• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Ауыл Бүгін, 09:05

Қаладан ауылға бетбұрыс

20 рет
көрсетілді

Әлемде урбанизация күшейген сайын оған қарсы үрдіс – кері урбанизация туралы әңгіме де айтыла бастады. Қаладан ауылға көшу, ауыл тіршілігін жаңғырту, өңірлер арасындағы тепе-теңдікті сақтау – күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Әсіресе аграрлық әлеуеті басым аймақтарда ауылды сақтап қалу экономиканың ғана емес, әлеуметтік тұрақтылықтың да маңызды шарты. Абай өңірінде басталған «Қаладан – ауылға» қанатқақты жобасы жаңа серпін әкелуді көздейді.

Семейде іске қосылған бастама қала тұрғындарын ауылға көшуге шақырып, қоныс аударғандарға 1,5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау ұсынады. Жобаның басты мақсаты – ауылды жандандырып, маман тапшылығын азайту,  қала мен ауыл арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Абай облысы – ауыл шаруашы­лығына бейім өңір. Мал мен егін – аймақ эконо­микасының негізгі тірегі. Сондықтан ауыл әлсіресе, оның салқыны тұтас өңірге тиеді. Ауылдағы мектептің сақталуы, меди­циналық пункттің жұмыс істеуі, жас мамандардың тартылуы да осыған байланысты.

Жобаның таныстыру форумында облыс әкімі Берік Уәли ауылдың болашағы өңір дамуының негізгі тіректерінің бірі екенін айтты.

– Мемлекет басшысы ауыл шаруа­шылығы мен ауыл әкімдерінің қызме­тіне арналған диалог-платформада «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себе­бі халқымыздың тамыры – ауыл-да» деп атап өткен еді. Жоба ауыл тұрғындарын тұрақтандыру, қала­дан ауылға қоныс аударушыларды тарту арқылы демографиялық тепе-теңдікті сақтау, ауылдағы кадр тапшылығын азайту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын жаңа мазмұнда іске асыруды көздейді, – деді өңір басшысы.

Әкімнің айтуынша, Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында қойылған тапсырмаға сәйкес облыста «EurasiaAgroSemey» ЖШС базасында қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна ет өндіретін комбинат салынып жатыр. Құны – 7,7 млрд теңге. Болашақта бұл кәсіпорын өңірде толық өндірістік циклді қамтитын ет кластерінің негізіне айналмақ.

– Абай облысы – тарихи тамыры терең, әлеуеті зор өңір. Біздің міндет – ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және ауылды эконо­микалық өсімнің тірегіне айналдыру. 2026–2028 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» жобасы көші-қон мәселесін шешетін құрал ғана емес. Бұл – ауылды жаңғыртуға бағытталған жүйелі қадам, – деді Б.Уәли.

Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспановтың айтуынша, өңірде 600 мыңға жуық халық тұрады. Соның 222 мыңы ауылдық жерде өмір сүреді. Облыста 138 ауылдық округ пен кент бар. Бастаманың негізгі тетігі – тұрғын үй мәселесін жеңілдету. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы сатып алынатын үйдің бастапқы жарнасына тұрғын үй сертификаты беріледі. Яғни бастапқы жарнаның 90 пайызына дейін облыс әкімдігі өтейді. Бұл қолдау 1,5 млн теңгеден аспайтын бастапқы жарнаға қатысты. Ауылға көшкен азаматтарды жұмыспен қамту да қарастырылған. Бұл бағытта «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Күміс жас» бағдарламалары іске қосылады. Аталған бағдарламаларда еңбекақының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Кәсіп бастауға ниетті азаматтарға гранттар беріледі. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы арқылы жергілікті өндірісті дамыту көзделген. Сонымен қатар облыс әкімінің білім гранттары ауылға қажетті мамандар даярлауға бағытталады. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуда «Ауыл аманаты», «Іскер аймақ» бағдарламалары маңызды рөл атқарады. Бұған қоса биыл іске қосылатын «Игілік» жобасы ауылдағы шағын кәсіптің дамуына серпін бермек. Мал шаруашылығын дамытуға арналған жеңілдетілген несие 6 пайызбен 7–10 жыл мерзімге беріледі. Жоба аясында бірнеше жаңа бастама ұсынылды. Яғни бюджет қаражатын жұмсамай-ақ, ірі және орта шаруашылықтар ауыл тұрғындарына мал береді. Өз кезегінде мұндай қолдау көрсеткен фермерлерге жеңілдетілген несие мен техника алуға мүмкіндік жасалады.

Көкпекті ауданы Шұғылбай ауыл­дық округінің әкімі Нұрлан Назар­хановтың айтуынша, жоба ауылға жаңа тұрғын тартуға нақты мүмкіндік береді.

– Қала өмірінен ауылға көшуге шешім қабылдағандарға әкімдік қолдау көрсетеді. Бастапқы жарнаға  1,5 млн теңгеге дейін қара­жат беріледі. Бизнес ашуға немесе мал шаруашылығымен айна­лысуға мүмкіндік бар. 6 пайызбен жеңіл­детілген несие алуға болады. Өткен жылы біздің ауылға екі отбасы көшіп келді. Бұл үлкен оқиға болды. Себебі кейінгі он жылда жаңа тұрғындар болмаған еді, – деді ол.

Жоба жарияланған соң бірқатар ауданда алғашқы қадамдар көріне бастады. Мәселен, Семей маңындағы Медеу ауылдық округінде қаладан көшіп келуге ниетті бірнеше отбасы бар. Кейбір ауылда жаңа тұрғындарға үй мен жер телімі ұсынылып жатыр.

– Біз мектеп жасындағы балалары бар отбасыларды шақырамыз. Оларға тұрғын үй, 10 сиыр және бір жылқы береміз. Тұрақты жұмысқа орналас-тырамыз, – деді Абай ауданы Медеу ауылдық округінің әкімі Еркебұлан Кеңесбекұлы.

Үржар ауданында ауыл шаруа­шылығына қажетті мамандарға арнайы ұсыныс дайындалған. Агроном, механизатор, малшы, ветеринар мамандықтарына сұраныс жоғары. Аягөз ауданының Майлин ауылдық округінде жаңа тұрғындарға арналған бірнеше үй әзір.

Семейлік белгілі инфлюенсер-сарапшы Мақсат Әлибековтің айтуынша, 2026–2028 жылдарға арналған бастама көші-қон мәселесін шешуге ғана емес, ауылдық жерлерді жаңғыртуға да серпін бермек. Жалпы, урбанизация үдерісі – объективті әрі қайтымсыз құбылыс.

– Мемлекеттік саясаттың міндеті – көші-қонды тежеп қалу емес, ауылдық аумақтардың тұрақты әрі экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қам­тамасыз ететін даму моделін қалып­тастыру. Бұл – дамыған елдердегі тәжірибеге жақын бағыт. Әрине, бізді Еуропамен, Америкамен тікелей салыстыруға болмайды. Ол елдерде қалалар бір-біріне жақын орналасқан, көптеген ауылдардың тарихы жүз жылдан асады. Ал еліміз өткен ғасырда ұжымдастыруды, кеңшарлардың ыдырауын, тоқсаныншы жылдардың ауыр кезеңін бастан кешірді. Соған қарамастан саяси бастама берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің өкілеттігін кеңейтуді, олардың кәсіби даярлығын күшейтуді және төртінші деңгейлі бюджеттерді нығайтуды қолдады. Соның нәтижесінде, салықтың бір бөлігі жергілікті жерде қалып, жол жөндеу, су жүйесін дамыту, көше жарығын орнату, спорт нысандарын, мәдениет ошақтарын салу сияқты жұмысқа  жұмсалмақ, – дейді сарапшы.

Қалай десек те «Қаладан – ауылға» бастамасы ауыл мәселесіне жаңа көзқарас әкеліп отыр. Бұл тек көші-қонды реттеу құралы ғана емес, ауылдың болашағын сақтауға бағыт­талған қадам. Ауыл – ұлттық тіршіліктің өзегі. Абай өңірінің ертеңі де сол ауылдардың тынысына байланысты. Сондықтан қаладан ауылға бет алған әрбір отбасы ауыл өмірінің жаңа тынысы болуы мүмкін.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар