медалі және Алғысхатымен марапатталды. Сонымен қатар «Ең үздік ер адам бейнесі», «Ең үздік әйел адам бейнесі» аталымдары бойынша үздіктер анықталып, Ф.Достоевский, Бекен Имаханов, Рахымжан Отарбаев, Яков Горельников, Акбарәлі Айтбаев атындағы арнайы сыйлықтар табысталды.
Мерекелік кеш аясында Абай атындағы мемлекеттік Қазақ музыкалық драма театры, Ф.Достоевский атындағы орыс драма театры және «Дариға-ай» жастар театрының ұжымдары көрермен назарына қойылымдарын ұсынды.
Абай облысы